Коллаж El.kz

Шетелде шыңдалып, елге қайтқандар: Қазақстандағы «brain gain» тренді

09.07.2025 10:00

Соңғы жылдары қазақстандық жастардың шетелде білім алуға деген қызығушылығы өте жоғары деңгейде сақталып келеді. Жыл сайын мыңдаған жас Еуропа, Азия мен Америка елдеріне оқу үшін аттанып жатыр. Бірі - мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы арқылы, енді бірі - өз қаражатына. Алайда сол жастардың барлығы елге орала ма?

«Brain drain», яғни білімді, білікті азаматтардың елден кетуі – бүгінде жаһандық мәселеге айналған құбылыс. Қазақстан да бұл үрдістен алыс емес. Бірақ соңғы уақытта «brain gain» деп аталатын жағымды құбылыс байқалып отыр. Шетелде оқып, халықаралық тәжірибе жинаған жастар елге қайтып, түрлі салада қызмет етіп жүр. Бұл - жай ғана миграция емес, интеллектуалдық капиталымыздың елге қайтуы. Олар тек жұмыс істеп қана қоймай, өзімен бірге жаңа көзқарас, жаңаша басқару мәдениеті мен әлемдік тәжірибені ала келеді.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма Төрағасы Әділ Құсманов «El.kz» интернет-порталына берген сұхбатында «Болашақ» бағдарламасының бүгінгі көрсеткіштері, түлектердің еңбек нарығындағы орны және оларға жасалып жатқан қолдау туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сонымен қатар әлемнің үздік университеттерінде білім алған Нұрболат Тоқтамыс, Дана Бексейітова және Нұрлыбек Нұржанов Қазақстанға оралудағы мақсаты мен жоспарлары туралы әңгімелеп берді.

1993 жылдан бері қанша қазақстандық шетелде білім алды?

«Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы іске қосылған 1993 жылдан бастап бүгінге дейін әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында 12,9 мыңнан астам қазақстандық білім алды. Осы бағдарлама арқылы даярланған түлектердің саны жылдан жылға артып, бүгінде еліміздегі түрлі салаларда өз кәсіби қызметін табысты жалғастырып келеді.

Шетелде білім алып келгендердің елге оралу көрсеткіші қандай?

Әділ Құсмановтың мәліметінше, бағдарлама басталғаннан бергі кезеңде даярланған мамандардың 98,8%-ы елге оралған. Олар Қазақстан Республикасының аумағында алған мамандықтары бойынша еңбек қызметін атқаруда. Бұл көрсеткіш «Болашақ» бағдарламасының басты мақсаты — білімді жастарды елге қайтарып, ел ішінде сапалы кадрлық әлеует қалыптастыру ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткізілгенін көрсетеді.

Түлектердің арасында гуманитарлық бағыт бойынша сұраныс жоғары: 

  • 55%-ы гуманитарлық ғылымдар бойынша,
  • 36%-ы техникалық мамандықтар бойынша,
  • 7%-ы медициналық бағытта,
  • 2%-ы шығармашылық салаларда білім алған.

Бұл статистика елдің экономикалық және әлеуметтік сұраныстарына жауап беретін бағыттарды қолдау және дамыту жолындағы жүйелі жұмысты көрсетеді.

Түлектердің білім алған елдеріне көз жүгіртсек:

  • Ұлыбритания және Ирландияда – 45,6%,
  • АҚШ және Канадада – 28,1%,
  • Еуропа елдерінде – 11,6%,
  • Азия және Океанияда – 7,9%,
  • Ресей Федерациясында – 6,8% білім алған.

Бұл – Қазақстанның халықаралық білім беру кеңістігінде кеңінен интеграцияланғанын дәлелдейтін көрсеткіш.

Түлектерге қалай қолдау көрсетеді?

Әділ Құсмановтың айтуынша, «Болашақ» бағдарламасы түлектерін қолдау мақсатында бірнеше арнайы бағдарламалар мен бастамалар жүзеге асуда. Олардың барлығы түлектердің кәсіби бейімделуіне, жұмысқа орналасуына және мансаптық өсуіне бағытталған.

Қазіргі таңда «Халықаралық бағдарламалар орталығы» 280-нен астам жұмыс берушімен ынтымақтастық орнатқан. Соның нәтижесінде еңбек мониторингіндегі түлектердің 98,8%-ы жұмысқа орналасып үлгерді. Сонымен қатар, түлектер үшін арнайы «Bolashaq Talent Management» Facebook парақшасы жұмыс істейді. Онда ағымдағы бос жұмыс орындары мен жұмысқа орналасуға қатысты жаңалықтар тұрақты түрде жарияланады. Осы парақшада түлектер онлайн конференцияларға, жұмыспен қамту вебинарларына қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісе алады. Сонымен қатар, орталық түлектердің сұранысы бойынша жұмыс берушілерге өтініш хаттарын түйіндемелерімен бірге жіберіп отырады, - дейді басқарма төрағасы.

Елге оралмаған түлектер бар ма?

Соңғы уақытта «Brain drain» — яғни, кадрлардың шетелде қалып қою мәселесі жиі қозғалып жүр. Осыған байланысты еліміздегі ахуалға тоқталып өтті:

2025 жылғы 30 мамырдағы жағдай бойынша, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен шетелде болуына байланысты 1,9%-ы «Болашақ» халықаралық стипендиясынан айырылды.

Орталық түлектердің еңбекпен өтеу шарттық міндеттемелерін орындауын тұрақты түрде бақылауда ұстайды. Егер түлек келісім-шартты бұзса, оған міндеттемелерді орындау туралы ресми хабарлама жіберіледі. Тиісті шарт орындалмаған жағдайда, мәселе республикалық комиссияға ұсынылады немесе түлек стипендиядан өз еркімен бас тартып, барлық шығындарды өтейді. Бүгінде еңбек мониторингіндегі түлектердің 98,8%-ы мамандықтары бойынша еңбек қызметін атқаруда, тек 1,2%-ы жұмысқа орналасу сатысында тұр. Бұл бағдарламаның түлектерін ел ішінде сұранысқа сай орналастыру ісінің жоғары деңгейде екенін аңғартады.

Еңбек мониторингідегі түлектердің арасында Атырау облысы бойынша – 91 адам, Алматы облысы – 68 адам, Қарағанды облысы – 57 адам, Батыс Қазақстан облысы – 35 адам, Ақтөбе облысы – 35 адам, Түркістан облысы – 34 адам, Жамбыл облысы – 31 адам, Маңғыстау облысы – 29 адам, Ақмола облысы – 28 адам, Шығыс Қазақстан облысы – 26 адам, Қызылорда облысы – 23 адам, Павлодар облысы – 20 адам, Қостанай облысы – 19 адам, Абай облысы – 18 адам, Жетісу облысы – 15 адам, Ұлытау облысы – 2 адам еңбек қызметін атқаруда. Мысалы, Ержан Битниев «Солтүстік Қазақстан облысы Уәлихан ауданы Қайрат ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде Қайрат ауылдық округінің әкімі қызметін атқарады. Ал Мөлдір Жақыпбекова «Алматы облысының білім басқармасының Қарасай ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Көкөзек ауылындағы жайлы мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді, - дейді Әділ Құсманов.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» түлектердің грантты еңбекпен өтеуін қатаң қадағалайды.

Орталық «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің еңбекпен өтеуді жүзеге асыруын бақылау бойынша тұрақты негізде жұмыстар жүргізеді. Еңбекпен өтеу бойынша шарттық міндеттемелерін бұзған түлектерге шарттық міндеттемелерді тиісінше орындау туралы хабарламалар жолданады. Қазақстан Республикасының аумағында еңбекпен өтеу бойынша шарттық міндеттемелер бұзылған және орындалмаған жағдайда, халықаралық «Болашақ» стипендиясынан айыру мәселесі Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның қарауына енгізіледі немесе түлектер халықаралық «Болашақ» стипендиясынан өз еркімен бас тартып, барлық шығыстарды өтейді, - дейді Әділ Құсманов.

Нұрболат Тоқтамыс: «Ғылымға адалдық – елге адалдық»

Тоқтамыс Нұрболат Баратұлы - «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританияда білім алып, шетелдік тәжірибе жинап қайтқан жастардың бірі. Алайда ол жинаған білімі мен тәжірибесін сырт елде емес, туған елінің игілігіне жұмсауды саналы түрде таңдады. Бүгінде Нұрболат Түркістан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде химия пәнінен сабақ береді. Сонымен қатар ол ғылыми жобалар мен олимпиадаларды үйлестіріп, оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып келеді.

Шетелде шыңдалып, елге қайтқандар: Қазақстандағы «brain gain» тренді

Химияны негізгі мамандығым ретінде таңдауыма бала күнімнен жаратылысты тануға деген құштарлығым себеп болды. Табиғат заңдылықтарын зерттеу, тәжірибе жүргізу маған әрдайым ғажап көрінетін. Әрбір жаңа эксперимент мен үшін тұтас бір әлемнің есігін ашқанмен тең еді. Осылайша химия менің өмірімдегі табиғаттың тылсым сырларын ашуға жол сілтеген ерекше ғылымға айналды, - дейді Нұрболат.

Кейіпкеріміздің Ұлыбританиядағы Уорвик университетін таңдауы да кездейсоқ емес. Нұрболат бакалавриат оқып жүрген кезінде республикалық және халықаралық ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жүлдегері атанған. Алайда ғылыми нәтижелерін кең аудиторияға сапалы жеткізу – оның әлсіз тұсы болған.

«Chemistry with Scientific Writing» бағдарламасымен танысқан кезде, ол мені бірден баурап алды. Себебі бұл бағдарлама менің екі үлкен қызығушылығымды - химия мен ғылыми жазылымды біріктірді. Оның үстіне бұл мамандықты тек Уорвик университеті ұсынады. Сондықтан мен университетті емес, өзіме керекті нақты бағдарламаны таңдадым, - дейді ол.

Уорвик университетінде оқудың ерекшеліктері

Уорвиктегі оқу мені шын мәнінде таңғалдырды. Бағдарламаның жан-жақтылығы мен қарқыны ерекше болды. Дәрістерді аудиториядан тыс — орманда, фабрикада, музейде өткізу тәжірибесі бізді әдеттегі ойлау шеңберінен шығарды. Нобель сыйлығының лауреаттарынан дәріс тыңдадық, BBC-де ғылыми журналист ретінде тәжірибе жинадық. Осының бәрі зерттеушілік, коммуникация, бірлесе жұмыс істеу және мәселені шешу қабілеттерімді жаңа деңгейге көтерді, - дейді Нұрболат.

Университет қабырғасында ол Англия, Нигерия, Қытай және Түркия студенттерімен бірлесіп теңіз өсімдіктері мен жәндіктеріне зиянсыз күннен қорғайтын органикалық крем жасап шығарған.

Біз химияны зерттеп, өнімді дайындадық. Оның теріге әсерін биологтар, аналитикалық есептерін математиктер жүргізді. Ғылымды осылай кешенді түрде жүргізу – Ұлыбританияда қалыптасқан оңтайлы тәжірибе екен, - дейді ол.

Қазақстанға оралу — саналы таңдау

Шетелде қалуға ұсыныстар да болды. Бірақ мен Польша мен Ұлыбританияда білім ала жүріп, өз елімнің білім жүйесінде еңбегімді сіңіре алатынымды түсіндім. Әрине, көп жастардың шетелге кетуінің себебі түсінікті: кәсіби өсу мүмкіндігі аз, материалдық база әлсіз, шабыт беретін орта жетіспейді. Ал шетелде қарапайым қызметкердің өзі лайықты өмір сүре алады. Дегенмен мен үшін елге оралып, өз жерімде жастарға бағыт-бағдар берудің орны бөлек болды, - дейді ол.

Қазіргі таңда Нұрболат Түркістан қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде еңбек етеді. Химияны үш тілде оқытып қана қоймай, оқушылардың ғылыми зерттеу жобаларына жетекшілік етеді, республикалық және халықаралық олимпиадаларға дайындайды.

Магистратурада меңгерген зерттеу дағдылары, аналитикалық ойлау және білімді жүйелі жеткізу қабілеті маған оқу процесін жетілдіріп, сабақ беру әдістеріне тың серпін енгізуге жол ашты. Сабақтарымда тақырыпқа байланысты түрлі форматтағы қызықты әрі тиімді тәсілдерді қолдануға тырысамын. Мысалы, оқушыларды кейіпкер рөлінде ойнатып, қылмыс орнынан табылған заттардың химиялық құрамын аналитикалық әдістер арқылы анықтау, атом энергетикасы, химиядағы ғалымдар немесе радиохимия тақырыптарын дебат, шоу бағдарлама немесе жаңалықтар түрінде өткізу — бәрі де пәнді өмірмен байланыстырып, оқушылардың қызығушылығын арттыруға қызмет етеді.

Сондықтан Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі (НЗМ) жұмысым өте қызықты әрі сан қырлы. Мұндағы білім беру бағдарламасы Кембриджбен бірлесіп жасалған, ал мектептердің өзі тұрақты түрде CIS аккредитациясынан өтіп отырады. Бұл білім сапасының әрдайым жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етеді. Мен мектепте химияны үш тілде оқытып қана қоймай, оқушылардың ғылыми зерттеулер жүргізуіне және олимпиада қозғалысына жетекшілік етемін. Бұл — мен үшін зор жауапкершілік әрі үлкен қуаныш, өйткені осылайша олардың ғылыми қызығушылығын оятып, болашақ жетістіктеріне өз үлесімді қоса аламын», - дейді Нұрболат Тоқтамыс.

Ұлыбританиядағы ерекше оқыту тәсілдері

Уорвикте және Ұлыбританиядағы тәжірибемде маған ұнағаны — оқытудағы практикалық бағыт пен креативті тәсілдер. Мәселен, жобалық әдістерді, мәселе шешуге бағытталған сабақтарды, дебат пен симуляцияларды өз сабақтарымда жиі қолданамын. Бұл оқушыларды жай тыңдаушы емес, белсенді ойлауына әсер етеді, - дейді ол.

Нұрболат оқытушылық пен ғылыми зерттеуді бір-бірінен ажыратпайды. Қазір ол докторантурада білім алып, үздіксіз зерттеу жүргізуде.

Мен үшін оқытушылық пен ғылыми зерттеу — бір-бірімен тығыз байланысқан, ажырамас екі маңызды бағыт. Сондықтан осы екеуінің арасынан үнемі тепе-теңдік табуға ұмтыламын. Қазіргі таңда оқыту ісімен қатар, докторантура (PhD) бағдарламасы аясында үздіксіз ғылыми зерттеулермен де айналысып жүрмін. Бұл екі сала бір-бірін өзара толықтырып, менің кәсіби дамуым мен оқыту әдістемемді жетілдіруге айтарлықтай ықпал етіп келеді.

 Ғылымның бүгінгі қоғамдағы орны

Қазіргі әлемде ғылым мен химияның рөлі орасан. Климаттың өзгеруі, су тапшылығы, қоршаған ортаның ластануы сияқты мәселелерге тек ғылыми тәсілдер арқылы жауап табамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жас ғалымдарға қолдау көрсетіп, арнайы бағдарламалар әзірлеуі — елімізде ғылымға айрықша көңіл бөлініп жатқанын білдіреді. Бұл бастамалар тек ғалымдарға емес, бүкіл қоғамға пайдалы жаңа идеялар мен технологияларды өмірге әкеледі, - дейді ол.

Дана Бексейітова: Отанға қызмет ету — тек әскери саламен шектелмейді

Қазақстандық жас маман Дана Бексейітова Венгрияда магистратура оқып, Еуропада мансап құрып жүріп-ақ өмірін сонда жалғастыра алар еді. Алайда ол туған еліне оралды. Неге? Бұл оның жеке кәсіби тарихы ғана емес, «шетелде оқып, елге оралу» деген трендтің маңызды көрінісі.

Шетелде шыңдалып, елге қайтқандар: Қазақстандағы «brain gain» тренді

Шетелде білім алу және Венгриядағы тәжірибе

Дана 2020-2022 жылдар аралығында Венгрияның Будапешт қаласындағы Budapest Business School университетінде Stipendium Hungaricum бағдарламасы арқылы «Экономика және туризм менеджменті» мамандығы бойынша магистратурада білім алған.

Мен үшін шетелде оқу - армандарымның бірі болды. Еуропадағы білім беру мен Қазақстандағы оқыту жүйесін салыстырып көргім келді. Венгрияда оқығанда маған ең ұнағаны — ашықтық пен еркіндік, оқытушылардың қолжетімділігі, студенттердің өз ойын еркін білдіруі. Түрлі елдерден келген студенттердің бір сұраққа әртүрлі көзқарас танытуы да қызық болды. Осылайша мен өз мәдениетімді де жаңаша түсініп, қай жерде артықшылығымыз, қай тұста кемшін тұсымыз бар екенін байқадым, - дейді Дана.

Сондай-ақ ол студент кезінде Шенген аймағындағы елдерді аралап, олардың мәдениеті мен өмір сүру салтын танығаны - ұмытылмас тәжірибе болғанын айтады.

Бұл - үлкен өмір мектебі. Сен өз бетіңше тұрмыстық мәселелерді шешесің, бюджетіңді жоспарлайсың, стрессті жеңуді үйренесің, ең бастысы — қабылдаған шешімің үшін өзің жауап бересің, - дейді ол.

Венгрияда жұмыс істеп, кәсіби шыңдалу

Дана магистратураны тәмамдағаннан кейін бірден елге оралмай, Будапештте венгр компаниясында бір жарым жылдан астам уақыт жұмыс істеген.

Халықаралық ортада еңбек ету маған өзімді шыңдауға, түрлі мәдениеттен шыққан адамдармен бірге жұмыс істеуге, кез келген жағдайда сенімді әрекет етуге үйретті. Бұл - мен үшін өте құнды тәжірибе. Мен оған шын жүректен ризамын, - дейді ол.

Қазақстанға оралып, халықаралық компанияда еңбек ету

Қазір Дана Қазақстанға оралып, Freedom Holding компаниясында жұмыс істейді. Оның міндетіне маршруттарды стратегиялық жоспарлаудан бастап, нақты уақыт режимінде туындайтын кез келген күтпеген жағдайларды шешуге дейін кіреді.

Мен тек өз кәсіби саламмен шектелгім келмейді. Сондықтан халықаралық форумдар мен көрмелерге қатысуға тырысамын. Мысалы, биыл Нью-Делиде өткен India - Central Asian Youth Forum 2025 жиынында Орталық Азияның жас көшбасшыларымен бірге білім, мәдениет және инновация бағытындағы ынтымақтастықты дамыту жайын талқыладық. Осындай кездесулер заманымыздың басты трендтерін түсінуге көмектеседі, - дейді Дана.

«Әдетте «қызмет ету» ұғымы әскери немесе әскери контекстпен байланыстырылады. Алайда отанға қызмет етудің тағы бір жолы бар — шетелде жүріп, елің жайлы қалыптасқан жаңсақ пікірлерді жоққа шығару, жергілікті халықты өз мәдениетіңе ғашық ету, туризм мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу», - дейді кейіпкеріміз.

Дана болашақта туризм саласына нақты бет бұруды мақсат етіп отыр. Қазір ол балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға бағытталған жобаны дайындап жатыр.

Алғашқы идея — Павлодар облысындағы Баянауыл курорттық аймағында балалар мен жасөспірімдерге арналған орталық құру болды. Туризм — жай ғана демалыс емес, ол экономикаға үлкен серпін береді: қызмет көрсету секторы өседі, жаңа жұмыс орындары ашылады, шетел валютасы түседі, мәдени алмасу болады. Ең бастысы — Қазақстанның географиялық және табиғи байлығы әр аймақта туризмнің өзіндік ерекше түрін дамытуға мүмкіндік береді, - дейді ол.

Оның айтуынша, мұндай орталықтар табыс көзі ғана емес, балалардың туған елдің табиғатын, тарихын, ландшафттарын танып-білуіне, өзге ортада бейімделуіне, жауапты әрі дербес болып өсуіне жол ашады.

Осылайша, Дана Бексейітова — шетелде білім алып, халықаралық ортада тәжірибе жинап, бүгінде өз Отанында еңбек етіп жүрген жас қазақстандықтардың жарқын үлгісі. Ол болашақта Қазақстанның туризм саласын дамытуға, еліміздің бай табиғатын, мәдениетін жаңа қырынан танытуға бар күшін салмақ.

Нұрлыбек Нұржанов: Елге қайту — менің саналы таңдауым

Ұлыбританияда білім алып, Еуропада кәсіп жүргізуге де, тұрақтап қалуға да мүмкіндігі болған келесі кейіпкеріміз – Нұрлыбек Нұржанов . Ол бүгінде бірнеше білім беру жобасының бастамашысы болып, қазақ жастарының көкжиегін кеңейтуге күш салып жүр. Шетелдік тәжірибесі мен кәсіби жолы оны неге дәл осындай шешім қабылдауға итермеледі? Алдағы мақсат-мұраты қандай?  Ол өзінің кәсіби жолы, шетелдік тәжірибесі, елде қалуының шынайы себептері және болашақтағы ұлы мақсаты туралы әңгімелеп берді.

Шетелде шыңдалып, елге қайтқандар: Қазақстандағы «brain gain» тренді

Шетелдік білім мен үлкен мақсаттар жолы

Нұрлыбек — Қазақ-Британ техникалық университетінің түлегі. Онда ол «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды. Одан кейін «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританияның Глазго қаласындағы беделді University of Strathclyde университетінде «Engineering Management for Process Excellence» мамандығы бойынша ғылым магистрі (Master of Science) дәрежесін қорғап шықты.

«Болашақ» маған тек білім ғана емес, тұтас жаңа дүниетаным сыйлады. Шетелде жүріп, озық технологияларды көрдім, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жастардың ой-пікірлерімен таныстым. Біз сол жерде кәсіп те аштық, шетелде жұмыс істеу мүмкіндігін де пайдаландым. Осы тәжірибе мені шыңдап, мүлде басқа деңгейге шығарды, - дейді Нұрлыбек.

Оның шетелде қалып, кәсіби мансабын әрі қарай дамытуға толық мүмкіндігі болған. Дегенмен, тағдыр басқа жолды көрсетті.

Шынымды айтсам, мен де бір кезде: «Шетелде қалып, тәжірибе жинап, сосын ғана елге оралсам ба?» деп ойладым. Алайда дәл сол уақытта ковид басталып, бүкіл әлемді белгісіздік жайлады. Көп нәрсе бұлдыр, түсініксіз болды. Сонда: «Жарайды, елге қайтайық», — деп түпкілікті шешім қабылдадым. Бірақ бұл жай оралу емес еді. Мен туған жеріме үлкен арманмен, биік мақсатпен келдім, - дейді ол.

Қазақстанға келіп, жастарды қанаттандыру

Нұрлыбек елге келгеннен кейін алдымен Ақтауда IT және робототехника мектебін ашты. Ол орталықта 5 жастан бастап кез келген адам компьютерлік сауат, бағдарламалау, робототехника негіздерін меңгере алады.

Сондай-ақ ол USTEM Foundation қоғамдық қорында  жетекші болды. Бұл — Қазақстан мен Орталық Азияда инженерия және робототехника саласын дамытуға бағытталған қор. Мұнда ол халықаралық деңгейдегі FIRST бағдарламасын жүзеге асырып, дарынды балалармен жұмыс жүргізді, жарыстар ұйымдастырды, университеттермен, шетелдік серіктестермен тығыз байланыс орнатты. Қазақстандық оқушыларды шетелдік жарыстарға да алып барды.

Қазақ жастарының дамып, өздерін жаңа деңгейге көтергенін көргенде шексіз риза боласың. Біз гранттар ұсынып, балаларды шетелге жарыстарға жібердік. Осылайша олардың көзқарасын өзгерттік. Осыны көргенде шын мәнінде жүрегің жылып, миссияңның маңызды екенін түсінесің, - дейді ол.

Қазіргі уақытта Нұрлыбек — Ақтөбедегі JOO High School Aqtobe мектебінің директоры болып тағайындалып жатыр. Бұл оның ендігі үлкен арманын жүзеге асыруға бастар жаңа кезең.

Сонымен бірге ол өзі неліктен елде қалуды таңдағанын да ашық айтты.

Мен өз ісімді шын жүректен сүйемін, одан терең мән табамын. Біз тек мектеп ашып, сабақ беріп отырған жоқпыз — біз жастардың өмірін, олардың тағдырын өзгертіп жатырмыз. Осыны сезінгенде, бәрі мүлде басқа қырынан көрінеді. Жалпы, Қазақстанда мүмкіндіктер жетеді, тек көзі ашық, ізденген адамға ғана ол көрінеді. Егер әркім өз ісін жақсы көріп, адал әрі сапалы атқарса, еліміз де өзгереді. Мысалы, дәрігер ісін жүрегімен істесе, мұғалім өз ісінің шебері болса, тіпті еден жуушы да жұмысын мінсіз атқарса — сол мемлекетке үлкен үлес. Әрине, соған сай еңбекақы да дұрыс төленсе, тіпті тамаша болар еді. Мен осыған сенемін. Қазақта «Балам бастық болады» деген түсінік бар. Бірақ қандай бастық, не үшін бастық болуы маңызды екенін түсіне қоймайды. Менің ойымша, «Балам мықты дәрігер болады», «балам инновация жасайтын инженер болады» деген түсінікті қалыптастыру керек. Сонда ғана біздің қоғам дұрыс құндылықтарға негізделеді. Адам өз кәсібінен ләззат алып, мән тапқанда ғана өмірі сапалы болады, - дейді ол.

Нұрлыбек болашақта жекеменшік мектептің директоры ретінде Қазақстанға қажетті көшбасшыларды тәрбиелеуді мақсат еткен.

Мен өз мектебімде елдің қамын ойлайтын, шетелге емес, Қазақстанға қызмет ететін болашақ лидерлер мен мықты мамандарды дайындағым келеді. Бізге көшбасшылар, инженерлер, дәрігерлер, ғалымдар қажет. Мен осы жолда бар білімім мен күшімді саламын, - дейді ол нық сеніммен.

P/S: Қазақстандық жастардың шетелде білім алып, елге оралуы — жай ғана кадр миграциясы емес, ұлттық интеллектуалдық қордың қайта оралуы. «Болашақ» сияқты бағдарламалар арқылы шетелде шыңдалған мамандар елге оралғанда, олар жаңа көзқарас, заманауи басқару мәдениеті мен халықаралық тәжірибені бірге ала келеді. Осылайша «brain drain»-нен «brain gain»-ге бет бұру Қазақстанның болашағы үшін маңызды инвестицияға айналып отыр. Ендігі басты міндет — сол білім мен тәжірибенің ел ішінде барынша тиімді қолданылуына жағдай жасау.