Шерзат Болаттың өлімі: сотталғандардың екеуі ақтауды сұрады

 әлеуметтік желіден алынды
Фото: әлеуметтік желіден алынды

Шерзат Болаттың өліміне қатысты сотталғандар өзін толық ақтауды сұрап отыр. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев мәлімдеді.

Адвокат видеоүндеу жариялап, онда сотталған Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахметтің кассациялық шағым түсіргенін айтты. Оның сөзінше, екеуі де сот үкімімен келіспей, өздерін толық ақтауды талап етіп отыр.

«Шерзат Болаттың ісі бойынша А.Тоқтаубаев, Д.Қалиахметовтің сот актілеріне берген кассациялық шағымдарын қарау жәбірленушілердің өкілінің өтінішхаты бойынша кейінге, яғни 14 сәуір сағат 16:00-ге қалдырылды», – деді Мейірман Шекеев.

Шерзат Болат ісі

Талғарда жасөспірім Шерзат Болат 2024 жылдың 3 қазанынан 4-іне қараған түні көз жұмды. Оқиға орнында түсірілген видео әлеуметтік желілерде таралып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бейнежазбада бір топ адамның жасөспірімді ұрып-соққаны көрінеді.

Оқиға кезінде орнында оннан астам адам болған. Алайда қылмыстық іс тоғыз адамға қатысты қозғалды. Екі әйел қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Тергеу барысында 40-қа жуық сот сараптамасы жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынған. Сот процесі сәуір айында басталып, Жоғарғы соттың YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетілді.

Сот үкімі

Сот үкімімен тоғыз адам 23 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Іс бойынша сотталғандардың бірі – мектеп оқушысы 1 жыл 6 айға сотталып, бірнеше айдан кейін бостандыққа шыққан.

Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бабы 2-бөлігі 5, 9 және 14-тармақтары (адам өлтіру), сондай-ақ 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1, 7 және 9-тармақтары (адам өлтіруге оқталу) бойынша кінәлі деп танылып, 23 жылға сотталды.

Равиль Сакиев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 7 және 9-тармақтары (адам өлтіруге оқталу) бойынша кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Азамат Тоқтаубаев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) және 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық) бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға сотталды. Сот оның 2024 жылғы қазан айында шыққан 7,5 жылдық үкімін ескеріп, жазаларды ішінара қосу арқылы түпкілікті мерзімді белгілеген.

Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай және Нұрқияс Ілиясов Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Нұрқияс Ілиясовтың бұған дейінгі 2 жыл 6 айлық шектеу жазасы ішінара қосылып, жалпы жаза 9 жылды құрады.

Нұрбол Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахмет те аталған бап бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталды.

Думан Ысқақ (2007 жылы туған) Қылмыстық кодекстің 434-бабы (қылмысты жасыру) бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Оқи отырыңыз