Жаңалықтар

Шетелдік туристер Қазақстанда қанша ақша жұмсайды?

Шетелдік туристер Қазақстанда қанша ақша жұмсайды?
Фото: El.kz 04.11.2024 14:30 965

Ұлттық статистика бюросы Қазақстанға қай елден көп турист келгенін және олар елімізде қанша қаржы жұмсағанын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шетелдік туристер қанша жұмсайды?

Қазақстанға келетін шетелдік туристердің шығыны бір жылда 13,4%-ға өсті. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша өткен жылы шетелдік туристер елімізде 3,6 млрд теңге, ал 2024 жылы 4,1 млрд теңге жұмсаған. Айта кетейік, бюро мұндай зерттеулерді жылына екі рет – қаңтар және шілде айларында жүргізеді. Олар әуежайларда, автовокзалдарда және вокзалдарда кетіп бара жатқан туристер арасында сауалнама жүргізеді.

Статистика сауалнамаларға негізделетіндіктен, онда нақты шығын көлемі көрсетілмеуі мүмкін. Дегенмен бұл сандар жыл сайынғы динамикаға, құрылымға және тұтынушылардың қалауларына баға беруге жеткілікті.

Биыл шетелдік туристер жұмсаған  шығынның ең үлкен үлесі ресейліктерге тиесілі – 43,8%. Ресейліктер Қазақстанда 1,8 млрд теңге қалдырды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 8,6%-ға көп. Туристерден түскен қаражат көлемі бойынша Өзбекстан екінші орынға шықты. Биыл оңтүстік көршілер елімізде 392,8 млн теңге жұмсады. Бұл бір жыл бұрынғыдан 20 пайызға аз. Ең «табысты» туристер қатарында Түркиядан келгендер де бар. Олар Қазақстанда демалу үшін 299,7 млн ​​теңге төлеп, жыл сайынғы өсім 10,5%-ды құрады.

Бұдан бөлек, Қырғызстан, Қытай, Германиядан келетін туристер де еліміздің туризміне аз ақша жұмсап жатқан жоқ.

Шетелдік туристер Қазақстанда қанша ақша жұмсайды?

Ең көп ақшаны Алматыға қалдырады

Шетелдік туристер ең көп ақшаны Алматыға қалдырады. Бұл мегаполис биылғы жылы олардың жалпы шығындарының 21,5% құрады. Бұл ең алдымен, оңтүстік астана мен оның тау курорттары шетелдіктер арасында ең танымал туристік орын болып табылатынына байланысты. Қыркүйек айында Ranking.kz порталы орналастыру орындарына келген шетелдік туристердің 26,7 пайызы Алматыда екенін жазған.

Одан кейін екінші орында – Астана қаласы. Елорда шетелдік туристердің жалпы шығыстарының 19,3%-ын құрайды. Шетелдік туристер арасында сұранысы аз аймақтар – Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Абай облыстары. Бұл өңірлерге туристер ең аз ақша жұмсайды.  

Шетелдіктердің Қазақстандағы шығыстарының негізгі үлесін халықаралық бағытқа ұшақ, пойыз немесе автобус билеттерін сатып алу құрайды.

2024 жылы көлік шығындары жалпы шығындардың 48,8%-ын құрады. Екінші орынды дәмханалар мен мейрамханалардағы тамақтандыруға, азық-түлік сатып алуға жұмсалған қаражаттар иеленді: 699,7 млн теңге немесе 17%.

Шопингке 507,8 млн теңге жұмсаған

Тауар сату еліміздің туристік әлеуетіндегі ақша табудың бір көзі. Сондықтан шопинг туристер үшін шығыстардың ең көп капиталды қажет ететін үш баптың бірі. Биыл шетелдіктер Қазақстанда 507,8 млн теңгенің тауарын сатып алған. 2023 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш шамалы ғана өсті – 2,1%-ға. Дегенмен инфляцияны ескере отырып, тіпті теріс динамика туралы айтуға болады.

Шетелдік туристердің шығындарының рейтингісінде орналастыру орындарына жұмсалатын шығын төртінші орында – 506,3 млн теңге. Тамаққа қарағанда, тұруға аз ақша жұмсалатыны кейбір келушілердің қонақүйлерде тұрмайтынын көрсетеді. Мұны елге келіп-кеткен туристер арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесі растайды. Биыл барлық респонденттердің 50,2%-ы туыстары мен достарының үйінде тұратынын айтса, тағы 20,4%-ы пәтер жалдағанын айтқан. Респонденттердің 29,4%-ы ғана қазақстандық демалыс кезінде қонақ үйлерде, демалыс орталықтарында, санаторийлерде немесе демалыс үйлерінде тұратынын айтқан.

Туристер Қазақстанға неғұрлым  жақын орналасқан елден келсе, соғұрлым саяхатқа аз ақша жұмсайды

Қазақстанға әр елден келетін туристердің шығыны да әртүрлі болады. Туристер Қазақстанға неғұрлым  жақын орналасқан елден келсе, соғұрлым олар саяхатқа аз жұмсайды. Ал тамақ пен сыйлықтар сатып алуға соғұрлым көп жұмсайды. Ресей мен Өзбекстаннан келгендердің мысалынан осындай қорытынды жасауға болады. 2024 жылы Қазақстанға келген осы елдердің азаматтарының көлік шығындарының үлесі сәйкесінше 41,1% және 32,8% құрады. Бұл барлық келетін туристер бойынша орташа көрсеткіштен айтарлықтай төмен – 48,8%. Бірақ ресейліктер үшін азық-түлік шығындарының – 20,5%, Өзбекстан азаматтары үшін – 24,6% болған.

Бұл көрсеткіштерді алыс шет елдерден келген келушілердің шығыстарының құрылымымен салыстырып көрейік. Мысалы, АҚШ азаматтарының Қазақстанға келген кездегі жалпы шығындарының 74,4%-ы әуе билеттерін сатып алуға жұмсалған. Германиядан келген туристер үшін көлік шығындарының үлесі – 62,7%, БАӘ азаматтары үшін – 68,1% болған. Мұндай келушілер шопингке сәйкесінше азырақ бөлігін жұмсады. Елімізге АҚШ-тан келетін туристер – 4,5%, БАӘ-ден келетін туристер – 7,7% шығынын шопингке жұмсайды.

Сауалнама нәтижесінде жасаған сандық деректер елімізге келетін туристердің нақты шығының көрсетпейді. Тек орташа есеп жұргізіледі. Сондықтан алыс шет елден келген туристердің билеттерге, Қазақстан ішіндегі саяхаттарға, сыйлықтар мен кәдесыйларға жұмсайтын орташа шығыны ТМД елдерінен келген туристердікінен жоғары болуы мүмкін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға