Жаңалықтар

Шетелде жүрген қазақстандықтарға арналған портал ашылды

Жаңа сайт
16.09.2016 06:56 3837

Ғаламторда шетелде тұратын қазақстандықтарға арналған «Көшпенділер» платформасы ашылды.

Шетелде жүрген қазақстандықтарға арналған портал ашылды

Сайтты жасаушылар порталдың негізгі мақсаты шетелдегі қазақстандықтардың өз жерлестерімен байланысқа шығуына мүмкіндік беру екендігін айтады. «Көшпенділер» платформасына тіркелген жандар отандастарымен тілдесіп, кеңесе алады.

Жоба жетекшісі Юлия Юриш сайттың ашылу процесі туралы былай дейді:

Біз бұл сайтты өткен жылдың мамыр айынан бастап ойластыра бастадық. Жыл бойы материалдар жинақтадық. Өткен жылы Қазнетте шетелде жүрген қазақстандықтар туралы көптеген материалдар жарияланды. Бұл осы тақырыптың өте өзекті тақырып екендігін байқатты. Біз «Көшпенділерде» осыған дейін жарияланған материалдардың басын біріктіріп, сондай-ақ, әлемнің әр түкпірінде жүрген отандастарымыздың интерактивті картасын құруды көздеп отырмыз. Бұл алдағы уақытта шет мемлекеттерге баратын азаматтардың өзге елден отандастарын тез тауып алуына мүмкіндік береді.

Жобаға тіркелу тегін. Ұйымдастырушылар шетте жүрген қазақстандықтармен байланысып, олардан жобаға кіру туралы келісімін сұрайды. Болмаса, платформаға тіркелгісі келетін азаматтар өздері ұсыныс білдіре алады. Сайтта өзінің басынан кешкен оқиғаларын баяндаған жандар өздерінің байланыс телефондары мен поштасын жазып қалдырады. Оған өзгелер солар тұратын ел туралы сұрақтарын қояды.

Қазір порталда әлемнің 10 елінде тұрып жатқан 25 отандасымыз тіркелген. Олардың арасында Жапония, Мексика, Ресей, АҚШ-та тұратын қазақстандықтар бар. Олар өз парақшаларында шетелде қалай жұмыс пен баспана тапқандарын, тілді қалай үйренгендерін егжей-тегжейлі баяндаған.


Дереккөз: Tengrinews.kz

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға