Жаңалықтар

Шерзат Болаттың өлімі: Ашық сот отырысын өткізу мүмкін бе?

Шерзат Болаттың өлімі: Ашық сот отырысын өткізу мүмкін бе?
Фото: Әлеуметтік желі 11.10.2024 13:04 1083

Биылғы жылдың екінші жартысындағы статистикаға жүгінсек, елде барлығы 64 816 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде 1314 аса ауыр қылмыс, 16 999 ауыр қылмыс, 323 қылмыс кісі өлімімен аяқталған, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Соңғы күндері қоғам назарын ерекше аударған Алматы облысына қарасты Талғар қаласындағы 16 жасар Шерзат Болаттың қайғылы қазасы. Куәгерлердің айтуынша, марқұмды ет жақындарының көзінше аяусыз сабап, пышақтап кеткен. Жасөспірімнің қазасына дейін жеткен қылмыстың басы бір бөтелке ішімдіктен басталған. Сонда "біздің қоғамда адам құны осынша төмендеп кеткені ме?" деген ой келеді.

Жасөспірімдер арасындағы қатыгездік пен қылмыс неше өршіп кетті?  Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл оқиғаға қатысты ашық сот процесін өткізу мүмкін бе? Қылмыскерлерді қандай жаза күтіп тұр?  Бұл туралы заңгерден сұрап көрдік.

16 жасар Шерзат Болаттың өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оқиға 4 қазан күні Талғарда болған. Шерзат өз отбасына тиесілі дүкенде болған жанжал кезінде ауыр жарақат алып, қаза тапты. Күдіктілер — жеті адам, олардың барлығы ұсталып, тергеу барысында екі айға қамауға алынды. Дерек бойынша, күдіктілер арасындағы қақтығыс барысында суық қару қолданылған. Тергеу амалдары жалғасып жатыр, және прокуратура бұл істі өз бақылауына алғанын мәлімдеді. Бұл қылмыс кісі өлтіру санатына жатады, ал айыпталушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Бұл бап бойынша ең ауыр жаза — 15 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру, – деді заңгер Азамат Бекқұлов.

Оның айтуынша, Шерзаттың әкесі талап еткендей соттың ашық өтуі әбден мүмкін. Ал негізі жеті күдіктіден бөлек қылмысқа қатысы бар екі қыз бен өзге де адамдардың кінәсі дәлелденсе, олардың да жаза арқалауы заңды. Сондай-ақ заңгер топтық қылмыстар үшін жаза қылмыстың ауырлығына және әрбір қатысушының рөліне байланысты тағайындалатынын,  басшылар мен ұйымдастырушылар көбіне қатаңырақ жаза алатынын да айтты.

Қазақстанда қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады, бірақ кейбір кісі өлтіру немесе зорлау фактісі тіркелгенде жауапкершілік 14 жастан бастап тағайындалуы мүмкін. Біздің елдегі ең ауыр жаза — өмір бойына бас бостандығынан айыру. Ал ең жеңіл жаза — айыппұл. Бұл жазалар көбіне қылмыстың ауырлығына байланысты тағайындалады. Осы тұста қылмысты азайту үшін заң талабын қатайту керек пе деген сұрақ туады. Бірақ пікір екіге бөлінеді. Кейбіреулер заңды қатаңдату қылмыскерлерді қорқытып, қылмыс деңгейін төмендетеді деп санайды. Ал басқалары қылмысты азайтудың ең тиімді жолы — алдын алу шараларын күшейту, құқық қорғау органдарының жұмысын жақсарту және қайта тәрбиелеу жүйесін жетілдіру керек деп есептейді, – дейді заңгер Азамат Бекқұлов.

Соңғы уақытта жасөспірімдер қазасының жиілеуі жұрттың алаңдаушылығын тудырғаны даусыз. Мәселен, Атырау облысына қарасты Махамбет ауданы, Сарытоғай ауылында 17 жасар жасөспірім кісі қолынан қаза тапқан. Ал Келес ауданы, Амангелді ауылындағы16 жасар қыз бен анасының өлімі жұрттың жағасын ұстатты. Әлеуметтік желіге тараған хаттың мазмұны бойынша 30 жастағы күдікті мектепте мұғалім болып жұмыс істеген. Сол кезде 16 жастағы оқушы қызға көз салып, қырындап жүрген. Қыз мектеп директорына кіріп, оқиғаны айтқан сияқты. Мектеп директоры әлгі мұғалімді жұмыстан шығарған. Өшін алу үшін ол түнде үйлеріне кіріп, қызды зорлап анасымен бірге өлітіріп кеткен. Алайда Түркістан облысының полиция департаменті «күдікті бұрынғы мұғалім болды және 16 жастағы қызды өлтірмес бұрын зорлаған» деген ақпаратты жоққа шығарған еді.

Соңы кісі өліміне дейін жеткен оқиғалардың тағы біразы ащы судың кесірінен де орын алған. Мәселен, Шымкенттегі құрылыс орындарының бірінде ішімдікке тойып алған жұмысшы әріптесін пышақтап тастаған.

Соның салдарынан Н. есімді азамат Э.-нің бетіне жұдырығымен бір рет соққы жасаған. Бұған қатты ашуланған Э. қарсыласы Н.-ның қолындағы асхана пышағын тартып алып, мойнынан пышақпен бірнеше рет соққы жасаған. Соның салдарынан жәбірленуші алған ауыр дене жарақаттарынан оқиға орнында қаза болған, – делінген сот хабарламасында.

Аталған іс бойынша сот күдіктіні кінәлі деп тауып, 13 жылға бас бостандығынан айырған болатын.

Ал Ұлытау облысындағы кісі өлімі тіпен жан түршіктіреді. Ішімдік ішіп отырған екі ағайынды қасындағы әріптесімен сөзге келіп қалып, оны жіппен буындырып өлтірген. Қылмыстың ізін жасыру үшін оны көлік дөңгелектерімен бірге өртеп жіберген. Алайда көп ұзамай қолға түскен екі ағайынды жазаға тартылған. Бірі уақытша ұстау изоляторында өз-өзіне қол салған. Ал екіншісі кінәсі толық дәлелденіп, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға