Шерзатты кім ұрды? Куәгер сотта шындықты айтты
Мөлдір Қайнар тілші
Бүгін 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне байланысты өтіп жатқан сот процесінің түске дейінгі бөлімінде куәгер Наргиза Незамединовадан жауап алынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Куәгер оқиға кезінде ұйықтап жатқанын, алайда қатты айқайдан оянып, кейбір көріністерді байқап үлгергенін айтты.
Мен ұйықтап жатқанмын, қатты айқайдан соң ояндым. Оқиғаның дәл уақытын айта алмаймын, себебі сағатқа қарамадым. Шерзаттың анасы "балам, балам" деп жатты. Әуелі Шерзат, одан соң ағасы жүгіріп кетті. Сол кезде дүкен жақтағы біреу "ат, ат" деді. Ол қара түсті киімде болды. Одан кейін анасы, сосын жігіттер жүгіріп кетті. Одан соң анасы айқайлап, баласын қорғаштай бастады. Мен қызыл кепка киген, арық дене бітімді адамның Шерзатты жұдырықпен ұрып жатқанын көрдім, – деді куәгер.
Сондай-ақ, ол оқиға орнында доғал затты көргенімен, шабуылдаушы адамның жұдырықпен ұрғанын атап өтті. Бұл жайт тергеу барысында шабуыл құралы мен күш қолдану сипатына қатысты нақтылау жұмыстарын қажет етеді.
Мемлекеттік айыптаушының «Оқиға орнында Шерзаттың анасынан басқа қызды көрдіңіз бе?» деген сұрағына куәгер сары шашты бір қыздың жігітпен дүкен жаққа бет алғанын көргенін айтып жауап берді. Бұл дерек куәгерлердің және айыпталушылардың оқиға кезіндегі орналасу орындарын нақтылауға сеп болуы мүмкін.

