Жаңалықтар

Шекіл қонған

Жер атаулары — ел тарихы.
11.11.2015 12:05 4079

Жер атаулары — ел тарихы. Топонимика — мыңдаған жылдар жемісі. Жер-су, елді мекен атаулары халқымыздың бай тілі негізінде жасалып, халық тарихымен байланысты дамиды. Топонимикалық атаулардың өмірінің тарихы, әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістердің жай-жапсары анық та айқын көрініс береді.

Шекіл қонған

Топонимикалық атаулар белгілі бір оқиғалардың мерзімін меңзеуі арқылы тарихи дерек көзінің сырын саралап, танып-білуге септігін тигізеді. Олай болса, топонимдер — «жердің тілі, жазылмаған кітабы» ғана емес, сонымен қатар жер тарихы мен ел тарихын танытар, оның өмірінен сыр шертер тарихи шежіресі. Шекіл қонған деген деген топонимикалық атау қайдан шықты, осы бір топонимикалық атаудың "Бабалар сөзінде" жазылған атауларына құлақ түрейік.

Баяғыда Қарқаралы уезі Темірші болысына қарасты №10 ауылда Шекіл деген есепші болыпты. Ол кісі ауа райының қандай болатынын ерте болжап, қар қашан түсіп, қашан еритінін, қыс аяғындағы қайтарма суықтар қай күндері болатынын дәл айтады екен.

Ол кісіні көрген кейбір қарттар: «Ол түнде тұрып шықтың түсуін, сиырдың жүнін сипап байқайтын. Далаға күл үйіп қойып, желдің бағытын, күшін бақылайтын», – дейді.

Көрші елдер Шекілден қысқы ауа райы қалай болатынын арнаулы адамдар жіберіп біліп тұрады екен.

Атақты «Доңыз жұты» деп аталатын жылы қар жауар алдында Шекіл қазіргі Қасым атындағы ауылдың жері «Қарасораң» деген таудың бауырында отыратын Егізбай, Семізбай деген кісілерге келіп: «Биыл қыс қатты болады. Бұрынғылар «жұт жылы жақсы адамдардың қасында бол, биік таудың ба­сында бол» деген екен. Сендерді жақсы көруші едім. Тауларың да биік еді. Мен биыл сендердің тауларыңның басына қыстап шығайын», – деп рұқсат сұрапты. Олар рұқсат етеді. Шекіл қар жаумай тұрып малдарын айдап Қарасораңға көшіп келеді де, тау басындағы бір шұңқыр, жылы жерге екі киіз үй тігіп, біріне адамдар, бір үйіне малдары тұратын етіп әзірлейді. Отын жинап алады. Қыстан алып шықсам деген тәуір малдарын алып қалып, кәрі құртаң, нашар малдарын сойып алады.

Шекілдің болжауындай қар ерте түсіп, онан кейін қалың жаңбыр жауып қатып қалады. Жер беті көк айнадай болып, қатты жұт болады. Қыс бойы жел қай бағыттан соқса да қарды жұмсартып, таудың басын қап-қара етіп қағып кетіп отырыпты. Шекілдің малдары қыстан дін аман, күйлі шығыпты.

Егізбай, Семізбай тау бауырындағы өлкеде малдарына қарды қазып шөп аршып беріп жатады. Балалары әкелеріне ренжіп, Шекілді қуып, тауға өз малдарымызды жаямыз десе, әкелері: «Балалар, біздің уәдеміз бар еді. Бар малдарың қырылып қалса да Шекілді қозғамаңдар», – деп көнбейді.

Сәуір ішінде бір күні Шекіл келіп: «Енді ұзамай қар кетеді. Қатқақта еліме жетіп алайын деп көшкелі жатырмыз. Сіздерге рахмет, рұқсат беріңіз», – депті.

Айтқанындай Шекіл көшіп өз аулына барған күні тұманданып, оңтүстіктен жылы жел соғып, қар ериді. Сол жер осы уақытқа дейін «Шекіл қонған» деп аталады.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға