Жаңалықтар

Шенген туристік визасын қалай алуға болады?

Шенген туристік визасын қалай алуға болады?
Фото: © iStock 15.05.2023 18:25 1885

Елімізде әр еңбек демалысында шетелге шығып, саяхаттауды құп көретіндердің қатары көбейген. Соның ішінде Еуропа елдеріне деген сұраныс жоғары. Еуропаға барып, әр елді емін-еркін аралау үшін шенген визасын алу керек.

Шенген аймағы

Шенген аймағы – Еуропада бір елден екінші елге өткенде кеденшілерге қайта-қайта құжат көрсетіп жүрмес үшін, яғни мемлекет шекараларынан емін-еркін өтуге арналған территория. Қазіргі уақытта бұл территорияға Еуропаның 27 мемлекеті кіреді. 2023 жылдан бастап Хорватия да бұл тізімге қосылды: Швейцария, Германия, Дания, Грекия, Аустрия, Бельгия, Испания, Исландия, Италия, Норвегия, Мальта, Португалия, Швеция, Эстония, Чехия, Словения, Словакия, Нидерланд, Лихтенштейн, Люксембург, Хорватия, Мажарстан, Латвия, Литва, Польша, Финляндия, Франция.

Визаның түрлері

Шенген визасының түрлеріне тоқталайық: А категориялы транзиттік виза. Бұл – транзиттік аймақ әуежайында болуға рұқсат етілетін виза. Мұндай визамен әуежай аймағынан шығуға болмайды. С категориялы қысқамерзімді визасы шенген аймағында саяхаттағысы келетіндерге және Еуропада уақытша өмір сүргісі келетіндерге арналған. Виза бес жыл уақытқа дейін берілуі мүмкін. Бірақ сол елде жарты жыл сайын тоқсан күнге дейін жүруге рұқсат етіледі.

Виза алу үшін қандай құжат дайындау керек?

Ең алдымен. Еуропаға қандай мақсатта баратыныңызды айқындаңыз. Соған орай туристік әлде медициналық, студенттік немесе бизнес деп виза түрін нақтылайсыз. Ұзақ не қысқа мерзімге баруыңызға байланысты керек құжаттардың тізімі өзгереді.

Көбіне туристік виза сұранысқа ие. Сондықтан визаның осы түрін қарастырайық:

  1. Анкета толтыру керек. Оны мына жерден жүктеп алуға болады. Сауалнаманы ағылшын тілінде баспа әрпімен толтырып, қолыңызды қоясыз.
  2. Төлқұжат. Аяқталу уақыты 3 айдан кем болмауы және мерзімі өтпеген болуы тиіс. Төлқұжаттың алғашқы бетінің көшірмесін жасайсыз. Бұған дейін басқа виза алған болсаңыз, оның да көшірмесін керек. Құжаттың кем дегенле екі парағы таза болғаны дұрыс.
  3. Төлқұжатқа арналған 3,5*4,5 өлшеміндегі 2 дана сурет. Фотоға арнайы салонға барып, виза талаптарына сай түскеніңіз абзал.
  4. Баратын еліңізде қай қонақүйге тұрақтайсыз? Booking немесе Airbnb қосымшасын пайдаланып, броньдап қойыңыз. Визаны алмай тұрып, броньді төлеуге асықпаңыз. Бронь жөніндегі поштаңызға келген хатты шығарып алыңыз. Тағы бір ескерер жағдай – шекарашылар төлқұжаттық бақылау бөлімшесінде сіз таңдаған қонақүйге хабарласып, сұрауы мүмкін.
  5. Жұмыс орныңыздан анықтама және еңбек демалысы туралы бұйрығыңыз керек. Анықта ресми бланкте толтырылуы тиіс. Жұмыстағы лауазымыңыз бен жалақыңыздың көлемі көрсетіліп, басшының қолы мен мөрі қойылуы керек. Студенттер университеттен кепілхат пен анықтама алады. Зейнеткерлер зейнетақы төлемдері көрсетілген анықтама мен куәліктің түпнұсқасын көрсетеді. Ал кәсіпкерлер ЖШС жөніндегі куәлік пен салық төлемдері көрсетілген анықтама тапсырады.
  6. Шотыңыздағы қаржыны растайтын құжат тапсырасыз. Банкке барып, ағылшын тілінде есепшотыңыздағы қаржы туралы анықтама алуға болады. Шоттағы қаржы көлемі саяхаттайтын күндеріңізге байланысты. Әр күнге бір адамға 65 еуродан есептеледі. Ал жұмыссыз адамдар мен студенттер саяхат шығынын өтеп беретін адамнан кепілхат тапсырады. Кепілхатты университет сияқты ұйымдар немесе ата-ана, жақын туыстарыңыз бере алады.
  7. Медициналық сақтандыру туралы құжат. Аталмыш құжатты кез келген сақтандыру компаниясында жасатуға болады. Сақтандыру сомасы кем дегенде - 30 мың еуро. Сондай-ақ Шенген аймағының бәрін қамтылуы керек.
  8. Ұшақ билетінің барып-келу броні. Еуропаның бірнеше мемлекетін аралауды жоспарласаңыз пойыздан бастап автобус билеттеріне дейін брондағаныңыз жөн болады. Себебі, елшілік виза беру үшін бәрін егжей-тегжейіне дейін тексеруі ықтимал.

Виза алу үшін төленетін ақша

Қазақстан азаматтары Шенген визасы үшін 80 еуро төлейді. Кәмелетке толмаған, алты жастан он екі жасқа дейінгі балалар 40 еуро төлейді. Елшілік немесе бас консулдық төлемді қолма-қол қабылдайды. Бұл ақша виза орталығына өтінішті қарастырғаны үшін төленеді. Виза беруден бас тартқан жағдайда қаржыңыз қайтарылмайды.

Виза қанша уақытта беріледі?

Шенген визасын алуға құжаттарды саяхатыңызға 6 ай қалғанда тапсыра аласыз. Кем дегенде сапарыңызға 15 тәулік қалғанда тапсырып үлгеруіңіз керек. Елшілік өкілдері Шенген визасын беру туралы шешімді 15 күннен 45 күнге дейінгі аралықта шығарады.

Чектегі Reference нөмірі мен туған күніңізді енгізіп, өтініш статусын онлайн көруге болады. Сондай-ақ өтінішіңіз жайында ақпарат алу үшін виза орталығына хабарласуға болады. Кейде елшілікке байланысты өтінімді қарау мерзімі ұзаруы мүмкін.

Неліктен виза беруден бас тартады?

Визаны сіз қалаған кезде бермей қоюы әбден мүмкін. Оның бірнеше себептері бар.

Егер сіз көрсеткен анықтамалар жалған болып, табысыңызды растай алмасаңыз; Бұрын қысқамерзімді визамен шенген аймағында 3 айдан артық уақыт жүрген болсаңыз; Қара тізімге енген болсаңыз; Саяхат жоспарыңыз бен жоспарыңыз анық емес болса виза беруден бас тартады.

Жақында ғана Шенген визасын алған Мейірман Лес Еуропаға бару мақсаты мен жоспарларымен бөлісті. өзінің қандай мақсатта баратынын айтып берді. Сондай-ақ визаны арнайы орталықтардың көмегіне жүгінбей, әр адам өзі өтінім берсе болатынын айтты.

Шенген визасына тапсыруды ақпан айынан бастап жоспарладым. Сол кезде әнші Бейонсе бүкіләлемдік тур жасайтыны туралы ақпаратпен бөлісті. Өзім бала кезден 11 жыл бойы әншінің әрбір туындысын қалт жібермей тыңдаймын. Соның концертіне барып көрсем деген арманым болды. Сол үшін Польшадағы концертке билет сатып алдым. Наурыздың 1-нен бастап визаға тапсырамын деп жүргенде «Қазақстандықтарға шенген визасын алу қиындайды» дегенді оқып, уайымдадым. Оны нақты бір себеппен ғана береді деген ой болды. Дегенмен, адамдарға виза алып берумен айналысатын орталықтардан сұрастырып көргенде, беріліп жатқанын айтты. Визаға тапсырмас бұрын қай елге баратыныңды айқындап, маршруттарды жоспарлап алу керек. Қай елде көп тоқтайсың, сол елдің елшілігіне жүгіну керек. Мен Чехияға баруды ойладым. Прагада 2-3 күн болып, Варшаваға концертке барамын деп жоспарладым, - дейді Мейірман Лес.

Оның айтуынша, кейбір мемлекеттерге виза алу үшін консулдыққа кезекке тұру керек. Сол үшін ертерек қамданған дұрыс.

Егер алғаш тапсырғанымда маған виза беруден бас тартса, маған қазір виза алуға жазылу қиындау болатын еді. Себебі, консулдыққа кезекке тұратындар көп. Чехияның бір артықшылығы – виза үшін кезекке тұрудың керегі жоқ. Құжаттарды жинап, бірден консулдыққа барып тапсырасың. 20 сәуір күні барып құжатымды тапсырып, бір күннен соң «елшілікке жіберілді» деген хат келді. Олар 15 күн ішінде қарап, соңғы күні маған хабарласты. Қандай мақсатпен бара жатқанымды және бұрын Америкаға алған визам туралы сұрап білді. Сосын қонақ үйімнің броньі табылмай жатқанын айтты. Қонақ үйден сұрастырғанда менің аты-жөнімді дұрыс айтпағаны белгілі болды, - дейді Мейірман.

Айта кетейік, елшіліктен хабарласқанда әртүрлі сұраққа дайын болу керек. Сұраған анықтаманың бәрін бірден поштаға жіберіп отыратындай дайындық керек.

Міне, солай туристік визамды алдым. Өзім жоспарлап отырған 16 күнге берді. Егер 16 күннен асып кетсем, заң бұзу боп есептеледі. Одан кейін келесі жолы виза ала алмай қаламын. Негізі ұзақ уақытқа берілетін мультивазаға өтінім беремін деп ойлағам. Бірақ, оның өзі 2-3 шенген визасын алғаннан кейін ғана беріледі екен. Сондықтан мақұлдамауы мүмкін деп тәуекел етпей, туристік визаға тапырдым. Маусым айында жаңа жасымды басқа мемлекетте қарсы алып, армандаған концертімді көретініме қуаныштымын, - дейді ол.

Соңғы жылдары Қазақстанда Шенген елдерінің елшіліктерінің көпшілігі құжаттарды тапсыру және визалары бар паспорттарды алу рәсімін визалық орталықтарға тапсырды. Бұл - Еуропаның белгілі бір мемлекетінің өкілдігімен эксклюзивті шарты бар жеке компаниялар. Барғыңыз келетін елдің консулдығының сайтында виза орталығының аты және оның байланыс туралы ақпарат болуы керек.

Ал орталықтың сайтында виза алу үшін құжаттарды дайындау және тапсыру тәртібі, электрондық кезекке қалай тұруға болатыны және қандай мерзімде құжаттарды тапсыру керектігі туралы ақпарат орналастырылады.

Ең бастысы, визаға тапсырғанда шынайы ақпарат беріңіз. Өтінімде шындыққа жанаспайтын ақпарат көп болса, соғұрлым виза алу мүмкіндігі азаяды.

Шенген визасына құжатты әркім өзі тапсыра алады. Туристік агенттік немесе сервис орталықтарының ақылы қызметіге жүгінуге де болады. Егер құжат тапсырып жүруге уақытыңыз тығыз болса, маманнан көмек алыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға