telegraph.co.uk

Шетелдік басылым Бозжыра шатқалын жаһандық үздік ондыққа қосты

21.02.2026 12:14

Британдық беделді The Telegraph басылымы Қазақстанның інжу-маржаны саналатын Маңғыстау өңіріндегі Бозжыра шатқалын «Әр адам өмірінде бір рет болса да көруі тиіс әлемдегі ең әсерлі 10 шөл» тізіміне енгізді. Бұл – өңір туризмі үшін тарихи маңызы бар жаңалық әрі еліміздің табиғи мұрасына берілген жоғары халықаралық баға болып отыр.

Басылым Бозжыраны Үстірт қыраты аумағында орналасқан бірегей геологиялық өңір ретінде сипаттайды. Миллиондаған жылдар бұрынғы ежелгі мұхит табанының ізі сақталған бұл аймақта зәулім жартастар, борлы мұнаралар мен әктасты түзілімдер теңіз түбін елестететін таңғажайып ландшафт қалыптастырған. Табиғаттың өзі сомдаған алып мүсіндер күн сәулесіне қарай құбылып, ақ, сары және қызғылт реңктерге енеді.

Бозжыра – тек көз тартар көрініс қана емес, ғылыми және тарихи тұрғыдан да құнды мекен. Мұнда палеонтологиялық іздер, ежелгі теңіз жәндіктерінің таңбалары кездеседі. Жер бедерінің алуан түрлілігі саяхатшыларға, фотографтарға және зерттеушілерге ерекше шабыт сыйлайды.

Басылымда Ақтау қаласынан жол талғамайтын көлікпен ғана жетуге болатын бұл өңірдің туризмді дамыту кезеңіне аяқ басқаны атап өтіледі. Болашақта инфрақұрылымды жетілдіру – теміржол станцияларын салу, жаңа әуежай ашу және демалыс орындарын көбейту жоспарланып отыр. Бұл бастамалар Маңғыстаудың туристік әлеуетін арттырып, халықаралық саяхатшылар ағынын көбейтпек.

Сонымен қатар, мақалада табиғи тыныштық пен тұмса қалпын сақтап тұрған Бозжыраға туристердің жаппай ағымы басталмай тұрғанда барып үлгеру керектігі айтылады. Авторлар өңірдегі геологиялық ғажайыптардың құндылығы жер қойнауынан алынатын пайдалы қазбалардан әлдеқайда жоғары екенін ерекше атап өтеді.

Мұнай мен газ өндірісімен танымал Маңғыстауда назарды өндірістік нысандардан бұрып, түрлі-түсті жолақты тауларды, алып тас шарларға толы аңғарларды және күрделі жерасты мешіттерін тамашалауға болатыны да сөз болады. Бұл – табиғат пен тарих үндескен ерекше кеңістік.

Бозжыраның жаһандық рейтингке енуі Қазақстанның табиғи туризм бағытындағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Шөлейтті өлкенің қақ ортасындағы бұл ақ әлем – саяхатшы үшін де, суретші үшін де, зерттеуші үшін де ұмытылмас әсер сыйлайтын мекен.