depositphotos.com

Шетелде тегін білім алудың тиімді жолдары

18.08.2025 17:00

Бүгінде қазақстандық жастардың шетелде тегін білім алуына мүмкіндік беретін түрлі халықаралық бағдарламалар бар. Әлемнің беделді университеттерінде оқып, жаңа тәжірибе жинақтап, кәсіби көкжиегін кеңейтуді армандайтын талапкерлер үшін мұндай гранттар үлкен қолдау бола алады. El.kz интернет порталы жастарға арналған ең танымал бағдарламалардың қатарын тізіп шықты.

Түркия

Türkiye Bursları – Түркияда бакалавриат, магистратура, докторантура және ғылыми-зерттеу бағыттары бойынша білім алғысы келетін шетелдік студенттерге арналған мемлекеттік бағдарлама. Бұдан бөлек, белгілі бір саладағы мамандарға арналған арнайы бағдарламалары да бар.

Бағдарламаға түлектер, 11-сынып оқушылары, оқуы тамыз айының соңына дейін аяқталатын студенттер, зерттеушілер мен академиктер қатыса алады. Үміткерлер өтінім беру кезінде бірден 12 оқу орнын таңдауға құқылы.

Түркия азаматтары және қазір сол елде оқып жатқан шетелдік студенттер бағдарламаға үміткер бола алмайды.

Бағдарламаның артықшылықтары

Ай сайынғы шәкіртақы мөлшері:

  • Бакалавриат – 4 500 лира;
  • Магистратура – 6 500 лира;
  • Докторантура – 9 000 лира;
  • Үздік үлгерімі бар студенттерге шәкіртақы екі есе көбейіп төленеді;
  • Зерттеу саласына байланысты стипендия айына 25 000 лираға дейін жетуі мүмкін.

Тұратын орын:

Шәкіртақы иелері мемлекеттік KYK жатақханаларында немесе жеке жатақханаларда тұра алады. Пәтер жалдап тұратын студенттерге қосымша тұрғын үй көмегі беріледі.

  • Бакалавриат студенттері оқуы аяқталғанша жатақханада тегін тұрады.
  • Магистратура және докторантура студенттері оқудың алғашқы жылында жатақханамен қамтамасыз етіледі.
  • Кейінгі жылдары тұрғын үй көмегі төленеді: Ыстамбұл мен Анкарада – 4 000 лира, басқа қалаларда – 3 000 лира.

Медициналық сақтандыру:

Барлық шәкіртақы иесіне тегін медициналық сақтандыру беріледі.

Түрік тілін үйрену:

Оқу түрік тілінде өтетін студенттерге бір жылдық тегін түрік тілі курсы қарастырылған. Бұл курс барлық шетелдік студентке міндетті және C1 деңгейіндегі сертификат алумен аяқталады.

Әуе билеттері:

Шәкіртақы орталығы студенттің Түркияға келу және оқу бітірген соң еліне қайту билеттерін қамтамасыз етеді.

Қатысу шарттары

Жас шектеулері:

  • Бакалавриат – 21 жасқа дейін;
  • Магистратура – 30 жасқа дейін;
  • Докторантура – 35 жасқа дейін;
  • Зерттеу бағдарламалары – 50 жасқа дейін.

Академиялық көрсеткіштері:

  • Бакалавриат – кемінде 70%;
  • Магистратура және докторантура – кемінде 75%;
  • Медицина, стоматология, фармацевтика – кемінде 90%.

Оқу ұзақтығы (бір жылдық түрік тілі курсын қоспағанда):

  • Бакалавриат – 4-5 жыл,
  • Магистратура – 2-3 жыл,
  • Докторантура – 3-4 жыл.

Егер студент осы мерзімде оқуын аяқтап үлгермесе, қосымша уақыт беріледі:

  • Қарапайым мамандықтар үшін – 1 жыл,
  • Медицина, стоматология және фармацевтика үшін – 2 жыл.
    Бұл жағдайда шәкіртақы мөлшерінің тек 50%-ы төленеді.

Өтінім беру тәртібі

Бағдарлама іріктеу екі кезеңнен тұрады:

  1. Онлайн өтінім беру;
  2. Сұхбаттасудан өту.
  • Бакалавриат, магистратура және докторантураға өтінімдер 10 қаңтар – 20 ақпан аралығында қабылданады.
  • Наурыз-мамырда бірінші кезеңнің нәтижесі шығады.
  • Маусым-шілдеде сұхбаттасу өтеді.
  • Тамыз айының басында шәкіртақы иегерлері анықталады.

Үміткерлердің академиялық үлгерімі, ғылыми-зерттеу жетістіктері, қоғамдық және кәсіби белсенділігі бағаланады. Барлық нәтиже талапкердің электронды поштасына және жеке кабинеті арқылы жіберіледі.

 

Нидерланд

NL стипендиясы – Нидерландтың Білім, мәдениет және ғылым министрлігі мен елдің беделді университеттері және қолданбалы ғылымдар университеттері бірлесе қаржыландыратын атаулы білім гранты. Бағдарлама дарынды жастарға Нидерландыда білім алу арманын жүзеге асырып, халықаралық тәжірибе жинауға жол ашады. Бағдарлама Еуропалық экономикалық аймаққа кірмейтін бакалавриат пен магистратура деңгейінде оқуға ниетті жастарға арналған.

Бағдарлама жайлы:

  • Қаржыландырушы: Нидерландтың Білім, мәдениет және ғылым министрлігі, сондай-ақ елдегі жоғары оқу орындары мен қолданбалы ғылымдар университеттері.
  • Стипендия мөлшері: 5 000 еуро (оқудың алғашқы жылында беріледі).
  • Оқу ақысы толық өтелмейді.

Іріктеу шарттары:

  • Өтініш беруші Еуропалық экономикалық аймақ елдерінің азаматы болмауы тиіс.
  • Қатысушы университеттердің бірінде толық бакалавриат немесе магистратура бағдарламасына құжат тапсыруы керек.
  • Таңдаған оқу орнының барлық талаптарына сәйкес болуы қажет.
  • Бұған дейін Нидерландыда диплом алмаған болуы шарт.

Өтініш беру мерзімі:

  • 2025-2026 оқу жылына құжат қабылдау басталды.
  • Нақты мерзімі әр университеттің ережесіне байланысты, сондықтан толық ақпаратты таңдаған жоғары оқу орнының ресми сайтынан қарау қажет.

Қытай

Қытай үкіметі жыл сайын Қазақстан азаматтарына арнайы білім гранттарын бөледі. Бағдарлама аясында құжат қабылдайтын университеттердің толық тізімі ресми сайтта жарияланады.

Грант иелеріне берілетін мүмкіндіктер

  • Университет жатақханасы тегін беріледі;
  • Ай сайынғы шәкіртақы мөлшері:
  • Бакалавриат – 2 500 юань,
  • Магистратура – 3 000 юань,
  • Докторантура – 3 500 юань;
  • Жыл сайын медициналық сақтандыруға бөлінетін қаржы – 800 юань (бір адамға).

Қазақстан азаматтары оқуын аяқтағаннан кейін елге оралып, кемінде бір жыл жұмыс істеуі міндетті.

Бағдарлама талаптары

  • Бакалавриатқа – 25 жасқа дейін;
  • Магистратураға – 35 жасқа дейін;
  • Докторантураға – 40 жасқа дейін.

Тіл талаптары:

  • Бакалавриатқа түсу үшін қытай тілін білу міндетті емес. Алдымен бір жылдық қытай тілі курсын оқуға болады;
  • Егер оқу ағылшын тілінде болса, онда төмендегідей сертификаттардың бірін ұсыну қажет: IELTS – 5.5, TOEFL – 46.

Өтінім қабылдау мерзімі

Бағдарламаға құжат қабылдау 2025 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында өтеді. Дегенмен әр университеттің өз ішкі кестесі бар, сондықтан құжат тапсыру мерзімі әртүрлі күндері аяқталуы мүмкін.

Германия

Германияда магистранттар мен докторанттарға білім алуға мүмкіндік беретін DAAD бағдарламасы бар. Бұл бағдарламаға дамушы елдердің азаматтары қатыса алады. Тізімге Қазақстан да кіреді.

Бағдарлама Германия Сыртқы істер министрлігінің қаржыландыруымен жүзеге асады және жыл бойы жалғасады. Арнайы сайтта құжат қабылдайтын мамандықтар мен университеттердің толық тізімі мен нақты дедлайндар жарияланады.

Бағдарламаның мүмкіндіктері

  • Магистранттарға ай сайын 934 еуро, докторанттарға 1300 еуро шәкіртақы төленеді;
  • Денсаулық және жазатайым жағдайлардан сақтандыру қамтамасыз етіледі;
  • Көлік және тұрғын үй шығындары өтеледі;
  • Германияда академиялық тәжірибеден өтуге мүмкіндік береді;
  • Бағдарлама иегерлері құнды халықаралық тәжірибе жинап, мансаптық мүмкіндіктерін кеңейте алады.

Үміткерлерге қойылатын талаптар

  • Сауалнама, түйіндеме және мотивациялық хат;
  • Мамандық бойынша кемінде 2 жыл жұмыс тәжірибесі және жұмыс берушінің ұсыным хаты;
  • Ағылшын немесе неміс тілін меңгергенін растайтын сертификат;
  • Академиялық дәрежесі мен транскрипттердің көшірмелері.

2025-2026 оқу жылына арналған бағыттар

  • Инженерлік және сабақтас ғылымдар;
  • Аймақтық және қалалық жоспарлау;
  • Жаратылыстану ғылымдары және қоршаған ортаны қорғау;
  • Медицина және денсаулық сақтау;
  • Әлеуметтік ғылымдар, білім және құқық.

Оқу ұзақтығы

Шетелдік студенттер үшін оқу мерзімі таңдалған бағдарламаға байланысты 12 айдан 36 айға дейін созылуы мүмкін.

Жапония

MEXT (Ministry of Education, Culture, Sports, Science and Technology) – Жапонияда жоғары білім алғысы келетін халықаралық студенттерге арналған мемлекеттік стипендиялық бағдарлама. Ол оқу мерзімінің барлық кезеңін, соның ішінде жапон тілі курсын толықтай қаржыландырады.

Стипендия бакалавриат, магистратура, докторантура және ғылыми-зерттеу бағдарламалары бойынша беріледі.

Бағдарламаға қатысу талаптары

  1. Шетелдік студент болу;
  2. Жапон тілі курсына немесе Жапонияда оқу бағдарламасына тіркелу;
  3. Жоғары академиялық жетістіктерге ие болу;
  4. Физикалық және психологиялық тұрғыдан сау болу;
  5. Жапония визасын алу және елде тұруға байланысты қиындықтардың болмауы.

Өтініш беру тәртібі

  • Үміткерлер өз еліндегі Жапония Елшілігіне немесе консулдығына құжат тапсырады;
  • Қатысушылар екі емтихан тапсырады: тілдік және бейіндік пән бойынша;
  • Емтиханнан кейін сұхбат жапон немесе ағылшын тілінде өтеді;
  • Елшілік іріктеуінен өткен құжаттар Жапонияның бірнеше университетіне жіберіледі;
  • Соңғы шешімді Жапонияның Білім министрлігі қабылдап, студенттің қай университетте оқитынын анықтайды.

Бакалавриатқа арналған стипендия

  • Қатысу үшін толық орта білім туралы аттестат қажет;
  • Жас шектеуі: 17-21 жас;
  • Гуманитарлық, жаратылыстану және медициналық мамандықтарға түсуге болады;
  • Оқу ұзақтығы: медициналық мамандықтарда  – 7 жыл, басқа мамандықтарда – 5 жыл (оның ішінде 1 жылдық жапон тілі курсы);
  • Шәкіртақы мөлшері: айына шамамен 117 000 иен.

Магистратура мен докторантураға арналған стипендия

  • Үміткердің жоғары білімі болуы шарт;
  • Жас шектеуі: 35 жасқа дейін;
  • Оқу ұзақтығы: жапон тілін үйрену кезеңін қоса есептегенде, шамамен 2 жыл;
  • Шәкіртақы мөлшері: айына шамамен 143 000 иен.

Венгрия

Венгрия Үкіметі халықаралық студенттерге арналған Stipendium Hungaricum бағдарламасын ұсынады. Бұл бағдарлама бойынша бакалавриат, магистратура, докторантура және арнайы мамандандырылған оқу бағдарламаларында білім алуға болады.

Грант аясында оқу ақысы толық өтеледі, жатақхана немесе пәтер жалдауға қаржылай қолдау көрсетіледі, медициналық сақтандыру беріледі. Егер талапкер венгр тілінде оқуды таңдаса, оған тегін дайындық курсы ұсынылады.

Студенттерге ай сайынғы шәкіртақы төленеді:

  • бакалавриат және магистратурада – 110 еуро,
  • докторантурада – 350-450 еуро.

Бағдарламаға қатысу талаптары:

  • үміткердің жасы 18-ден асуы тиіс;
  • аттестаттағы орташа балл кемінде 4,0 (5,0-ден);
  • GPA көрсеткіші кемінде 3,0 (4,0-ден).

Құжат қабылдау мерзімі:

Бағдарламаға өтініштер жыл сайын қыркүйек пен қаңтар аралығында қабылданады.

 

Еуропа елдері

Қазақстан азаматтары Еуропаның бірнеше еліндегі жоғары оқу орындарында магистратура бойынша білім ала алады. Бұл үшін Еуропа одағы ұсынатын Erasmus Mundus бағдарламасы бар. Оның ерекшелігі – магистранттар бір емес, бірнеше университетте қатар оқып, оқу соңында бірыңғай диплом алады.

Бағдарлама оқу ақысын, жатақхана мен әуе жолы шығындарын, медициналық сақтандыру мен виза рәсімдеуді толықтай қамтиды. Сонымен қатар ай сайынғы шәкіртақы қарастырылған: ең төменгі мөлшері – 500 еуро. Оның көлемі оқу мерзімі мен елге байланысты өзгеріп отырады.

Бағдарламаға қатысу талаптары:

  • Бакалавр немесе магистр дәрежесінің болуы;
  • Жақсы үлгерім (жоғары GPA көрсеткіші);
  • IELTS – кемінде 6.5 балл, TOEFL – кемінде 90 балл.

Құжат тапсыру мерзімі:

Әр университет пен бағдарламаға қарай өзгеріп отырады. Көп жағдайда құжат қабылдау қазан айынан қаңтарға дейін жалғасады.

Италия

DSU (Diritto allo Studio Universitario) – Италия Үкіметі ұсынатын әлеуметтік стипендия бағдарламасы. Оның атауы «университетте оқу құқығы» деп аударылады. Бағдарлама аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге арналған және оған жергілікті де, шетелдік те талапкерлер қатыса алады.

Стипендия аясында берілетін мүмкіндіктер:

  • оқу ақысының толық жабылуы;
  • тегін жатақхана немесе жалға алынған пәтер төлемін өтеу;
  • университет асханасында тегін тамақтану;
  • оқу материалдары мен спорттық жабдықтарға арналған қаржылай жәрдемақы.

Жәрдемақы көлемі аймаққа және студенттің қаржылық жағдайына байланысты өзгеріп отырады. Оның ең жоғарғы мөлшері 7 000 еуроға жетуі мүмкін.

Егер стипендия берілмесе, бірақ талаптарға сай болсаңыз, сізге мыналар қолжетімді:

  1. тегін тамақ талондары;
  2. оқу салығынан босатылу;
  3. жатақханада бос орын болса, айына 273 АҚШ доллары көлемінде төлеммен тұру мүмкіндігі.

Талаптар:

DSU стипендиясы студенттің отбасының жылдық табысына байланысты беріледі:

  • отбасының жылдық табысы 25 073 АҚШ долларынан төмен болуы тиіс;
  • егер табыс мөлшері 13 082 АҚШ долларынан төмен болса, студентке оқу ақысы толық жабылады, барлық жеңілдіктер беріледі және жылына 7 631 АҚШ доллары көлемінде стипендия тағайындалады.

Қажетті құжаттар:

  • шетелдік төлқұжат көшірмесі;
  • отбасы құрамы туралы анықтама (ХҚКО-дан алынады);
  • әр отбасы мүшесінің өткен жылғы табысы туралы анықтама (мысалы, 2-ЖТС нысаны);
  • отбасы мүшелерінің банктік шоттарынан үзінді көшірмелері;
  • жылжымайтын және жылжымалы мүлік туралы анықтама (жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар тізілімі мен салық анықтамасы);
  • университетке қабылданғаны туралы ресми хат (кей жағдайларда талап етілмеуі мүмкін).

Стипендия көлемі мен жеңілдіктер әр аймақтың DSU ресми сайты арқылы анықталады.

 

Америка құрама штаттары

Fulbright – АҚШ-тың магистратура немесе аспирантура бағдарламаларында оқу үшін толық қаржыландыруға мүмкіндік беретін стипендиялық бағдарлама. Ол 1946 жылдан бері жұмыс істеп келеді және АҚШ үкіметі қаржыландыратын ең ірі халықаралық білім беру бағдарламаларының бірі болып саналады.

Бағдарламаның басты мақсаты – АҚШ пен басқа елдер арасындағы мәдени-академиялық байланыстарды дамыту. Қазіргі уақытта Fulbright стипендиясы 155 елдің студенттеріне қолжетімді. Бағдарлама іске асқан уақыттан бері оған 300 000-нан астам адам қатысқан.

Fulbright стипендиясы қандай шығындарды жабады?

  • АҚШ жоғары оқу орнында оқу ақысы;
  • жол шығындары (оның ішінде емтихан мен сұхбат тапсыру үшін Ресей ішінде сапар шығындары);
  • виза рәсімдеу шығындары;
  • медициналық сақтандыру;
  • АҚШ-тағы тұрмыс шығындары (ай сайынғы стипендия сомасы оқу орны орналасқан штаттың ең төменгі күнкөріс деңгейіне қарай есептеледі).

Қаржыландыру мерзімі: 1 жылдан 3 жылға дейін (бағдарламаға байланысты).

Бағдарлама шарты бойынша, оқу аяқталған соң қатысушы кемінде 2 жылға туған еліне оралуы тиіс.

Үміткерлерге қойылатын талаптар:

  • Бакалавр немесе магистр дәрежесі болуы қажет (оқуды жаңа бітірген түлектер де қатыса алады, олардан оқу орнынан анықтама талап етіледі);
  • Кандидаттық дәрежесі бар тұлғалар бағдарламаға қабылданбайды;
  • Ағылшын тілі біліктілігі: техникалық мамандықтар үшін – TOEFL 80 баллдан жоғары, гуманитарлық мамандықтар үшін – TOEFL 100 баллдан жоғары;
  • АҚШ-та тұрақты тұруға рұқсат, азаматтық немесе «Green Card» болмауы керек.

Жас бойынша шектеу жоқ, алайда 2017 жылдан кейін диплом алған түлектерге басымдық беріледі.

Ұлыбритания

Ұлыбритания үкіметінің Chevening Scholarship бағдарламасы қазақстандық жастарға магистратурада білім алуға мүмкіндік береді.

Бұл халықаралық стипендиялық бағдарлама оқу ақысын, ай сайынғы шәкіртақыны, Ұлыбританияға бару-келу жол шығындарын, көшіп барған кезде берілетін бір реттік жәрдемақыны, жатын орын мен визаны, сондай-ақ бағдарлама аясында ұйымдастырылатын іс-шараларға қатысу шығындарын толықтай өтейді.

Бағдарлама талаптары:

  • Үміткерлер жоғары білімге ие болып, Ұлыбританиядағы бір университетпен келісімшарт жасасуы тиіс;
  • Кемінде екі жылдық жұмыс тәжірибесі болуы қажет;
  • Оқуды аяқтаған соң Қазақстанға оралып, кемінде екі жыл еңбек ету міндетті.

Құжат қабылдау мерзімі:

Бағдарламаға өтінім қабылдау әр жыл сайын тамыз бен қараша айлары аралығында жүргізіледі.

 

Айта кетейік, бұған дейін әр қазақ оқуы тиіс 100 кітап жайлы жазған едік.