Шавкат Рахмонов жақында октагонға оралады
UFC-де жартылай орта салмақтағы рейтингтің үшінші нөмірі Шавкат Рахмонов толыққанды жаттығуын қайта бастап, жақын арада октагонға оралуды көздеп отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Күнделікті жаттығу жасаймын. Қайта оралатын уақыт таяп қалды – октагонға шығуға асығып жүрмін, – деп жазды «Номад» өз парақшасында.
Бұл мәлімдеме желіде оның тізесін қайта жарақаттап, 10 айға дейін жарыстардан шеттетіледі деген қауесет тарағаннан бірнеше күн өткен соң жасалды. Кейін бұл ақпаратты Шавкаттың менеджері Саят Әбдірахманов жоққа шығарып, спортшының жағдайы жақсы екенін және оның октагонға оралуына ешқандай кедергі жоқ екенін мәлімдеді.
Бейресми ақпаратқа сүйенсек, Шавкат Рахмонов келесі жекпе-жегін осы жылдың соңында немесе келер жылдың басында өткізуі мүмкін.
30 жастағы қазақстандық файтер соңғы рет былтыр желтоқсанда октагонға шыққан еді. Сол кезде ол үміткерлер айқасында Йен Мачадо Гэрриді төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіп, тізе жарақатына байланысты біраз уақыт спорттан шет қалған болатын.

