Шерхан Қалмырза «Таразға» баруы да мүмкін - инсайдер
Шерхан Қалмырзаның «Қайраттан» кетуі мүмкін бе? Бұл мәселеге қатысты El.Sport YouTube арнасына қонаққа келген спорт комментаторы әрі инсайдер Эльдар Аманбаев пікір білдірді.
Сұхбат барысында Эльдар Аманбаев жас қақпашылар үшін тұрақты ойын тәжірибесінің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, негізгі құрамда бәсеке күшейген жағдайда, «Қайрат» сапындағы 19 жастағы қақпашы Шерхан Қалмырзаның басқа клубқа ауысып, тәжірибе жинауы кәсіби тұрғыдан орынды шешім болуы мүмкін.
Осы пікір аясында Эльдар Аманбаев әлеуметтік желілерде «Тараз» футбол клубының директоры Дидар Сыдықбек пен «Қайрат» клубының бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев арасында өрбіген талқылауға да қатысты өз ойын білдірді.
Бұған дейін Александр Заруцкий «Қайраттан» кетеді деп жазғанымда, Қайрат Боранбаев Threads әлеуметтік желісінде пікір қалдырып, расталмаған ақпаратқа сенбеуге шақырған еді. Алайда арада бір ай өткен соң Заруцкийдің қай клубқа ауысқанын бәріміз көрдік. Болашақта «Қайрат» академиясынан тағы бір қақпашы жарқ етіп шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда Шерхан Қалмырза ойын тәжірибесін арттыру үшін басқа клубқа ауысуы ықтимал. Бұл әрі футболшы үшін, әрі «Қайрат» үшін пайдалы. Өмір бір орында тұрмайды, сондықтан бірнеше жылдан кейін Шерханды «Тараз» сапында да көруіміз ғажап емес, – деді журналист.
Айта кетейік, бұған дейін «Тараз» клубының директоры Дидар Сыдықбек өзінің Telegram-арнасында команда алматылық «Қайраттың» қақпашысы Шерхан Қалмырзаға келісімшарт ұсынуды жоспарлап отырғанын жазған болатын. Алайда кейінірек «Қайрат» клубының бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев бұл ақпаратты жоққа шығарып, Шерхан Қалмырзаның ешқайда ауыспайтынын мәлімдеп, 19 жастағы футболшының есімі арқылы хайп жасамауды сұрады.

