коллаж El.kz

Шетел әндерін қазақша орындайтын журналист желіде хитке айналды

15.07.2025 16:08

Шетелдік әндерді қазақ тілінде шебер орындап, көптің ықыласына бөленген Мөлдір Байбуринова тыңдарманын таңдай қақтырды. Ол тек өнерімен емес, ана тілін насихаттаудағы ерекше жолымен де танылып келеді. El.kz тілшісі әншімен шығармашылығы және алдағы жоспарлары жайлы әңгімелесті.

Қазақ тіліне деген қызығушылық артып келеді

Мөлдір Байбуринова шетел әндерін қазақша шеберлікпен орындаудағы басты мақсатын ана тіліміздің көркемдігін әлемге паш ету деп түсіндіреді.

Шетел әндерін қазақша орындайтын журналист желіде хитке айналды

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Мақсатым орындалып жатыр деп сенімді түрде айта аламын. Шүкір, қазақ тіліне қызығушылық танытып жатқан өзге ұлт өкілдері де бар. Достарымның өзі әндерім арқылы қазақ тілін үйренуге талпынуда. Көптеген пікір мен жеке хабарламалар арқылы тыңдармандардың ойымен танысып, керемет әсер алып жүрмін. «Қазақ тілі тіпті француз тілінен де әдемі екен» деп жазатындар да бар. Бұл – мен үшін үлкен жетістік. Сондықтан бұл істен ешқашан шаршамаймын, – дейді ол.

«Әнді жүрекпен таңдаймын»

Мөлдір ән таңдауда аса талғампаз. Оның айтуынша, орындауға лайық әнді ең алдымен жүрекпен ұнату керек.

Әуені, ырғағы ұнап, содан кейін мағынасына қызығып, зерттеймін. Барлық аударманы өзім жасаймын. Кейде әннің музыкасы ұнап, бірақ түпнұсқа мәтіні көңілімнен шықпаса, өзім жаңа сөздер жазып аламын. Осы уақытқа дейін шамамен 60-қа жуық әнді қазақшаладым, – дейді ол.

Әнші үшін бұл шығармашылық – табыс табатын кәсіп емес, керісінше, жүрек қалауы, жан рахаты. Сол себепті ол түсірілген әрбір бейнеролик пен әнге өз қаражатынан шығынданып келеді.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Moldir Baiburinova (@baiburinova_)

Қанша қаржы жұмсалатынын айтпай-ақ қояйын. Бірақ шығынсыз контент болмайды. Қай ән, қай видео болсын – барлығы белгілі бір қаражатты талап етеді. Бұл – менің болашақ өнер жолыма құйған инвестициям деп білемін. Қазіргі таңда бұл мен үшін хобби болғанымен, үлкен мақсатқа бастар жол, – дейді ол.

Көпшілік Мөлдірдің шебер аудармасынан кейін енді оның жеке шығармашылығын асыға күтеді. Бұл ретте әншінің өзі де тыңдарман үмітін ақтауға дайын екенін жасырмады.

Алдағы уақытта авторлық қазақша ән шығарғым келеді. Бұйыртса, ол күн де алыс емес. Күтіңіздер! – дейді әнші қыз.

Экраннан көрінген актриса

Сұлулығы мен дауыс тембрінің үйлесімі Мөлдірді тек ән әлемінде емес, экран алдында да сәтті көрсеткен. Бұған дейін ол түрлі бейнебаяндар мен сериалдарға түскен.

Киноға түсуге ниетім бар. Бұған дейін сериалдарда, бейнеклиптерде ойнадым. Қазір ондай ұсыныстар жиі келмесе де, ашықпын. Бірақ осы бағытта аса белсенді болмадым. Дегенмен алдағы уақытта көрерменге жаңа қырымнан танылып қалуым мүмкін, – деді ол.

Тілді ән арқылы үйренген тиімді

Төрт тілді меңгерген Мөлдірдің шет тілдеріне деген қызығушылығы бала кезден басталған. Ол қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде еркін сөйлейді.

Әрине, ең алдымен өз тілім – қазақ тіліне деген махаббатым ерекше. Қалған тілдерді «білуім керек» деген мақсатпен, әрі қызығушылықпен үйрендім. Тілді ән арқылы үйрену – ең оңай әрі есте қалатын тәсіл. Оның мағынасын түсіне отырып, тіл де бойға сіңе береді, – дейді ол.

Бала күнінде «кемі бес тілді білу» арманы болған Мөлдір бұл жоспарын да ақырындап жүзеге асырып келеді.

Қазір төрт тілді меңгердім. Бесіншісі қай тіл болатыны әзірге белгісіз. Мүмкін, француз тілі болар. Араб тілі де қызықтырады. Бірақ нақты шешкен жоқпын. «Тілді білгеннің артығы жоқ» дейді ғой. Ең кемі бес тілді білу – өзіме қойған талаптардың бірі, – дейді ол.

Тілшілік мансабы туралы

Көпшілік Мөлдірді әнші ретінде таныса, оның негізгі мамандығы – журналист. Алайда соңғы жылдары ол медиамаркетинг саласында жұмыс істеп жүр.

Жоғары білімді журналистика саласы бойынша алдым. Қазір маркетингте қызмет етіп келемін. Бұл сала маған қатты ұнайды. Өте креативті, ойды ұштайтын, шабыт беретін бағыт. Бірақ қазір өнерге көбірек көңіл бөлгім келеді, – дейді ол.

Сұхбат соңында Мөлдірден өміріндегі соңғы жаңалықтар мен алдағы жоспарларын сұрадық. Ол бір маңызды жобамен айналысып жатқанын айтты.

Шетел әндерін қазақша орындайтын журналист желіде хитке айналды

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Қазір бір шығармашылық жобамды әзірлеп жатырмын. Ол әлі көпшілікке жарияланған жоқ, сол себепті егжей-тегжейлі айта алмаймын. Дайын болғанда тыңдармандарыммен бөлісемін. Ал арманым – адамдарға шабыт сыйлай алатын, жауапкершіліктің, еркіндіктің және рухани дамудың құндылығын жеткізе алатын тұлға болу, – деді әнші.

Айта кетейік, бұған дейін істі болған қазақстандық танымал тұлғалар мен ең қымбат тортқа тапсырыс берген жұлдыздар туралы жазған едік.