Жаңалықтар

Шешендік дәстүр

Көңілашар
01.08.2016 06:16 7139

К ө ң і л а ш а р

 

— Ей, Сөзқалта, ата қаздай қойқиып, қайда барасың? Адамға қарамайсың ғой, өзің...

Дауыс дәл қасымнан шықты. Әлдебір ойға беріліп, қамсыз келе жатқандықтан, тосын дауыстан ұйқыдан шо­шып оянғандай болсам да, ол жаққа бұрылып қарамадым. Несіне қарайын, дауыс иесін онсыз да танып тұрмын. Тіпті, оның дауысын ажырата алмасам да, ешкіммен шатастырмаған болар едім. Өйткені бүкіл ауылда мені өзіме естіртіп осылай атайтын тек осы Заржақ қана. Оңашада айтса да бір сәрі-ау, жоқ, оған бәрібір, әкемнің азан шақыртып қойған Наржан деген төл атымды айтса, аузына күйдіргі шығатындай шаршы топтың алдында «Сөзқалта» деп сарт еткізеді. Қойғызамын ба деп, кезінде турлі айла-шарғы да жасадым, жалынып та, берініп те көрдім, болмады. Сөз қонбас осындай дауасызбен бір жылда жарық дүниеге келтірген тағдырыма іштей налы- ғанмен, ақыры бұл атқа да құлақ үйретуге тура келді.

Өзімнен де бар, қаршадайымнан сөзге үйір болдым. Ал оған түп кінәліні іздесек, ол — өз әкем. Марқұм ғажайып әңгімешіл кісі еді. Ойпаң жерге су жиналады, өнерлінің үйіне ел жиналады. Әкеме сөз өнері қонған. өз ұғымымда ол кісі білмейтін аңыз-әңгіме, жыр-қисса жоқ. Содан болар біздің үйде әңгіме дүкені жиі ашылады. Келушілер алып қана кетпейді, беріп те кетеді. Соның бәрі менсіз өтпейді. Әкемнің оң тізесіне қонақтап аламын да, қалқан құлақты қызметке қосамын. Содан кейін менде жалығу жоқ: көрер таңды көзіммен атырып, отыра беремін. Сөз ұқсын дей ме, ондайда «балам, бар, жата ғой» деп, әкем де мазаламайды, Әңгіме қызығына таза берілген кезде, шамасы, құлаққа жаны аши ма, кім білсін, аузым да ашылып кетеді екен. Осындай жағдайымды жиі байқаған болуы керек, бірде Хасен деген қарттың:

—      Балам, осы сен әңгімені құлағыңмен тыңдайсың ба, аузыңмен тыңдайсың ба? — деп сұрағаны бар.

—      Жүрегіммен тыңдаймын, ата,— деппін. Ол сегіз-тоғыздағы кезім. Отырғандар жауабыма риза болып, әкеме мақтау айтты. Әкем маңдайымнан сипады. Расында, мен әңгімені емірене, елти тыңдайтынмын. Бала үшін «әкесіне тартқан, әкесінен айнымайды» деген сөзден артық мақтау  бар ма!  Қай бала болсын түрімен ғана емес, ісімен, қылығымен әкесіне тартуды армандайды, әкеге еліктейді. Мен де сөйттім. Әкемдей әңгімешіл болу үшін, естігенімді есімнен шығармай, санамда мәңгі тұтқындап тастауға тырысатынмын. Ынтаның істетпейтіні бар ма, уақыт озған сайын менің «тұтқындарым» да көбейе берді. Сөйтіп, мен бертін келе өз қатарым сөзі түгіл атын да білмейтін қаракесек қаз дауысты Қазыбек, үйсін Төле, алшын Айтеке бастаған халқымыздың біраз билері мен шешендерінің баға жетпес бай мұрасына ие болдым.

Барлық не істеткізбейді. Барлығына мақтанбаған қазақ және кем. Мен солардан әулиемін бе, барымды базарлай бастайтынмын. Көшелі сөйлеп, көш бастаудан дәмелі болмасам да, айтар ойымды айтулы аталарымыздың ой толғамдарымен  тұздықтап, орамды сөйлеуге талпындым. Содан тапқан олжам алгі, «Сөзқалта» атандым. Абырой болғанда, әзірге құрдастығын бетіне ұстаған Заржақтан басқа ешкім көзіме айтып көрген емес. Оған еліктеген кейбіреулерінің сыртымнан айтатынын білем, бірақ оған не лаж, көп ауызға қақпақ қоя алмасымды сеземін де, білмегенсіп тарта беремін. Бұл күнде «Сөзқалтаға» да құлақ үйренген.

Жаңа байқадым. Заржақ Төлеу қарттың үйінің қақпасынан шығып келеді екен. Шамасы, мені аулада тұрып көрген-ау деймін. Тоқтап, қасыма келуін күттім. Оның даусын естімеген болып жүре беруге болмайды. Әңгірлеп бүкіл көшені шу қылады. Өйтпесе, ол Заржақ бола ма. Заржақ мұның да шын аты емес. Жэне оны қарымта қайтару үшін мен атағам жоқ, өзінің жеңгелері. Байбаламы көп болған соң солай атаған. «Дәрмағамбет» деген атын қазір жасы кіші балалар болмаса, ауылда ешкім айтпайды.

—      Құлағымның түбінен жұмыртқалай алмай жүрген тауықтай қыт-қыттай қалған бұл кім десем, сен екенсің ғой, иә, не шаруа? —  дедім, қасыма келген Заржаққа амандықтан соң, құрдастығымды алға тартып.

—      Не шаруа болсын, қасқа. Қайда жүрсем, ойлайтыным сенің қамың емес пе менің. Іздеп үйіңе барамын ғой деп едім, дұрыс болды кездесе кеттің. Дегенмен тілеуің ақ екен, бұйырса бүгін, Сөзқалтам, біраз сөзге «қалтаң» толып, баитын болдың. Тек артынан оған менің арқамда қолың жеткенін ұмытпа, білдің бе? — деп, Заржағым әдеттегі бұралқы, шақпа қалжыңға бармай шаруажайлық ыңғай танытты.

—      Сенен сөз алып, қалта толтырсам, онда шынымен-ақ баиды екенмін.— Мен қайыра әзілге шаптым.

—      Әрине, сенің менен сөз сұрамайтыныңды білемін. Бірақ «Қисық ағашқа тез бар, әр асқанға бір тосқан, тыңдататын кез бар» деп, Тәйпен атам айтқандай, сен тоқтайтын да кез келді. Сен шөпшілерде жүргенде ауылға Нысанбек ақсақал келген. Соны үйге шақыруға бара жатырмын. Төлеу ақсақалдықінде дегенге осында келсем, жоқ екен. Шақан атайдікі шақырып кетіпті. Жүр, бірге барайық.

Мен қуанып кеттім. Нысанбек — жез көмей, жырау кісі. Әңгімеге де жүйрік. Білмейтіні жоқ. Даусы қандай! Мап-майда, тыңдап отырғанда жаздың саумал самалы есіп тұрғандай әсер етеді ғой, шіркін. Бұрын осы біздің ауылда тұрған, кейін біз құралыптас — Теміржан дейтін баласы Троицкіден оқу бітіріп келді де, Қарабалық ауданына қызметке кетті. Жалғызынан қалар шал қайда, бірге көшті. Содан келіп отырғаны осы. Ойда жоқта сол Нысекеңнің әңгімесін тыңдау бақыты туса, қалай қуанбассың. Қуанғаным ғой, Заржақты ауылдың шет жағындағы Шақан қарттың үйіне қарай сүйрелей жөнеліппін.

—      Сенің бір естігеніңді қалай ұмытпайтыныңа таң қаламын. Мен естігеніммен ұмытып қаламын, сондықтан ба менің мұндай сөзге құмарлығым да жоқ,— деді Заржақ былай шыға, өзінің сонысын мін тұтқандай мұқай сөйлеп.— Әжем Нысекеңе үйден дәм татқызып жібермесек елден ұятты. Әкеңнің кешегі үзеңгілес жолдасы еді деп болмады. Сен үлкен кісілермен бірге бол, жарай ма? Мен бүлдіріп жүрермін.

Мен басымды изедім. Заржақтың әңгімеге жоғы рас. Алайда мүның да бір кісідей білері бар, әкесі кезінде сөз ұстаған адам. Құлқы жоқтықтан ба, әңгіме айтқанда сол білетін сөзінің өзін үзіп-жұлып, құн-жынын шығарады.

Жаңа да өздерінің арғы аталары Тәйпен бидің сөзін толық айтпай, үзіп айтты. Ол кісінің Сүлеймен төреге. айтқан бұл сөзін үлкендер ауызынан мен де талай естігенмін. Параға көмейі бітеліп қалған қатыгез төре кедей ауылдың адал азаматтарын жазықсыз байлатып тастағанда, олардың жоқшысы болып, осы Тәйпен би іздеп барған ғой. Сонда биден қаймығып «Асығыс ісім бар еді» деп аттана жөнелгісі келген төреге Тәйпен ақырып қалып:

Алтын қадырын білмеске,

Сондай сары жез бар.

Ет қадырын білмеске,

Беріш боп пісер без бар.

Ағашты қисық түзейтін,

Құрулы берік тез бар.

Әр асқанга — бір тосқан

Тоқтататын кез бар.

Сенің асығыс ісің болса,

Менің байлауда кісім бар.

Сен дұрыс сөйлеп жөніңе көш,

Егер жөніңе көшпесең,

Байлау кесер тісім бар,

Көрсететін кұшім бар,—

деп соңынан ерген, өзі не десе соны істеуге дайын тұрған ауылының жігіттеріне қарапты. «Көп қорқытады, терең батырады» деген емес пе, көпке арқа сүйенген биден қорыққан төре байлаудағы азаматтарға бостандық беріпті.

Заржақтың өзі айтады, «ертеректе жігіттер сұраған соң, бір әңгіме айтамын деп әжемнен таяқ жеп қала жаздағам. Содан бері әңгімеде шаруам жоқ» деп. Онысы шын болуы керек. Бұл үйдегі әжейді де жақсы білемін. Адуын, бетті кісі.

— Тәйт әрі, жібекті түте алмаған жүн қылады. Асыл сөздің қасиетін қашырмай жайыңа отыр,— деп, кейбір сөзді жөндеп айта алмаған үлкен кісілердің өзін тиып тастағанын да көргенім бар.

Әне-міне дегенше Шақан атайдың үйіне де келдік. Ауылдың бетке ұстар бір топ ақсақалы осында екен. Орталарында сақал-шашы аппақ қудай Нысанбек ақсақал. Қатты өзгеріпті. Басқа жерде кездессе танымас та едім. Денесі еңкіш тартып, шөгіп кетіпті. Мен білетін Нысекең басқашалау еді.

Біз келгенде әңгіме көрігінің қызған шағы екен. Қазыналы қарттардың көкірек сарайларының есігі айқара ашылып, сөз маржандарын лек-легімен сыртқа шығарып, жайып тастайтын мұндай отырыстары өте сирек болады. Осындай кезде бұрынғы бұйығы қарттар да өз-өзінен шешіліп, аламан бәйгенің жүйрігіндей бір-бірін жебей, бір-бірін тақымдай сілтеп, алысқа тартады. Үнсіз кіріп, босағадан орын алған біз осындай шабытты кезге дәл келгенімізді іштей сездік те, әңгімеге құлақ түрдік. Мәжіліс тізгіні өзіміздің Төлеу ақсақалдың қолында екен. Аңда-санда тамағын бір қырнап қойып, жарықшақ даусына жан бітіре керей Тоқсан биді тірілтіп отыр. Төкең Қызылжар жағында көп болған кісі, біздің елдің шешендерінен гөрі, сол жақтың жақсылары айтқан сөздерді молырақ біледі. Тосын әңгіме бізге де таңсық, еміне тыңдаймыз.

Жабай бидің екі баласы — Сексен мен Тоқсан әкесі өлгеннен кейін билікке таласып, атақты Киікбай биге жүгініске барған екен,— деді Төкең Тоқсан би туралы әріден қайырып.— Бүл кез күн кешкіріп қалған шақ болса керек. Киікбай жас қонақтарына қарап бір ауыз сөз айтады.  Жақсының өзін көр де, үйіне барма, биіктің өзін көр де, басына шықпа,— дейді.

Қарт сөзінің мағынасына түсінген Тоқсан ағасынан бұрын сыртқа шығып кетеді. Көрші ауылдың біріне барып қонады. Ал Сексен болса қарттың емеурінін түсінгенмен, «осы күн батқанда қайда барып жүремін» деп, айналақтап кідіріп қалады. Бірақ үй иесінен өзіне лайықты ілтипат болмаған соң, ол да ұзамай аттанып кетеді.

Ертесіне ағайынды екі жігіт Киікбайға тағы келіп, сәлем береді.

—      Иә, балаларым, амансыңдар ма? Кімнің баласысыңдар, есімдерің кім? — деп сұрайды Киікбай.

Екеуі Жабай бидің баласы екенін айтады. үлкені — менің атым Сексен, кішісі — менің атым Тоқсан дейді.

—      Ал, шаруаларыңды айт,— дейді Киікбай. Аналар келген шаруаларын айтады.

—      Е, оны менен несіне сұрайсыңдар. Әкелеріңнің өзі-ақ төрелігін айтып кетіпті ғой: «Сексен азға тән бас болсын, Тоқсан көпке тән би болсын» деп. Мен оны бұзып не дейін. Осыны айтып, Киікбай би орнынан тұрып кетеді.

Бұл билікке Сексен келіспейді де, жол бермеген інісіне ѳкпелеп, нағашысы бағаналы Бабыр батырға бармақ бо­лып, өзіне қараған ауылмен сонда көшеді. Мұны естіген Киікбай қасына бір ғана кісі алып, көштің алдынан шығады. Сексен қанша өкпелі болса да, атақты биден қаймығып, көшін кідіртіп, алдынан шығып, сәлем береді. Сәлемін құрметпен алған Киікбай: «Ей, балам, тыңдасаң айтар бір-екі ауыз сөзім бар»,— дейді.

— Айт, ата, тыңдайын,— дейді Сексен. Сонда Киікбай:

— Бұдан барсаң барарсың Бағаналы Бабырға.

Барған жылы сый қылып,

Хан көтеріп, би қылып,

 Қос-қосынан алдыңа,

Тартар семіз қабырға.

 Қадырың жүрер шашылып, Ыстық лебің басылып,

Бірте-бірте айтқаның

Алынбай қалар қабылға.

Келесі жылы болғанда,

Қыс қоныс қылып қондырар, Нағыз қақ, дөң-адырға. Жазғытұрым болғанда

Ақ ордаңды тігерсің,

Ылай батпақ-сабырға.

Күзді күні болғанда,

Тағы амалсыз қонарсың,

Мал жайылған тағырға.

Өзіңе ерген жанасып,

Жақын болған жаны ашып, Табылмас бірі жаныңда.

Екі кісі бас қосса,

Кіре алмассың сыбырға.

Жанға сөзің ұнамай,

Аулақ жүрсең анадай,

 Қайран өзім елім деп,

Кейіп, батыр, налыма.

«Жатқа султан болғанша,

өз еліңде ұлтан бол»

Деген нақыл бұрынғы

Бар ма батыр жадыңда?.. Қағынан құлан жерісе,

Су таба алмай шөлде өлер,

Әлі де тоқта, сабырла!

Елге жүр де батыр бол,

Жау келгенде бастап қол.

Жат та алтын тағында.

Енді көп сөз айтпаймын,

Тілімді ал да, кейін қайт,

Адаспа да жаңылма!

Тілімді егер алмасаң,

Бетің білсін, жарқыным,

 Барар жерге адымда,—

дейді. Содан Сексен бидің сөзін аттап кете алмай, көшінің бетін елге қарай бұрған екен. Киікбай айтқандай, Сексен жауға аттанар батыр, Тоқсан «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болардай, белгілі би атаныпты.

—      Пай-пай!.. Қалай-қалай сілтейді!

—      Өткен ғой небір сұңғыла жүйріктер!

—      Сөзім-ақ емес пе!

Қас шешеннің оралымды сөзі көңіл қошын көтерген қарттар дуылдасып кетті.

—      Осы менің бір байқағаным,— деді Шақан атай жұрттың шуылдағаны басылған сәтті пайдаланып.— Біздің Үмбетей батыр да ағайынына өкпелеп, осы Бабырға көшеді. Атақты Торайғыр мен Шоң екеуі өзара келісе алмай  қалғанда,  Торайғыр да ашуланып Бабырға тартады. Осыларға қарағаңда әлгіндей мықтылардың өзі пана тұтқан сол  Бабырыңның өзі өте ірі біреу ғой деймін.

—      Бірақ әлгі мықтылардың біреуі де көшеміз дегенмен көшпеген ғой. Ердің елден кетуін сүйекке таңба санаған ақыл иелері ара ағайындық білдіріп, оларды алған беттерінен қайтарып отырған. Мысалы, Үмбетейдің алдынан Тәйпен би шығып, ой салар әлгіндей сөз айтады. Осы күнгі Ақкөл совхозының жерін мекен етуіне береді. Ал,  Торайғырды  тоқтатқан ел аузына қараған дуалы би емес, қозы  бағып жүрген бір жас бала көрінеді,— деп, Қозыкен қарт сәл кідіріп еді, Шақан атай оған қолқа сала сөйледі.               

—      Япыр-ай, мынауың мен естімеген әңгіме екен. Тәйпен бидің Үмбетей батырды қалай тоқтатқанын бәріміз де білеміз ғой. Атақты Торайғыр  қозы баққан жас балаға қалай тоқтады екен?! Қозеке, білсеңіз айтып жіберіңізші?

Қозыкен қарт бәлденген жоқ. Қаттырақ бір жөткірініп алды да, әңгімесін бастады. Бұрын естімеген әңгімеге мен де зейін қойдым.

—      Торайғыр мен Шоң ағайыңды кісілер екен. Бірде екеуі қатты араздасып қалады да, бауырына  өкпелеген Торайғыр  бағаналы (Құлнияз) Бабырға көшеді. Татуластырмақ бо­лып басу айтқан ел жақсыларының бірінің де сөзін тыңдамайды.

Торайырдың  көші жаңа ғана ауылдан шығып бара жатқанда, козысын суға құлатқан сол ауылдың бір қозышы баласы кездескен біреуден «ана топ кімдер, ана көш кімнің көші» деп сұрайды. Әлгі кісі мән-жайды түсіндіреді. «Анау елден кетіп бара жатқан Торайғырлың көші, мыналар соңынан ере алмай, қиып кете алмай тұрған туғандары» дейді. Осыны естіген бала тайымен шапқылап отырып, көштің алдын орайды да, көш бастап бара жатқан Торайғырға сәлем береді-

—       Ассалаумағалайкум, ата, жол болсын! Қайда көшіп барасыз? — дейді. Қасқая қарап, аталап, сәлем берген баланы елеп, Торайғыр тоқтап жөнін айтады. Сонда бала:

— Е, мұнан барсаң барасыз  

Бағаналы  Бабырға,

өзінде жейтін бас болса,

Сыбағаңа тартылар,

Бір сыдырғы қабырға.

Ат пен жігітің сай болса,

Барымтасына жарарсыз,

Қызың сұлу, тазың алғыр болса,

Бозбаласына жағарсыз.

Ел көшкенде, сен түндігіңе қарарсың.

Мұндағы Торайғыр, Шоң деген

Аттан бір айырылып қаларсыз,—

дейді.

Торайғыр ойланып тұрып қалады. «Не істейміз?» — деп, соңына ерген ел жақсыларынан сұрайды.

—       Е, не істеуші ек, алға тартамыз да. Елдің бүкіл жақсысы мен жайсаңы жалынғанда тоқтамағанда, енді бір қаршадай бала айтты екен деп жолдан қайту ұят емес пе? — дейді.

—       Жоқ, олар осы баланың сөзін тауып айтса, қайда қалыпты. Мен кімнен жеңілсем, соны мойындаймын, көштің бетін елге бұрыңдар,— деп, Торайғыр райдан қайтқандығын білдірген көрінеді.

—       Алда, ерім-ай, енді қайтсін. Дұрыс-ақ-ау!  Тектілікті танытар  мінез ғой бұл.

Осы кезде манадан үнсіз тыңдап отырған Нысанбек ақсақал әңгімеге араласар ыңғай танытып, тамағын қырнады. үй-ішіндегілер қонақ қарттың аузын бағып, үнсіз қалды.

—      Е, атам қазақ: «Қой асығы демеңіз,

Қолыңа жақса сақа тұт.

Жасы кіші демеңіз,

Ақылы асса аға тут,—

демеді ме,— деп, Нысекең төңірегін шола бір қарап, сәл кідірді де сөзін әрі сабақтады.— Тұлпар болар құлын желіде тұрып ойнайды. Болар бала бесіктен белі шығысымен, елдің қамын ойлайды. Асылы, ақыл жасқа қарамаса керек. Қол таңбалы қыпшақ Ұзынмаңдай батырдың баласы Тұрсынбай Қожамсүгір биден бата алып, үш жүзге би болғанда он бес-ақ жаста екен,— деп, бір әңгіменің құлағын қылтитып көрсетті де, өз бағасын білетін адамдардың әдетімен асықпай алдындағы сусынын талмай жұтып біраз отырды.

Отырғандарда үн жоқ. Жайшылықтағыдай «Е, ол қалай болыпты, айтып жіберіңіз» деп жетелемейді де. Даңғайыр жүйріктің көсіле сілтеуіне мүмкіндік беріп, аңысын аңдайды.

— Жаугершілік тиылып, қазақ елінің өркен жайьш, бейбіт тірліктің берекесін көре бастаған бір тыныштық кез болса керек. Үш жүздің баласы жылына бір рет бас қосып, ұлы жиын жасайды екен,— деп бастады әңгімесін Нысекең бұдан әрі көп кідіртпей. Манадан үнсіз отырған қарт жүйрік өзі де шабыс тілеп, жұтынып отырса ке­рек.— Осы жиында жыл бойғы шешімін таба алмаған дау-жанжалдар қаралып, түйінді шешімі айтылатын бол­ған. «Тұсында әр заманның бір сұрқылтай» деген ғой, сол кездегі көшелі билердің төрағасы, әрі жасы үлкені, жасы тоқсанға келген Қожамсүгір деген би болыпты. (Бір көзі соқыр еді дегенді айтады). Әр жүздің билері билік басталар алдында осы кісіге келіп, өздерін сынатып, егер Қожамсүгірге ұнаса ғана билікке түседі екен. Сөзі ұнамағанды «Мұның атасы пәлен еді, оның атасы түген еді, атаға тартпаған неме екен» деп, көп алдында жер-жебіріне жетіп, қуып шығатын көрінеді.

Үш жүздің басы қосылған сондай бір мәжілісте Қожамсүгір алдына келген билердің біреуін де жаратпай, тілдеп тастай береді. Бұдан кейін айбынды қарттың алды­на баруға ешкімнің батылы бармай, іркіліп қалады. Уақыт оза береді. Амалы таусылған көпшілік Қожамсүгірдің алдына үмітті билердің бірін зорлағандай етіп жібереді. Қожамсүгір: «Иә, сенің қандай қасиетің бар» десе, әлгі би «астауда қағысамын, ұрыста табысамын» депті. Сонда Қожамсүгір қабағын түйіп, «бұл да бір кертесі қысқа неме екен, үш жүзге әділ билік айта алмайды» деп, өзін тілдеп, қуып жібереді. Осыдан кейін ешкім Қожамсүгір отырған үйге беттемейді. Күн кешке ауады. Осы кезде ошарылған көптің ішінен бір балаң жігіт суырылып шығып, жұртқа қарап:

— Ей, ағайын, баяғыда иттер арасында бір үлкен дау болыпты. Жақсы ит жарасайық десе, жаман ит таласайык деп болмапты. Содан иттер арасында қырық жыл қырғын болған екен. Ақыры Құмай келіп, табыстырған екен. Халайық, біз ит құрлы болмағанымыз ба, ортамыздан орайын келтіріп сөз айтар бір оралымды жігіттің табылмағаны ма? — депті. Үйде отырып, сырттағы баланың даусын естіген Қожамсүгір:

—      Уай, ителгідей жұтынып, даусы саңқылдаған бұ қай ұл? — деп сұрапты.

—      Бұл ұзын қыпшақ ішінде қол таңбалы Ұзынмаңдай батырдың Тұрсынбай деген баласы,— деп түсіндіріпті қасындағылар.

—      Е-е, болса болар. үлкен түйеден үлкен құмалақ қалған екен. Бұл жиынның дауының билігі осы балада болсын,— депті Қожамсүгір қарт аппақ сақалын салалай сипап қойып.

Осы сәттен бастап былайғы жерде үш жүздің баласы бас қосқан ұлы жиында Түрсынбай сөз бастап, билік айтыпты. Қожамсүгір қарттың сынынан өткенде Тұрсынбай не бары он бес жаста ғана екен,— деп Нысекең бір тоқтады. Отырғандар ризалық білдіріп жатыр. Жаңа бай- қадым, Нысекеңнің даусына да жарықшақ түсейін депті. Бұрынғыдай емес, алқына сөйлейді. Жаңағы аз әңгіменің өзіне шаршап қалған сияқты.

Бір-бірінің қас-қабағын бағып отырған қасындағы карттар да осыны байқап қалған тәрізді.

—      Төлеу, сенің әңгімеңді бөліп кеттік-ау,— деді Шақан атай замандасына ендігі сөзді сен баста дегендей емеурін білдіріп. — «Сөз сөзден туады, сөйлемесе қайдан туады» деген ғой. Бәрі жаңағы сенің әңгімеңнен туып жатыр.

Бұл қарттарың, байқап отырсаң, үлкен дипломат. Көрдіңіз бе, Шақан атайдың бір-ақ ауыз сөзбен шаршаған шалға тынығуға мүмкіндік беріп, әрі аузынан сөзін іліп әкеткен тұрғыластарына іштей ренжіп отырған Төлеу ақсақалдың қабағына іліккен кірбің бұлтын жадыратып жіберуін. «Білгенге дау жоқ» деген осы-ay. Енді, міне, Қозыкен ақсақал:

—      Атақты үйсін Төле биге арасына алты-жеті жыл түскен ескі дауды даулап баратын осы Тоқсан би ме еді,— деп оның аузына сөз салып, қолтығынан демеді. Осыдан кейін:

—      Иә, осы Тоқсан би ғой,— деп Төкең де түк болмағандай жадырай әңгімесін бастап жүре береді,— Тоқсан аты шығып, елге жаңа таныла бастаған кезінде әкесі Жабай бидің тұсында ескерілмей қалған бірі алты жылғы, бірі жеті жылғы ескі дауды даулап үйсіндерге барады. Бұлардың келген мақсатын сұрап білген Төле би:

—      Уа, алты атаңды арқалап келдің бе, жеті атаңды желкелеп келдің бе? Алты атасын арқалап келген бар ма екен, жеті атасын желкелеп келген бар ма екен? Бұл не қылған келіс? Құшақтассаң, қойным бар, пышақтассаң, мойным бар,— дейді.

Мұны естіген Тоқсан «жарлығыңды айттыңыз ғой, жабдығыңызды жасай беріңіз» дейді. Сөз осымен тынады. Тоқсандар түскен үйіне келеді. Түк түсінбеген Тоқсанның жолдастары оңаша шығысымен:

—      Ау, жаңа Төле не деді, сен не дедің. Мәнін түсіндірші, не болатын болды сонымен,— деп жабыла сұрайды. Сонда Тоқсан:

—      Ескі дауды даулап, елдіктен кетісейін деп келдің бе, Атаңа тіл тигізіп жетісейін деп келдің бе, Әлі де болса, ойлан. Табыссаң досым деймін, құшағыма алам, келіспесең жауласуға кеткеніміз, әлекті салам,— деді Төле би. Мен: «Екі жағынан да қашайын деп келген жоқпыз. Ендігісін өзің біл» дедім. өресі биік, өрісі кең даңғыл ғой, ел берекесін алып, жауласуға бармас. Ертең түстен қалдырмай екі қыздың қалың малын алдымызға салып берер,— дейді. Айтқанындай Тоқсан айтқан мал ертесіне даугерлердің алдына салынады.

—      Аяқтыға жол бермес, ауыздыға сөз бермес, Төледей биден өтіп кеткен дауды даулап жүрген Тоқсандардың да жүрегінің түгі бар-ау.

—      Өзіне өзі сенген соң барып отыр да.

—      Әрине, өзіне өзі сенгенсін барған,— деді Төкең Тоқсан бидің шешен тапқырлығына кепілдік бере сөйлеп.— Тоқсан тар жерде тауып кетер сұңғыла шешен болған ғой. Ілгеріде, Қаржас елі керей елінен барымталап жылқы алыпты. Соған орай Тоқсан қасына он-он бес кісі ертіп Қаржас еліне барады. Билік басталады. Қаржас жағынан шыққан Шорман би:

—      Тоқсан, Тоқсан дегенге әлдеқандай болмай, бері кел, көріселік. Тоқсан, Тоқсан деп қаншама көтермелегенмен елің Керей ғой, нәсілің кедей ғой, өзің де кулықтың құлындай, томаша торғайдай, басың қуықтай, кішкене ғана кісі екенсің, дабысың қалай алысқа жайылып жүр? — деп сұрайды. Сонда Тоқсан кідірместен:

— Е, ел болсам, керей шығармын, керейдің биі шығармын.

Кішкентай болсам, буйі шығармын.

Қулықтың құлыны болсам,

Жылқының дүлдүлі шығармын.

Томаша торғай тоғыз табады,

біреуі бұлбұл болады деген,

ішіндегі бұлбұлы шығармын.

Аттың басы үлкен болса, соғым болады,

Ердің басы ұлкен болса, боғым болады,—

деген, сен маған басыңның үлкендігін сатпа депті. Шорман қарсы сөз айта алмай төмен қараған күйі үнсіз қала беріпті.

—      Қалай үндесін, алды-артын бірдей орап отырған соң. Қар мен жаңбырын араластыра соғып, бет қаратпас дауыл ғой бұлар.

—      «Жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ жоқ» деуші еді, осылар да сөзден жаңылып, сүрінді ме екен. Әй, сүрінбеген-ақ шыгар-ау. Жолдағысының шәт-шәлекейін шығарып, бұзып өте шығатын арынды тау өзені сияқты ғой бұлар.

—      Ей, шырақтарым-ай, кімді тәңірім түгел еткен,— деді Нысекең соңғы сөзді айтқан ауыл ағасы Баймұраттың пікірін хош көрмегендей кейісті үн қатып.— Жан-жағы түгел болса, қазақта қара сөзге дес бермеген Арық Жарқын би «Кәрілік, саған не қылдым, кеспей-пішпей ат қылдың. Кедейлік, саған не қылдым, ағайыннан айырып, жат қылдың. Жалғыздық, саған не қылдым, кезеулі жерде мерт қылдың» деп, тағдырына назаланбас еді ғой.

Қу кедейлік аяқтыға жол, ауыздыға су бермес деген әлгі Тоқсанға да тізе бүктірген ғой. Өздерің де білесіңдер, Жаппас елі үнемі жазда Арқа жерін жайлап, қыста осы Торғай даласын басып өтіп барып, Сыр бойын сағалаған ғой. Сондай бір көшісте жаппастар мына Аманқарағай бойының арғынының бір адамын Сыр бойына мал бақтыру үшін ала кетеді. Бірақ ол адам көп ұзамай Сырдың жылымына түсіп өледі. Жазда жаппастар Арқаға жайлауға оралғанда арғынның игі жақсылары ақысына біраз мал беретін болып Тоқсан биді алып, жаппастардан өлген азаматының құнын даулайды. Билікке жаппастар жағынан төртқара Сопақ би шығады. Сопақ, сопақ десе дегендей, қатқан ұзынтұра қара кісі екен. өзінің жас пері атанып, жаңа танылып жүрген шағы болса керек. Тоқсан дауға кетсе, табанын тірер әділетті айғағы жоғын біліп, не де болса қарсыласының бетін салған жерден қайырьщ тастамақ ниетпен:

—      Мына қатқан қараң кім? — деп Сопақты көрсетіп, менсінбеген қалып танытады. Сонда Сопақ жұлып алғандай:

— Рас, мен семіз емес, қатумын,

Сенен басқаның бәрімен

Араз емес татумын.

Өлеңді жерде ѳгіз семіз,

Ѳлімді жерде молда семіз.

Дауы кѳп елде би семіз,— деген,

Мен арық болсам,

елімде дау жоқ шығар.

Елді жиып, елегізіп,

Жел бетіне қонбасам,

Жаудың менде несі бар.

Атты берген жерімен,

Тайлар алып бітемін.

Атан берген жерімнен,

Тайлақ алып бітемін.

Даудың менде несі бар.

Өз жөнімді сұрасаң,

 Қаратамырдың Сопағы,

Сенің адамыңды жұтқан мен емес,

 Сыр қуаңның қопағы.

Суды қатты қатыруға,

 Желтоқсаның мен емес.

Судан сұрып тастауға,

Әбби (су) султан мен емес.

Тілге келіп сөйлессең,

Сен менімен тең емес.

Бірақ сізге сәлем айтып еді,

Кетебай деген кісіміз,

Кезекпен болар деп еді ісіміз,—

деген екен.

Аталы сөзге төрелік берген Тоқсан қарсы дау айтпай, үнсіз отырып қалыпты. Кедейлік, шіркін, тынысын тарылтып, барға тәуелді етпесе, Тоқсандай ақыл иесі жығылар жеріне барар ма.— Нысекең тоқтап қалды. Әңгімеге үй иесі Шақан атай араласты.

— Дұрыс айтасыз, Нысеке. Жомарт ердің қолын байлаған бұл жоқшылық кімнің тілеуін кеспеді.

Жаңағы сіздің сөзіңізден шығады, малы бар жуан жұдырық ағайындарының сойылын соғамын деп, атақты Шоқай шешеннің де бір рет төмен қарайтын жері бар. Бір ғажабы өздерінің істерінің әділдік емесін білгендіктен бе, сезікті секірердің кебін келтіріп, Шоқай да әлгі Тоқсан сияқты жолтай Ізбасты биге өзі тиіседі... Салғаннан мұқата сөйлейді.

Ілгеріректе әлде бір себеппен ата мекенінен ығысып кеткен Орта жүз жолтай деген ел Кеңарал (қазіргі Қостанай облысында) деген жерден қоныс алады.

Шоқай бидің бай ағайындары жерімізге малы түсті деп осы жолтайлардың бір үйір жылқысын барымталап айдап келіп, сойып тастайды. Малының артынан Ізбасты би іздеп барады. Жолай бір үлкен жиынға кездеседі. Көп қолқалап Ізбасты биді үйге кіргізеді. үйде Шоқай шешен де бар екен. Ізбастының не мақсатпен келе жатқанын сезген Шоқай үйге кірген бетте оның тауын шағу үшін:

—      Ізбасты, Ізбастыны құм басты. Екі көзі бадырайып, қайдан келді бұл албасты,— деп қасындағыларға қарап күледі. Сонда Ізбасты:

— Балқан ұлы Шоқайсың,

өзің кесір ноқайсың.

өтірік сөзді матайсың.

Басынайын деп пе едің

Аз ғана ауыл жолтайды.

Бұл Ізбасты көп көрген

 Сендей талай қоқайды.

Көп сөзбен басты қатырмай,

Мал алған жоқпын де де, жаныңды бер,

Бере алмасаң малымды бер,— депті.

Малыңды алмадым деп жан беруге бай ағайындарының алғанын білетін Шоқай амалсыз тізе бүгіп, қарсы дау айтпай, ағайындарын малын төлеп, тұяққа тұяқ қайыруға көндірген екен.

—      Сенің айтып отырғаның мынау Қоңыраулы бойындағы таз арғыннан шыққан Шоқай шешен ғой,— деді Нысекең Шақан атай сөзін аяқтағанда.— Жаңылмасам, Төлеу шырағым, сен де сол Шоқайдың руынан болуың керек.

—      Солай, Нысеке, біз сол арғынның ішінде Тазбыз,— деп, Төлеу ақсақал ауыл шежіресін біраз жерге таратып, шығарып салды.

—      Оны сұрап жатқаным,— деді Нысекең Төлеуді біраз тыңдап алған соң, өзінің ойына тыңдаушысын қайыра үйіріп.— Шоқай Кенесарыға барып, Керейдің көп малын қайтарып әперді дейтін сөз бар еді. Содан сенің не естігенің бар?

—                  Естуім бар. Рас болса керек. өз әкем айтып отырушы еді. Бірде Кенесарының төлеңгіттері керей елінің көп малын айдап кетеді. Соған өз елінен ешкім бара алмай, «көрші ел едік, ақымыз кетіп барады. Көрші үшін намазыңды бұз» деген, малымызды қайтарып бер» деп, керейлер Шоқайға қолқа салады.

Шоқай ел азаматтарының сөзін аяқ асты етпей, керейдің малын даулап, Кенесарыға барады. (Кенесарының атын қоюшы осы Шоқай екен деген сөз де бар). Шоқайды Кенесарының өзі үйден шығып қарсы алады. Атының басын ұстап, қолтығынан демеп түсіреді. Есік ашып, үйге кіргізеді. өзі барып көрпе салып, төрге отырғызады. Амандық сұралады, қымыз алдырылады. Әңгіме үстінде Шоқай Кенесарыға мін таға сөйлейді.

—      Уай, Кенесары! (Шоқай Кенесарыны еркелетіп озінше атайды екен, оны Төлеу ақсақал ұмытып қалыпты). Сен хан болғанмен атаң Абылайға тартпаған екенсің. Тартсаң мені үш қырдың астынан қарсы алуың керек еді ғой,— дейді.

—      Айтқаныңның бәрі жөн, ардақты Шоқа,— дейді Ке­несары әлі де кішілік қалып танытып.— Атаға лайық ісім болмаса, атама тарттым деп алдыңызда бос мақтана алман. Дегенмен өз басым әлгі айтқан талабыңызға сай іс істедім-ау деп ойлаймын. Қазақтың бір баласы атымен келіп түсе алмаған ордама, өзім алдыңыздан шығып, атыңыздың басын ұстап, қолтығыңыздан демеп түсірдім. Бұл бір қырдан қарсы алғаным емес пе. Жас келіндей иіліп, есік ашып кіргіздім. Бұл екі қырдан қарсы алғаным емес пе? Қол балаңдай жүгіріп, құрақ ұшып барып, көрпе салып, жастық тастадым. Бұл үш қырдан қарсы алғаным емес пе? Шоқай деген атыңызды, ақ сақалыңызды құрметтемесем, бұл Кенесары қай қазаққа осындай қызмет жасапты?

—      Сол ат пен сақалды алға тартып бір шаруамен алдыңа келдім. Онда осыған не дейсің, енді соны айтшы? — дейді Шоқай.

—      Келгеніңіз жан жайында болса, қасыңыздан табылар, мал жайында болса алдыңызға салынар. Алаңдамай құрметті қонағым болыңыз,— дейді Кенесары.

Шоқай осыдан Кенесарының қасында біраз күн болып, керейлердің малын түгелдей алып, елге қайтады. Ханға барарда керейлер Шоқайға өздерінің тәуір-тәуір киімдерін кигізіп жіберген екен. Малын аман әкелген соң керейдің бір мырзасы жақсы тымағын қимай, өзі сұрауға батылы бармай, араға Шоқайдың Жантөре деген баласын салады.

—      Шоқаң киіп барып келді ғой, енді өзіме қайтарсын,— дейді.

Баласы әкесіне келіп айтады. Бұған ашуланған Шоқай:

— Уай, ол не дегенің,

Керей, уақ,

Адамы қу-ақ.

Керей кеншім емес пе еді,

Бөлінбеген еншім емес пе еді.

Сені Шоқайдың

Жантөре деген баласы бар дейді-ау,

Артында қалар тұлғасы.

Сен еркек емес, ұрғашы.

Бұл Шоқай баяғыдан бері

Алғанын  қайтып бере берсе,

Қалар еді ғой,

Әйелі мен екеуінің құр басы,—

деп, баласын ұрсып үйден қуып шығыпты.

—      Әй, айтқыш-ау Шоқаңдар да. Енді қайтсін, шынын айтқан ғой,— деп Қозыкен ақсақал ризалық білдірді.

—      Біз Шоқайдың, әлгі Шотай төренің пешіріне (пи­сарына) ұрысқанын керемет көріп жүрсек, ол кісіңіз оның әкесіндей Кенесарының өзіне ұрысқан екен-ау. Сол кісілердікі неткен жүрек. өзіміз осы күні беттен алып тастай ма деп, анау отырған балаға да ештеме дей алмаймыз,— деп Шақан атай кеңкілдей күлді. Отырғандар Шақан атайды құптап жатыр.

—      Шақан, сен жаңа Шоқай Шотай төренің пешіріне ұрысты дедің-ау. Сонда ол қай Шотай? — деп, Қозыкен ақсақал сауалына жауап күткендей сәл іркілді де, өзі қайыра сөйлеп кетті.— Естулерің бар шығар, мына өзіміздің тоқал арғында ертеректе сөзге ұста, еменнің қарсы біткен бұтағындай қыңыр мінезі бар Мусіреп деген шешен болған. Өзі кедей екен. Сол Мүсіреп бірде жолаушылап келе жатып Керейдің атақты байы Бекентайдың отарлап жатқан қалың жылқысының үстінен түседі. Жолсоқты болып қажып келе жатқан соң, Мүсіреп жылқышылар қосына соғып, біраз тынығып алуды хош көріп, ат басын әдейі бұрады. Келсе, ортасында Бекентайдың ерке баласы Жүсіп мырза бар, жылқышылар бір тоқтының етін қаужап жатыр екен.

Қасиетті қара қосқа сәлем беріп кіріп келген Мүсірепті отырғандар жаратпайды, келіңіз деп асқа шақырмайды. Мүсіреп те емінбей бос жерге барып жайғасады. Қостағылар тамаққа тойып, әбден сен же, мен же болған кезде ғана Жүсіп келген кісіні жаңа аңғарғандай, «Ау, мына ақсақал құр қалыпты ғой, ет беріңдер» деп жігіттеріне айтады да, өзі әбден қырым ет қалдырмай мүжілген басты әкеп, «мүжіңіз, ақсақал» деп, алдына қояды.

Мейман болып келіп, мазаққа ұшырағанына назаланған Мүсіреп табаққа қол салмайды. Жүсіп Мүсірептің киім киісінен арғын екенін біліп:

— Кәне, арғыным, тойып келсең, асты тоғың басылған соң ішерсің. Ал қазір бата бер,— деп қолын жаяды. Сонда Мүсіреп ойланбастан:

— Тілесең бата арғыннан,

Сиырың өссін тарғылдан.

Жылқың өссін сарғылдан.

Келемежбен бата тілесең,

өмірің өтсін зарығумен,

Күнің өтсін тарығумен.

Адаспас сапар жөндікі,

Таусылмас дұға кеңдікі

 Атамыз арғын халық ағасы

Тілеу болған халыққа.

Арғын, қыпшақ бас қосса,

Төменгі орын сенікі.

Жоғарғы орын менікі.

Таңда мақшар болғанда

Жеті тозақ сенікі.

Сегіз жұмақ менікі.

Орының тозақ болған соң,

Былшыл сөзің ненікі.

Дәм айдап келдім қосыңа,

Көрсеткен сыйың осы ма?

Сенен көрген сыйымды

Арғын, қыпшақ бас қосса

Айтармын талай досыма.

Бес-он малдың арқасында атқа мініп,

Бекентайың дархан болған.

Шотайың аз ғана күн

Жұртына қалқан болған.

Әлін білмей аға жұртқа тіл тигізіп

Ақырында оның талқан болған.

Білмедіңдер сендер халімды,

Сыйламадыңдар кәрі шалыңды.

Абайлап жүріп анық бас,

Қуатың халыққа мәлімді.

Мұжіп әкеп бас қойдың,

Жемесін деп ас қойдың.

Мінеки, деп үсынбай

 Шайьщды ішіп дәс қойдың.

Сұрамасаң да айтайын,

Менім атым Мүсіреп.

Құрмет қылсаң болмай ма,

Келген соң қосқа түсіріп.

Самаурыннан шай ішіріп.

Ақ батамды бермес пе ем.

Дұғамды-қаршыға ұшырып.

Келемежге не бата.

Сөзімде жоқ еш қата.

Сақалымның ағы ұрғыр,

Ер жігіттің бағы ұрғыр.

Адал досың арам боп,

Айналып келіп тағы ұрғыр.

Жасы үлкен деп сыйламай,

Келгеннен қойдың мазақка,

Тәңірім салсын азапқа,

Мені құдай жаратса,

Бұл дүниеде қор болып,

Қиямет күн болғанда,

Түсерсің бәлем тозаққа,—

деген екен Мүсіреп шешен.

—      Сенің әлгі айтқа

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға