Шавкат Рахмоновтың әйелі мінген көлік апатқа ұшырады
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Жамбыл облысында ірі жол апаты орын алып, төрт адам зардап шекті. Оқиға салдарынан екі адам көз жұмып, тағы екеуі ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Әлеуметтік желілерде тараған мәліметке сәйкес, апатқа ұшыраған көлікте танымал файтер Шавкат Рахмоновтың әйелі мен баласы болған. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
2025 жылы 27 шілде күні сағат 08:50-де республикалық маңызы бар Алматы – Екатеринбург автожолының 299-шақырымында Toyota Land Cruiser 200 автокөлігінің жүргізушісі, Қарағанды облысы жағынан Алматы қаласы бағытында келе жатып, көлік тізгініне ие бола алмай, аударылып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам ауруханаға жеткізілді, – деп мәлімдеді Жамбыл облыстық полиция департаменті.
Жол-көлік оқиғасы бойынша құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің “Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Полиция қаза тапқан адамдар мен зардап шеккендердің аты-жөнін ресми түрде жарияламады. Алайда көлікте әлеуметтік желіде UFC жұлдызы, спортшы Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмнова мен 2022 жылы туған ұлы және екі құрбысы болғаны туралы ақпарат тарады.

