Көптеген адамдар шашты жиі жуу зиянды деп ойлайды және ол шаштың түсуіне әкелуі мүмкін деген пікірде. Алайда мамандардың айтуынша, жуу жиілігі бас терісінің түріне және дұрыс таңдалған сусабынға байланысты. Бұл туралы Rbc.ua-ға сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
«Шашты күн сайын жууға бола ма және ол шашқа зиян келтіре ме: нақты жауап» – Rbc.ua сайтындағы мақаланың тақырыбы осылай аталады. Бұл жайында РБК-Украинаға трихолог Оксана Варламова айтып берді.
Неге сусабынды бас терісінің түріне қарай таңдау қажет?
Маманның айтуынша, шаш екі бөліктен тұрады:
тірі бөлігі – дермада орналасқан шаш фолликулы,
өлі бөлігі – шаш өзегі.
Сондықтан олардың күтімі де әртүрлі болуы тиіс.
Сусабынды біз бас терісінің түріне қарай таңдаймыз. Себебі бас терісі тірі, ол өзгеріп тұрады. Бұл – гормондарға тәуелді орган, сондықтан да оған ерекше күтім керек. Ал сусабынның міндеті – бас терісін таза ұстау, – дейді маман.
Ал шаштың өзегіне май жиналмайды, сондықтан оған маска, кондиционер, бальзам немесе майлар қажет.
Сусабынды қашан ауыстыру керек?
Дәрігердің айтуынша, жасөспірімдерге ерекше назар аудару қажет:
Көбіне 13-14 жастағы жасөспірімдерді аналары қайызғақпен немесе жағымсыз иіспен әкеледі. Ал олар әлі күнге дейін аптасына бір рет балаларға арналған сусабынмен жуады. Жыныстық жетілу кезеңі басталғанда ересектерге арналған сусабын пайдалану керек, – дейді Варламова.
Оның айтуынша, балаларға арналған сусабын тым жеңіл және май бездерін толық тазарта алмайды.
Шашты күн сайын жууға бола ма?
Маман аптасына бір рет жуу жеткіліксіз екенін атап өтті.
Шашты күн сайын да жууға болады, бірақ ол үшін сапалы әрі дұрыс сусабын таңдалуы тиіс. Егер майлы шашқа бейімділік болса, онда себорегуляциялаушы сусабын қажет, ол май бездерінің жұмысын реттеп, бас терісін тыныштандырады, – деп қорытындылады трихолог.

