Шетелдік интернет-компаниялар ел бюджетіне 48,6 млрд теңге салық төледі
Қазақстанның мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, 2025 жылы елімізге қызмет көрсететін шетелдік интернет-компаниялар қосымша құн салығы (ҚҚС) ретінде 48,6 миллиард теңге аударған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Цифрлық қызметтерге салық салу тәртібі 2022 жылдан бастап енгізілгелі бері шетелдік компаниялар Қазақстан қазынасына жалпы 118,4 миллиард теңге көлемінде төлем жасаған.
Қазіргі таңда елімізде онлайн қызмет ұсынатын немесе интернет арқылы тауар сататын 118 шетелдік компания 12% ҚҚС төлеуші ретінде тіркелген. Биыл бұл тізімге тағы 20 жаңа ұйым қосылған. Олардың қатарында:
- Chess.com - шахмат әуесқойларына арналған халықаралық онлайн-платформа;
- OpenAI - ChatGPT жасанды интеллект жүйесін әзірлеуші компания;
- Canva Pty Ltd - танымал онлайн-дизайн құралы;
- Microsoft Ireland Operations Limited - Microsoft корпорациясының еуропалық бөлімшесі;
- Canyon Bicycles GmbH - спорттық велосипед өндірушісі.
2025 жылы ең ірі салық төлеушілер тізімінде келесі компаниялар көш бастап тұр:
- Valve Corporation (Half-Life, Counter-Strike, Dota 2 әзірлеушілері) - 8,6 млрд теңге;
- Apple - 8 млрд теңге;
- Temu - 6,2 млрд теңге.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, мұндай салық саясаты Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) стандарттарына толық сәйкес келеді.
Салыстыра кетсек, Өзбекстан 2020 жылдан бері шетелдік цифрлық сервистерден 12% ҚҚС ұстаса, Қырғызстан бұл жүйені 2022 жылы енгізген. Ал Ресейде 2024 жылдан бастап мұндай қызметтерге 18% ҚҚС мөлшерлемесі белгіленген.
Комитет өкілдерінің айтуынша, бұл тәжірибе цифрлық экономиканың дамуына бейімделіп, елдің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

