Жаңалықтар

Шетелдегі отандастарымыз Түркістанның қасиетті жерлерін аралады

Шетелдегі отандастарымыз Түркістанның қасиетті жерлерін аралады
29.11.2018 06:02 2075

Түркістанда шетелдік отандастарымыздың қатысуымен «Қасиетті Қазақстан: Туған жерге тағзым» атты еліміздегі киелі жерлеріне тарихи-танымдық экскурсиялар сериясы басталды.

Жоба аясындағы алғашқы тарихи-танымдық экскурсия түркі әлемінің астанасы Түркістан қаласында өтті. Шараға 15 шақты алыс-жақын шетелдерден келген 30-ға жуық отандасымыз қатысты. Оларға Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан Баб кесенелері мен өңірдің басқа да көрікті жерлері таныстырылды.

«Қасиетті Қазақстан: Туған жерге тағзым» жобасы аясында Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақстанның киелі жерлері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

«Отандастар Қоры» КЕАҚ Президенті Нұртай Әбіқаев «Туған жерге тағзым» іс-шарасы Қазақстан Республикасының Үкіметімен бекітілген Шетелдегі қазақтарды қолдау жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылып жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар, бүгінгі таңда 5 миллионнан астам қандасымыз шет мемлекеттерде тұрып жатқанын тағы бір еске салып өтті.  

Шара барысында шетелдік отандастарымыз «Қасиетті Қазақстан: Туған жерге тағзым» арнайы жобасына қатысу мүмкіндігі үшін алғысын білдіріп, өздерін толғандыратын бірқатар мәселелері мен ұсыныстарын да айтып өтті. Мәселен, Франциядағы Мұстафа Шоқай француз-қазақ достық қоғамының басшысы Яшар Динч мырза Наурыз мейрамын әр жылы әр елде өткізу туралы ұсыныс білдірді. Оның айтуынша, бірлесіп өткізген ұлттық мейрамның шетелдегі қазақтар үшін салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтау үшін маңызы зор болмақ. Сонымен қатар, франциялық отандасымыз тіл мәселесінің де өте өзекті екенін жеткізіп, шетелдегі ұстаздар қатарын көбейту керектігін айтты.

Тіл мәселесіне қатысты алаңдаушылықты Тәжікстан еліндегі қазақ диаспорасының өкілі Зәуре Саминова да білдірді. Сонымен бірге, тәжікстандық отандасымыз қазақ тілінде шығатын оқулық-кітаптардың басылымдық нұсқаларына қол жеткізсек деген ниет айтты. Бұған басты себеп – Тәжікстанның ауылдық жерлерінде жарық тәулігіне 2 сағат берілетіндіктен, электронды оқулықтарды тұтыну мүмкін емес.

Моңғолия-Қазақстан достық және ынтымақтастық одағының төрағасы Ағыпарұлы Бәкей мырза шетелдік қазақтардың басты мәселесі ұлттық-рухани құндылықтарды сақтауға саятынын жеткізді. Осы ретте дүние жүзінде тарыдай шашылған қазақтардың мәселелері мен мұқтаждарын ғылыми тұрғыда зерттеуді ұсынды.

«Қасиетті Қазақстан: Туған жерге тағзым» тарихи-танымдық экскурсияларды алдағы бес жылда еліміздің өзге де өңірлерінде жүйелі түрде өткізу жоспарда бар. Жақын арада жоба Ақтау, Павлодар, Алматы және т.б. қалаларды қамтитын болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, киелі жерлерді жақыннан танып, жіті зерттеу арқылы шетелдік қандастар тарихи отанының өткеніне үңіліп, еліміздің мәдениетіне, өнеріне және халықтық дәстүрлеріне етене жақындай түседі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға