Жаңалықтар

Шетелдік маман астаналықтардың кітап оқуға деген қызығушылығын жоғары бағалады

Шетелдік маман астаналықтардың кітап оқуға деген қызығушылығын жоғары бағалады
Фото: Автор 19.04.2023 15:44 1000

Елордада VI мәрте «Eurasian Book Fair-2023» Еуразиялық халықаралық кітап-көрме жәрмеңкесі өтіп жатыр. Оған қатысуға шетелдік баспалар да келді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жәрмеңкеге қатысушылардың бірі – «Феникс» баспасы. Аталған кәсіпорынның дамыту бөлімі директорының орынбасары Наталья Березина мұндай ауқымды көрмеге алғаш рет келгенін алға тартты.

Біз Қазақстандағы кітап саласы нарығына белсене атсалыса бастадық. Бұған дейін өткен жылы Алматы қаласындағы көрмеге қатыстық. Енді, міне, Астана қаласына келіп отырмыз. Негізі баспамыздың кітап ассортименті 4000-нан астады. Бірақ жәрмеңкеге 150-200 шақты кітапты ғана алып келдік, - дейді Наталья Александровна.

Сондай-ақ ол кітап көрмесі ашылғалы оқырмандардың көптеп жиналып жатқаны жайлы және тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығы жоғары екенін айтты.

Таңертең сағат 10:30-ға қарай көрмеге қаншама оқырман қауым жиналды. Бұған қарап астаналық тұрғындардың кітап оқуға деген құлшынысының жоғары екендігін байқауға болады. Жәрмеңкеге келген оқырмандар балалардың миын, ойлау қабілетін дамытуға, ересектерге арналған түрлі жанрдағы қызықты басылымдарға қол жеткізе алады. Осылайша біз қазақстандықтармен білім саласында тәжірибе алмасып, қарым-қатынасымызды одан әрі нығайта түсетініміз анық, - деді Наталья Березина.

Айта кетейік, «Феникс» баспасының өкілдері Еуразиялық халықаралық кітап-көрмесінде 20 сәуір күні сағат 16:00-де «Балалар әдебиетінің тренді» жөнінде айтып, өз тәжірибесімен бөлісетін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға