Шекарасыз кино: бірінші байқау күніндегі фильмдер құпиялары
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің байқау бағдарламаларына енген фильмдерге арналған баспасөз-конференциясы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бірінші күні көрермендер төрт фильмді тамашалай алады: «Махаббат туралы фильмдер түсіру керек» (Ресей, Үндістан, 2022), «Нирвана» (Бангладеш, 2022), «Ақ тырналар билейтін жерде» (Саха Республикасы, Ресей) және «Мелоди» (Тәжікстан, Иран).
Кино авторларымен өткен кездесу барысында режиссерлер мен продюсерлер өз фильмдерін қалай түсірілгені жайлы айтып, жоба құпияларымен бөлісті.
«Нирвана» фильмінің режиссеры Асиф Ислам картинаның Бангладеште түсіріліп, жұмыстың екі жылға созылғанын айтты. Мұнда диалогтар жоқ. Бұл фильмнің басты идеясы.
Бангладеш – халқы тығыз орналасқан мемлекет. Айналаның барлығы шу, дыбыс арқылы өте көп ақпарат беріледі. Кейіпкерлердің ішкі сезіміне назар аудару үшін барлық диалогтарды алып тастадық. Ренессанс кезеңінің суретшілері фильмге шабыт берді. Біз туындыда тұрақты кадрларға басымдылық беріп, оның терең әсер қалдыратын сурет сияқты болуын қаладық, – дейді Асиф Ислам.
«Ақ тырналар билейтін жерде» фильмінің продюсері Валерия Моторуева, бұл фильмнің Саха Республикасында көрсетілімнен түскен пайда бойынша үшінші орынға шыққанын атап өтті. Ол Ресей аумағындағы арнайы көрсетілімдер мен басқа кинофестивалдерде ғана көрермен назарына ұсынылған.
Фильмнің фестивалдық тарихы жалғасуда, келесі жылы да байқауларға қатысамыз. Якут киносының сиқыры шынайылықта жасырылған. Мамандар шағын бюджетпен жұмыс істейді. Сондықтан режиссер бүгін фильм түсіріп, ертең көлік жүргізушісі, ал арғы күні монтажбен айналыса береді. Барлығы бір-біріне қол ұшын созғандықтан киноға жан бітеді, – дейді продюсер.
Сонымен қатар ол композитор Моисей Кобяковтың жұмысы туралы да айтты:
Бұл керемет дүние. Фильмге арналған саундтрек ұзақ жазылды. Соңғы элементтер компьютерлік графика аяқталған соң енгізілді. Оның музыкасы фильмдегі шиеленісті керемет көрнекілікпен толықтырады.
«Мелоди» фильмінің режиссеры Бехруз Себт Расул жиналғандрмен өз туындысының тарихы және құпиясымен бөлісті.
Фильм Иран мен Тәжікстанда түсірілді. Құстардың дауысын қолдану арқылы ән жазғысы қыздың оқиғасы баяндалатын поэтикалық шығарма. Картина Тәжікстаннан «Оскар» сыйлығына шетелдік тілдегі үздік фильм ретінде ұсынылды, – деп толықтырды Бехруз Себт Расул.
Байқаудың бірінші күні алдағы көрсетілімдерден жоғары сападағы және терең мағыналы туындылардың күтілетінін көрсетті. Фильмдер киноның мәдени шекараларды жойып, көрерменмен тілсіз сөйлесуге болатынын дәлелдеді.
Дәстүрлі фестивальдің негізін қалаушы және ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі. Кинофестивальді тікелей ұйымдастыру Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына жүктелген.