ortcom

Шетелдік инвесторлардың ШҚО туризміне қызығушылығы артты

20.11.2025 13:15

Шығыс Қазақстан облысы келесі жылы шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды белсенді дамытуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, соңғы уақытта әсіресе туризм саласына қызығушылық күрт артқан. Түрлі елден инвесторлардан осы бағытқа қатысты ұсыныстар жиі түсіп жатыр. Сонымен қатар облыстың табиғи ерекшелігі гидроэнергетика саласын дамытуға қолайлы жағдай жасайды.

Біздің өңірде 92 шағын және орта қуатты гидроэлектр станциясын салуға мүмкіндік бар. Себебі еліміздегі су ресурстарының 40 пайызы дәл осы облыс аумағында орналасқан. Бұл бағытқа қызығушылық танытып отырған инвесторлар өте көп. Әр ұсыныс арнайы құрылған жұмыс тобы арқылы жеке қаралады, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Өңірде инвесторларға қолдау көрсету үшін инвестициялық штаб пен құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істейтін арнайы ресми кеңес құрылған. Бұл құрылымдар жобалардың іске асуын толық бақылап, инвесторларға барлық кезеңде сүйемелдеу қызметін көрсетеді.