Шерушілер Аргентина президентіне тас пен бөтелке лақтырды
Аргентина президенті Хавьер Милей шерушілер көлігіне тас пен бөтелке лақтырған соң, сайлауалды іс-шарасын шұғыл тоқтатуға мәжбүр болды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Оқиғаның кадрларын TN телеарнасы тікелей эфирде көрсетті.
Президент төбесі ашық көлікте Ломас-де-Самора қаласының тұрғындарымен кездесуге келе жатқанда, оның жақтастары, полиция және наразылық білдірушілер арасында қақтығыс басталды. Шерушілер көлікке түрлі заттар лақтырып, мемлекет басшысының күзеті оны дереу қауіпсіз жерге алып кетті.
Президенттің ресми өкілі Мануэль Адорни X әлеуметтік желісіндегі парақшасында (бұрынғы Twitter) ешкім зардап шекпегенін мәлімдеп, бүлікке экс-президент Кристина Фернандес де Киршнердің жақтастарын айыптады.
Оқиға кезінде мемлекет басшысының жанында оның әпкесі Карина Милей де болған. Ол жақында бұрынғы ұлттық мүгедектерге көмек агенттігінің басшысы Диего Спаньуолоның аудиожазбасынан кейін жемқорлық схемаға қатысы бар деген дауға қалған.
Президент кортежінің бұл сапары 7 қыркүйекте өтетін Буэнос-Айрес провинциясының заң шығару жиналысына сайлауға орайластырылған.

