Жаңалықтар

Шетелге кететін қыздар мен жат жұрттан келін әкелетіндердің саны көбейді - әлеуметтанушылар

Шетелге кететін қыздар мен жат жұрттан келін әкелетіндердің саны көбейді - әлеуметтанушылар
Фото: Коллаж El.kz 22.10.2024 16:30 431

Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда шет ел азаматымен некелескендердің саны артқан. Ұлттық статистика бюросының дерегіне қол жеткізген соң, әлеуметтанушылардың пікірін білдік.

 Мәселен, 2020 жылы 1955 қазақстандық ару жат жұрттың келіні атанса, 2021 жылы – 2535, 2022 жылы – 2595, ал 2023 жылы 2740 қыз шетелдік жігіттің етегінен ұстаған. Жігіттердің арасында да шетелден келін әкелушілер көбейді: 2020 жылы 2700 қазақстандық азамат өзге елдің азаматына үйленсе, 2021 жылы – 2999, 2022 жылы – 3116, ал 2023 жылы 3079 отандасымыз жат жұрттан қыз алған.

Әлеуметтанушылар не дейді?

Әлеуметтанушы Айдар Хамит бұл статистикадан шошынбау керегін айтады.

Бұл үлкен көрсеткіш емес. Мәселен, жылына 100 мың неке тіркелсе, бұл дерек соның 2-3 пайызын ғана құрап отыр. Динамиканың бар екені көрініп тұр, дегенмен қай ұлттың өкілдерімен неке тіркеліп жатқанын назарға алу керек. Себебі шетелде де қазақтар тұрады. Қытайда, Өзбекстанда, Моңғолияда, Ресейде және басқа да елдерде қандастарымыз бар. Бірақ олар сол елдің азаматтығымен өмір сүріп жатқандықтан, біз үшін өзге ұлт болып саналады. Ол қазақ пен қандас арасындағы неке. Ал қазақтар мен шетелдіктердің арасындағы некені бөлек көрсету керек. Қазақстан көп ұлтты ел болғандықтан аралас некенің болуы заңды құбылыс, - дейді маман.

Айдар Хамиттың ойынша, өзге ұлтпен некелесу динамикасы 10 пайызға дейін өсуі қалыпты жағдай.

Бұл елімізде репродуктивті жастардың санының азаюына алып келмейді. Өйткені,  Қазақстанға келетін миграцияны да есепке алу керек. Қазақстанда 70 пайыз қазақтар тұрады. Демографиялық тұрғыдан және көші-қон мәселесінде, әрине ол өзгерістер аралас некенің пайда болуына әсер етеді. Бұл жерде азаматтық және ұлттық деген мәселе бар. Аралас некелердің мәселесінде тілдік деген мәселені де қарастыру керек. Мәселен, 70 пайыз қазақтың 2-3 пайызы қазақ тілінде еркін білмеуі немесе мүлде білмеуі мүмкін. Сондықтан қазақ тілін білмейтіндердің арасында ғана аралас неке тіркелуі мүмкін, - дейді Айдар Хамит.

Әлеуметтанушы Нұрболат Әйекешов елімізде аралас некенің артуына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін екенін жеткізді.

Қоғамда мәдени қалыптар өзгеріп жатыр. Біріншісі – модернизация. Яғни шетелдік құндылықтарды сіңіру. Екіншісі – архаизация. Өзіміздің ескі құндылықтарды жаңғырту. Осы екі процесс қатарынан болып жатыр. Бір жағынан елімізде гендерлік теңсіздіктің көрсеткіші де бар. Егер ер жігіттер басқа ұлттан қызды алып жатса, онда ол – мақтаныш. Бізде егер қыз бала басқа ұлтқа тиіп жатса масқара деген нәрсе тағы бар. Бұл еліміздегі жаһанданудың оң жағы емес, теріс жағы да барын көрсетеді. Сонымен қатар, «фиктивный брак» деген нәрсе бар. Яғни шетелге заңсыз кетіп жатқан азаматтарымыз сол елдің азаматтығын алу мақсатында некеге тұрады. Себебі, шетелге бір рет барып жұмыс істеген адам, Қазақстанда жұмыс істей алмай қалады, еңбекақыға қанағаттанбайды. Осылайша, шетел асып басқа елге көшеді, жұмыс істейді, отбасын құрады, - дейді Нұрболат Әйекешов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға