Жаңалықтар

Шешен ұлтының өкілі – қазақ тілінің жанашыры

Шешен ұлтының өкілі – қазақ тілінің жанашыры
04.02.2019 04:14 2601

Түр-тұлғасы өзінің ата-бабаларына тартқан оның жанары өткір, ат жақты, сұңғақ бойлы отыздың бел ортасына келген жігіт. Бір қараған жан оның бойынан бір дегдарлықты байқағандай болатыны анық. Асланбек Чабаевтың ұлты – шешен, Шығыс-Қазақстан облысы Үржар ауданына қарасты Қарақол орта мектебінде информатика пәнінен сабақ береді. Жастайынан осында туып-өскен оның мінезі ашық, қашан көрсең де жайраңдап жүргені. Қазақша амандасып, қазақша емен-жарқын әңгіме-дүкен құратын Асланбек ауылдастары арасында да сыйлы.

«Мен Қарақолдағы орыс сыныбын бітіргеніммен, туып-өскен ортам қазақтар ғой. Қазақ тілін ана тілімнен кем білмеймін десем, өтірік айтқандық емес. Бұған орысша оқығанымды қоссаңыз, сонда үш тілді жақсы білем деп айта аламын. Бірде қызық болды, қалаға барып шаруаларымды тындырғаннан кейін кешкі автобусқа билет алып, бақ ішіндегі көлеңкедегі сәкіге жайғасқаным сол еді. Әлдебір қазақ бауырлар келіп жаныма жайғасты. Орысша қойған сауалдарына жауап беріп отырмын. Осы жерде тұрады екенсің, қазақ тілін білу міндет, үйрену керек деген сияқты әңгімелер айта бастады.

«Ей, бауырым,-дедім бетіне тік қарап қазақша,- Менің жүрегім «Ауылым» деп, сосын «Қазағым» деп қана соғады. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» деген. Біздің аталарымыз бір кезде солақай саясаттың кесірінен арып-ашып киелі қазақ жеріне табан тіреген сәтте ауызымызға су тамызып, аш өзегімізді жалғауға жәрдем берген қазақты мен қалай ұмытайын...?!» Байқаймын, әлгі жігіттер таңырқап, ауыздары ашылып, көздері бақырайып кетіпті. Өздері риза болып, қолымды қысқылап тіпті, жіберер емес», – деп әңгімесін жайып салды Асланбек.

Шынында да ешқандай акцентсіз әңгіменің тиегін ағытатын Асланбек талайды таңғалдырып келеді. 2009 жылы Астана қаласында өзге ұлттар арасында қазақ тілін жете меңгергендердің арасынан бас жүлдені иеленуі де тегін емес. Бүгінде 5-11 сыныптарға информатикадан дәріс беріп жүрген шешен жігіттің Назгүл деген жұбайы да осы мектепте биолог. Мұса, Иса, Мәлика, Ғайса атты бүлдіршіндері бар. Қоштасарда ол: «Көпшілігі менен «Қазақ тілін қайдан білесің?» деп сұрайды. Жастайымнан Самат, Мұратбек (Мүкәй), Ғадылдармен асық, ләңгі ойнап, өзенге «таспен май жалатып»,  Аманжол, Дамирлармен ұзақ түндер бірге сырласып өссем, бозбалалық сауық-сайранды бірге құрсам, қалай ғана қазақша білмеймін», - деп шерін тарқатты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға