Шавкат Рахмоновтың әйелі жол апатына ұшырады: оқиға орнынан видео пайда болды
Жамбыл облысында болған спортшы Шавкат Рахмоновтың әйелі мен баласы зардап шеккен ірі жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам көз жұмып, тағы екеуі ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады, деп жазады El.kz интернет порталы.
Оқиға 2025 жылғы 27 шілдеде сағат 08:50 шамасында «Алматы-Екатеринбург» тас жолының 299-шақырымында болған. Жол апатына «Toyota Land Cruiser 200» маркалы көлік себеп болған.
Қарағанды облысы жағынан Алматы қаласы бағытына қарай келе жатқан автокөлік жүргізушісі рульге ие бола алмай, көлік аударылған, – деп нақтылады полиция департаменті.
Апат салдарынан екі адам оқиға орнында қаза тапқан. Тағы екі жолаушы әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соғуы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция қызметкерлері жол апатының мән-жайын анықтау және оқиғаның нақты себептерін объективті зерттеу үшін барлық қажетті шараларды жүргізуде, – делінген ресми хабарламада.
Қазіргі уақытта көлік құралы арнайы тұраққа қойылған. Тергеу амалдары жалғасуда.
Посмотреть эту публикацию в Instagram

