Жаңалықтар

Шетелде доп тебеді...

ТОП-5. Өзге елдің футбол лигасында ойнайтын қазақстандықтар
Шетелде доп тебеді...
16.04.2019 14:56 6118

Футбол қазір әлем көз тігетін ең танымал спорт түріне айналды. Ол салауатты өмір салты ғана емес, ең табысты кәсіп көзінің бірі. Мәселен, Қазақстан Премьер-лигасы әлемдегі «қалталы» ТОП-30 лиганың қатарына кіреді. Сол себепті, біздің жергілікті ойыншылар шетел асып, өзге елдің лигасында доп тебуге аса  қызығушылық танытпай жүр. Немесе керісінше, ол лига командалары қазақстандық теңбілдопшылардың көмегіне зәру емес. Десе де, шетелдік тәжірибенің орны бөлек. Біз бұл тізімге жас болса да, өзге елдің ала доп турнирінде бақтарын сынап көруге қорықпаған ойыншыларды қостық. Сонымен, олар кімдер екен?

Бахтиер Зайнутдинов – 21 жас («Ростов», Ресей)

Бахтиерді қазақ футболынан хабардар кез келген жанкүйер біледі. Олай дейтініміз, ­­ол болашақ қазақ футболының жұлдызына айналуға қауқарлы аяқдопшы. Тараз футбол мектебінің түлегі 19 жасында Премьер-лига ойындарына алғаш рет қатысты. Тек қатысып қана қоймай, сол жылдың «Үздік жас ойыншысы» атағымен қоса, «Маусым жаңалығы» номинациясын да иеленген еді. Мұндай жарық жұлдызды еліміздің үздік футбол клубы қалай жіберіп алсын. Бірден іске араласқан «Астана» Зайнутдиновке құда түсіп, аттай қалап, өз қатарына алды. Осы команданың жейдесінде өткізген алғашқы ойында ол «Ертіс» қақпасына үш гол салып, хет-триктің авторы атанған болатын. 2018 жылғы маусымда «Астана» сапында 27 кездесу өткізіп, 5 гол салған жас талант осы жылы ресейлік «Ростовқа» ауысты. Бахтиердің бұл клубқа ауысуының өзі үлкен оқиға. Футболшы «Астана» командасынан 45 миллион теңгедей тұратын өзінің келісімшартын сатып алған. Бахтиер бүгінге дейін «Ростов» сапында 5 ойын өткізді. Жан-жақты, қос қапталда да өнер көрсетуге бейімі бар, қорғаныста да, «ондық» рөлінде де керемет ойнай білетін Зайнутдинов әлі өзін жақсы қырынан көрсетеді деп сенеміз. Себебі, «Ростов» бұл ала доп шеберін мықты лигалардың біріне «сатып», өз қазынасын толтыруды көздейтіні белгілі.

Бахтиер Қазақстан бас командасының негізгі құрам ойыншыларының бірі. Ол құрама жейдесін 2018 жылдың 23 наурызында киді. Венгрияға қарсы өткізген бұл жолдастық ойында алғашқы голына көрімдік сұрады. Қазірге дейін ұлттық құрама сапында 11 кездесу өткізіп, 4 голдың авторы атанып отыр. Қазақ футболы тағы бір талантпен толықты деуге толық негіз бар.

Еркебұлан Сейдахмет  – 19 жас («Левски», Болгария)

Тағы бір Тараз футбол мектебінің түлегі Еркебұлан Сейдахмет «Қазақтың Мессиі» лақап атын алып, ел футболын алға сүйрейтін талант ретінде танылып үлгергелі қашан. Ол 2017 жылы Гранаткин мемориалында ширақ қимылдарымен көптің сүйіспеншілігіне бөленіп, турнирдің үздік шабуылшысы атағын жеңіп алған еді. Еркебұланның физикалық мүмкіндіктері, жасыл алаңды көре білуі мен қарсыласты айналып өтудегі түрлі айла-амалдары оның «қазақ Мессиі» деп танылуына себепкер болғандай.

Ілгеріде аталған турнирден соң, Сейдахмет петербургтік «Зениттің» жастар құрамасына шақырту алып, наурыз айында осы командамен бірге Италияда өткен Viareggio Cup  турниріне қатысты. Алғашқы ойында-ақ «Атлетик Юнион» клубының қақпасына жарты сағаттың ішінде төрт допты тоғытып, покердің авторы атанған еді. Voetbalzone.nl нидерландық портал Еркебұланның есімін болашағы зор әлемдік футболшылардың қатарына қосты. Десе де, «Зенит» ФИФА-ның өзге елдің 18 жасқа толмаған футболшысымен келісімшартқа отыруға болмайтын қағидасынан асып кете алмай,  қазақтың жас талантын еліне жіберді. Сейдахмет клубтық мансабын 2017 жылы «Тараз» командасының сапында бастады. «Тобылға» қарсы ойын өткізіп, ересектер лигасына дайын екенін көрсетті. Сол жылы 15 кездесуге қатысып, 1 голдың авторы атанды.

2018 жылы 18 жасқа толған Сейдахмет ресейлік «Уфа» клубымен келісімшартқа отырды. Ал 10 наурыз күні «Анжиге» қарсы ойында жасыл алаңға шығып, РФПЛ-дың ресми ойындарына қатысушы 2000 жылы туған алғашқы футболшы болды. Алайда, Еркебұлан жиі жарақат алып, уфалық клубтың сапында үш қана кездесу өткізіп, осы жылы болгариялық «Левски» клубына жалға берілді.  Шымкенттік «Ордабасы» клубын жаттықтырған Дерменжиев баптайтын «Левкси» сапында Сейдахмет екі ойын өткізді. Десе де, тағы жарақат алып қалған «қазақ Мессиі» бірнеше кездесулерді өткізуге мәжбүр.

Ал ұлттық құрама жейдесін 2018 жылы 23 наурыз күні Будапеште өткен Венгрияға қарсы кездесуде киді. 3:2 есебімен аяқталған ойында жеңіс добын соғып, ең жас гол авторы атанған қазақстандық футболшы ретінде тарихқа енді. Ұлттар лигасында Станимир Стоилов жаттықтыратын Қазақстан құрамасының бірнеше ойындарына қатысып, Андорра қақпасына алғашқы голды тоғытты. Өкінішке қарай, Сейдахмет келесі Латвияға қарсы өткізетін кездесудің жаттығу жиындарында ауыр жарақат алып, жарты жылға жуық уақытын ем алумен өткізді. Қазақ футболының тағы бір болашақ жұлдызы жарақаттардың жетегінде кетпей, өз ойынын табады деп үміттенеміз.

Акмаль Бахтияров – 20 жас («Сочи», Ресей)

Алматылық «Қайрат» академиясының түлегі Акмаль осы клубтың жастар сапында тартымды ойын көрсетіп, болшағынан мол күттірген еді. Көп өтпей ол халық командасының негізгі құрамынан орын алып, ҚПЛ-да жасындай жарқылдауы мүмкін деген үміт пен сенім болғаны рас. 2018 жылы 18 сәуірде Акмаль Қазақстан кубогы турнирінде «Оқжетпеске» қарсы ойын өткізіп, «Қайраттың» бас командасының сапында жасыл алаңға шыққан еді. Бұл турнирде барлығы 4 ойын өткізіп, «Ертістің» қақпасына салынған бір голдың авторы атанды. Сол жылы «Қайрат» кубоктың иегері болғанымен, Бахтияров финалдық кездесуге қатысқан жоқ. Белгісіз себептермен, ол 2018 жылдың қыркүйегінде «Қайраттың» сапынан кетіп, Арменияның жоғары дивизионында өнер көрсететін «Арах» клубына ауысты. Бұл чемпионаттағы алғашқы ойынын 23 қыркүйек күні «Ширакқа» қарсы өткізіп, тамаша ойынымен көзге түсті. «Арах» сапында 8 кездесуге қатысып, үш голдың авторы атанды. 2019 жылдың басында Ресейдің бірінші дивизионындағы «Сочи» клубының жейдесін киді. Бұл турасында футболшының өзі былай дейді:

«Арменияның футбол лигасына ауысып келгеніме ешқашан өкінбеймін. Бала кезімнен шетелдік мықты клубтарда ойнасам деп армандайтынмын. Қазақстанда бірінші және екінші лигада ғана ойнағанымды есепке алсам, бұл менің шетелдік тәжірибемнің алғашқы қадамы деп қабылдаған дұрыс. «Сочиге» ауысуыма да аяқ асты орын алды. «Арахтың» ойындарын қарауға ресейлік клубтың мамандары келіп, мені командаға шақырды. Ресейдің бірінші лигасының деңгейі қандай екенін көпшілік жақсы біледі».

Әзірге Акмаль, «Сочи» сапында бір ғана ойында алаңға шықты. Ол Қазақстанның жасөспірімдер және жастар құрамасында доп тепкен. Алайда, «Қайраттан» кеткен соң, Бахтияровтың есімі құрамадан мүлде сызып тасталынған еді. Наурыз айында шығарылған Қазақстанның бас бапкері Михал Билектің кеңейтілген тізімінен Акмальды көруге болады.

Владислав Васильев –  21 жас («Энергетик-БГУ», Беларусь)

Қарағандылық «Шахтер» клубының түлегі өткен жылы Беларусь елінің екінші лигасында жасындай жарқылдады. Владислав Васильев барлығы 28 кездесу өткізіп, он голдың авторы атанды. Сәтті маусымнан кейін оны БАТЭ оқу-жаттығу жиындарына шақырған. Алайда, бар шеберлігін ортаға салса да, қарағандылық теңбілдопшы чемпиондардың көңілінен шықпаса керек. Ол қайта «Энергетик-БГУ»-ге оралып, ойын тәжірибесін толықтыруды ойласа керек. Биылғы футбол маусымына дайындық кезінде Владислав командасының барлық жолдастық кездесулеріне қатысып, бірнеше голдың авторы да атанып үлгерді. Осы қарқынын жоғалтпаса оны Қазақстан бас құрамасынан көріп қалуымыз мүмкін. Владислав өз командасында 10-нөмермен ойнайды. Жейденің артындағы футболшының нөмерінің аса маңызы болмаса да, ол әркімге беріле бермейтін сан екенін жақсы білеміз.

By.tribuna.com сайты Васильев жайлы жазған мақаласында оның жоғары жылдамдығын ерекше атап өткен еді. «Жоғары жылдамдыққа ие, қапталдан дәл пас жеткізуге шебер ойыншы беларусь «элитасының» деңгейінде ойнай алады», ­деп жоғары бағалаған.

Валдислав бұған дейін Қазақстанның U-17 және U-19 жасөспірімдр құрамасында ойнаған. 22 жастағы футболшы қазірге дейін өз клубының сапында негізгі құрамда үш кездесу өткізіп үлгерді.

Жохонгир Ходжамов –  23 жас («Энергетик-БГУ», Беларусь)

Жохонгир Түркістан қаласының тумасы. Алайда, ол бір жасқа келгенде, ата-анасымен тарихи Отаны Өзбекстанға қоныс аударады. 11 жасқа толған Ходжамов Ташкенттегі «Чиланзар» футбол мектебіне келіп, осы спортпен кәсіби түрде айналыса бастайды. Екі жылдан соң, «Бунедкордың» сапына алынып, Өзбекстанның екінші футбол лигасында доп тебеді. Көп өтпей, Жахонгир осы клубтың жастар құрамына қосылып, тартысты футбол кездесулерінде бақ сынады. 2016/17 жылғы маусымда Қазақстанға оралған Жахонгир бірінші лигада ойнайтын «Қыранның» жейдесін киді. Ал оның беларусьтік «Энергетик-БГУ» сапына қосылуы тіпті тосын жайт. Жоғары оқу орнын таңдау барысында Жохонгир сол қаланың университетіне құжат тапсырып, қабылданады.

«Оқу орнына түскен соң, «Энергетик-БГУ» клубына барып, бар біліктілігімді көрсеттім. Жаттықтырушыға ұнап, мені командаға алатын болды. Егер оқу іздеп келмесем, бұл клубта ешқашан ойнамас едім», – дейді футболшы.

Өткен жылғы жетістіктен соң, «Энергетик-БГУ» Беларусь елінің жоғары лигасына жолдама алған еді. Қазір Ходжамов отандасы Владислав Васильевпен бірге осы клубтың жаңа тарихын жазуға ат салысып жатыр. Жохонгир Қазақстанның жастар құрамына шақырту алып, бірнеше кездесулерде сары жейдеде өнер көрсетті. Бүгінге дейін, Беларусь жоғары лигасында екі кездесуге қатысып үлгерді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға