Жаңалықтар

«Шексіз қарым-қатынас құру» акциясы

«Дара» қоры мен МУЗ-ТВ премиясы бірлесіп өткізген шараға «M BAND» және «ВИА Гра» тобының әншілері келді.
05.06.2015 03:47 5809

«Муз-ТВ 2015. Гравитация» жобасы биыл Астанада ұйымдастырылуына байланысты шаһарда түрлі акциялар өткізілуде. Жоба жетекшісі Арман Дәулетияров бастаған ресейлік өнер жұлдыздары бүгін бірқатар шараларға қатысып, елордалық оқушылармен жүздесті. Кезекті акциялардың бірі – Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының ашық алаңқайында өтті.

«Дара» қоры  мен МУЗ-ТВ премиясы бірлесіп өткізген «Біз инклюзивті қоғам үшін!» атты акциясы түрлі шығармашылық ұжымдар мен өнерпаз балалардың, студенттер мен еріктілердің басын біріктірді. 

«Шексіз қарым-қатынас құру» акциясы

«Дара» қоғамдық қоры МузТВ жобасымен әріптесе әлеуметтік акция ұйымдастырдық. Қала бойынша 12 ашық алаңқайда осындай шаралар өтуде. «Шексіз қарым-қатынас құру» алаңқайы деп аталған акцияның ерекшелігі – ресейлік өнер жұлдыздары  «M BAND» және  «ВИА Гра» тобының қатысуымен замануи би түрлері бойынша флеш-моб ұйымдастырылуында. Мақсат – балалар бір-бірімен, шет елдік қонақтармен би арқылы да қарым-қатынас жасай алатындығын көрсету, – дейді қор директоры Мәдина Бакиева.

«Шексіз қарым-қатынас құру» акциясы

Шараға қатысушы бүлдіршіндер арасында № 65 мектебінде оқитын есту қабілеті нашар балалардан құрылған «Самұрық» би тобы бар. Көптеген республикалық, қалалық өнер байқауларында жеңімпаз атанған бишілер тобына «Дара» қоры жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша акцияға екі жүздей бүлдіршіндер қатысты.

Мерекелік шараға «Дара» қорының қолдауымен құрылған инклюзивті театр студиясының өнерпаздары да қатысып, өнерлерін ортаға салды. Талантты балғындар «Мэри Поппинс» және «Матильда» атты екі қойылымды сахналап, қала театрларында өнер көрсетіп жүр.

Акцияға атсалысқан кәсіби хореографтар балаларды хип-хоп, брейк-данс, хауз сынды замануи би түрлерінің негізгі қимылдарына үйретті. Балалар би машықтарын осы жерде ұйымдастырылған би сайысында паш етті. Би марафоны дәлелдеп бергендей,  достыққа еш шектеу жоқ, өнердің тілі бәріне ортақ.

«Шексіз қарым-қатынас құру» акциясы

Шараға «Тодес» тобының экс-солисті, хореограф Марат Бекбергенов арнайы келіп қатысты. «Мен Алматыдағы № 9 есту және сөйлеу қабілеті шектеулі балаларға арналған мектеп-интернат жеткіншектеріне 5 жылдан бері биден дәріс беріп келемін. Ұжым «Дара» қорының қолдауымен ұйымдастырылып, жұмыс істеуе. Балалармен жұмыс істеу мен үшін үлкен ғанибет. Олар өте талапты, өнерге ерекше құштар жандар. Топтың кей мүшелері бимен кәсіби түрде айналысып,  хореограф мамандығын меңгеруде», – дейді ол.

«Шексіз қарым-қатынас құру» акциясы

«Аталмыш шараны өткізу арқылы біз мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылық дамуға өте мұқтаж екенін көрсеткіміз келді. Олар үшін бұл тек өз талантын дамыту әдісі ғана емес, қоғам өміріне бейімделудің, оңалудың таптырмас жолы», – дейді «Дара» қорының директоры Мәдина Бакиева.

«Шексіз қарым-қатынас құру» акциясы

«Біз инклюзивті қоғам үшін!» акциясы аясында шаһар бойынша өткізілген 12 шараға қатысқан 1000-ға жуық балаларға 5-маусым күні «Астана-Арена» стадионында өтетін МУЗ-ТВ премиясының концертіне билеттер үлестірілді. «Муз-ТВ 2015. Гравитация» жүлдесі аясында биыл «Қазақстанның Үздік жыл әртісі» аталымы бойынша қазақстандық үміткерлерден «МузАрт» тобы, Қайрат Нұртас, Жанар Дұғалова, Нұрлан Абдуллин және Әли Оқапов бақ сынайтынын айта кеткеніміз жөн.

«Шексіз қарым-қатынас құру» акциясы


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Фото: Мөлдір КАРИМОВА

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға