Жаңалықтар

Шавкат Рахмонов: қазақстандық ең танымал аралас жекпе-жек шебері туралы не білеміз

Шавкат Рахмонов: қазақстандық ең танымал аралас жекпе-жек шебері туралы не білеміз
Фото: © UFC 08.12.2024 20:42 647

Шавкат Рахмонов – қазақстандық аралас жекпе-жек (ММА) спортындағы ең жарқын жұлдыздардың бірі. Ал оның 8 желтоқсан күні Лас-Вегастағы айқаста ирландиялық Иэн Гэрриді жеңуі бұл сөзімізді тағы бір рет дәлелдей түскендей. Бүгінде Шавкаттың есімі халықаралық деңгейде танылып, UFC (Ultimate Fighting Championship) промоушенінде Қазақстанның намысын абыроймен қорғап жүргені анық. Бір кездері бокста орта салмақтың белді өкілі болған Геннадий Головкин қазақстандықтарды демалыс күні таңертең ұйқысынан оятуға себеп болса, қазіргі уақытта Рахмонов демалыс күні экранға телміруімізге ұйытқы болып отыр. Осы орайда El.kz ақпарат агенттігі бүгін танымал спортшының өмір жолы, кәсіби мансабы мен болашағы жайлы баяндауды жөн көрді.

Балалық шағы мен алғашқы қадамдары

Шавкат Рахмонов 1994 жылдың 23 қазанында Өзбекстанның Сурхандария облысына қарасты Шурчи қаласында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Кейін оның отбасы Қазақстанға қоныс аударған. Ал Шавкаттың балалық шағы ауылда өтті. Ол жастайынан спортқа бейім болды, әсіресе күрес түрлеріне ерекше қызығушылық танытты.

Рахмоновтың жекпе-жекке деген әуесі ерте ауды. Ол самбо мен джиу-джитсумен шұғылданып, сол спорт түрлерінде бірнеше жарыста жеңіске жетті. Қазақстанның ұлттық жекпе-жек мектептерінде жаттыққан ол кәсіби спортшы ретінде жетістікке жету жолын таңдады.

Мансабының басталуы

Шавкаттың кәсіби мансабы 2014 жылы басталды. Ол алғашқы жекпе-жегін ММА-де өткізген кезде, өзінің қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді. Оның ерекше стилі мен техникалық шеберлігі тез арада көпшіліктің назарын өзіне аударды. Шавкаттың арсеналында самбодан, джиу-джитсудан және бокстан алған дағдылары бар.

2018 жылы Рахмонов М-1 Global промоушенінде өнер көрсете бастады, ол жерде бірнеше маңызды жеңістерге қол жеткізіп, өзінің әмбебап жауынгер екенін дәлелдеді. Сол уақытта ол көпшілікке ММА-де жеңілмеген жауынгер ретінде таныла бастады.

UFC-ден шақырту алуы

2020 жылы Шавкат Рахмонов UFC ұйымымен келісімшартқа қол қойды. Бұл Қазақстан үшін үлкен оқиға болды, өйткені ол UFC-ге қосылған алғашқы қазақстандық жауынгер болды. Оның дебюті 2020 жылдың қазан айында өтті, онда ол бразилиялық Алекс Оливейраны тұншықтыру әдісімен жеңіп, әлем жанкүйерлеріне үлкен әсер қалдырды.

Негізі Рахмонов ұйымдағы алғашқы айқасын 2020 жылғы 21 наурызда UFC Fight Night турнирінің аясында Бартош Фабиньскимен өткізуі керек болған. Алайда бұл турнир коронавирус пандемиясына байланысты өтпей қалды.

Сонан соң қазақстандық аралас жекпе-жек шебері 2020 жылғы 26 шілдеде Рамазан Эмеевпен кездесетіні туралы айтылды. Шавкат жарақатына байланысты UFC on ESPN турнирі аясында ұйыдастырылатын кездесуден бас тартуға мәжбүр болды, ал оның орнын Никлас Штольце басты.

Ал 2020 жылғы 24 қазанда Рахмонов Элизеу Залески дус Сантуспен өзара кім мықтыны анықтауы керек болған, алайда қыркүйек айының соңында Залески жарақатына байланысты айқастан бас тартып, оның орнына Алекс Оливейраға мүмкіндік берілді. Салмақ өлшеу рәсімінде Оливейра 173 фунт көрсетіп, тиісінше жартылай орта салмақтағы лимиттен екі фунтқа асып кетті. Сондықтан айқас аралық салмақта өтіп, Оливейраға өз сыйақысының 20 %-ына айыппұл салынды, ал бұл кейіннен Рахмоновқа берілді.

Сонан соң Рахмонов UFC Fight Night турнирі аясында 2021 жылғы 26 маусым күні Мишель Празериспен жолығып, қарсыласын екінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңді.

2022 жылғы 5 ақпанда UFC Fight Night турнирі аясында Рахмонов Карлстон Харриспен төбелесіп, бірінші раундта-ақ қарсыласын нокаутқа түсірді. Дәл осы жеңісі арқылы Шавкат «Кеш жекпе-жегі» атағы үшін бонусқа ие болды.  

Бес кездесуге есептелген жаңа келісімшарттың алғашқы айқасы ретінде Шавкат Рахмонов 2022 жылғы 25 маусымда Нил Магнидің әлеуетін байқап көрді. Fight Night аясында ұйымдастырылған кездесудің екінші раундында қазақстандық спортшы қарсыласын тұншықтыру әдесімен жеңді. Бұл жолы да Шавкат «Кеш айқасы» атағы үшін бонусты қалтасына басты.

Кейіннен Рахмонов 2023 жылғы 14 қаңтарда UFC Fight Night турнирінің аясында Джефф Нилмен өзара кім мықтыны анықтауы керек болған, алайда 29 желтоқсан күні Нил жарақатына байланысты айқастан бас тартып, жекпе-жек UFC 285 турниріне қалдырылды. Ал 3 наурызда өткен салмақ өлшеу рәсімінде Нилдің таразыдағы салмағы 175 фунтты көрсетіп, бұл жартылай орта салмақтағы лимиттен 4 фунтқа артық болды. Сондықтан жекпе-жек аралық салмақта ұйымдастырылып, Нил өз сыйақысының 30 %-ын қазақстандық спортшыға беруге мәжбүр болды. Ал Рахмонов айқасты үшінші раундта қылқындыру әдісімен жеңді. Оның жекпе-жегі «Кеш айқасы» атағына ие болды. Тиісінше бонус берілді.

Шавкаттың UFC-дегі мансабындағы ерекшелігі – барлық жекпе-жектерін нокаутпен жеңіп келгендігінде. Ол қарсыластарын нокаутпен немесе тұншықтыру әдісімен жеңіп, жанкүйерлер мен сарапшылардың зор қошеметіне ие болды. Мұндай жетістіктер өз кезегінде оны чемпиондық жолындағы қадамын нығайта түсті.

Жекпе-жек стилі

Шавкат Рахмоновтың жекпе-жек стилі өте жан-жақты. Ол күрес, соққы техникасы және партерлік шеберлік бойынша теңдессіз үйлесімділікке ие. Оның техникасында қарсыласты зерттеу және жылдам бейімделу қасиеттері ерекше көрінеді. Шавкаттың бойы – 185 см, ал салмақ дәрежесі – 77 кг (жартылай орта салмақ). Бұл параметрлер оған соққы мен қорғаныста айтарлықтай артықшылық береді.

Ол шабуылда өте агрессивті, бірақ сонымен бірге қорғаныста сауатты әрекет етеді. Шавкат қарсыласқа қысым жасау және оларды техникалық қателіктер жасауға мәжбүрлеу тактикасын жиі қолданады.

Жеке өмірі мен құндылықтары

Шавкат өзінің жеке өмірін көпшілікке жария етпейді, бірақ оның отбасына деген сүйіспеншілігі мен ұлттық құндылықтарға деген адалдығы белгілі. Ол Қазақстанның және қазақ халқының мәдениетін насихаттауға ерекше мән береді. Спорттан тыс уақытта ол демеушілік жобаларға қатысып, жас спортшыларды қолдауға көңіл бөледі.

Чемпиондық атаққа таласуға мүмкіндік

UFC басшысы Дана Уайт қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иэн Гэрридің қай жеңгені титулдық айқасқа таласуға мүмкіндік алатынын айтқан. Сондықтан Шавкат алдағы уақытта американдық Белал Мухаммадпен төбелесуі мүмкін. Негізі екеуі 8 желтоқсанда кездесуі керек еді, алайда Белал жарақатына байланысты жекпе-жектен бас тартты.

Сөйте тұра Шавкаттың нокаутына үйреніп қалған көпшілік Иэнмен айқастан соң біраз уайымдап қалғаны рас. Ал бұл жайтқа байланысты Дана Уайттың өзі былай дейді:

Білесіздер ме, кейде мұндай айқастар да болып тұрады. Мысал ретінде Лэндвер мен Чой арасындағы жекпе-жекті алайық. Қағаз бойынша екеуі октагонға шыға салып бір-бірін соққылауы керек болатын. Алайда кейде бәрі біз күткендей бола бермейді. 15-0 мен 18-0-дің айқасы дегеніміз, октагонға екі керемет жауынгер шықты дегенді аңғартады, оның үстіне титулдық жекпе-жек талас сарапқа салынып отыр. Екі жігіттен де керемет сәттерді көрдік. Әрине, нокаут болған жоқ, бірақ Құдайға бес раунд болғаны үшін алғыс айтамын. Бес раунд жекпе-жектің көркін қыздырды.

Жетістіктері мен болашағы

Шавкат Рахмоновның бүгінге дейінгі жетістіктері:

ММА-де жеңілмеген рекорды (шамамен 19-0, соның 18-і мерзімінен бұрын аяқталған жекпе-жек, тек біреуінде төрешілер шешімімен жеңіске жетті);

UFC-дегі айтулы жеңістері (танымал қарсыластарды жеңуі);

Қазақстанда және әлемде жанкүйерлердің сүйіспеншілігіне бөленуі.

Шавкаттың болашағы зор. Сарапшылар оның UFC чемпионы болу мүмкіндігін жоғары бағалайды. Ол қазіргі таңда жартылай орта салмақтағы ең қауіпті қарсыластардың бірі болып саналады.

Шавкат Рахмонов – Қазақстанның мақтанышы

Шавкат Рахмоновтың спорттық мансабы – тек оның жеке жетістігі ғана емес, бүкіл Қазақстанның спорттағы үлкен жеңісі. Ол жас спортшылар үшін шабыт көзі және ел намысын халықаралық аренада лайықты қорғап жүрген батыр. Шавкаттың ерік-жігері, табандылығы және кәсібилігі оны әлемдік спорттағы ең үздік жауынгерлердің бірі етті.

Болашақта оның есімі тек UFC чемпиондары арасында емес, әлемдік спорт тарихында алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға