Жаңалықтар

ШАРУА ЖАЙЫ

Тоқсан түрлі себептердің түйіні бір келіп, қазақ шаруасының қаласы бұзылып, саны азайып, ауданы тарылып отыр.
27.08.2014 20:47 3176

Тоқсан түрлі себептердің түйіні бір келіп, қазақ шаруасының қаласы бұзылып, саны азайып, ауданы тарылып отыр.

Көп жерлерде өріс толған жылқы, қора толған қой ертегінің ауданына кетті. Шаруа көркінен айрылған елдердің тұрмыс көркі де қалған жоқ.

Ендігі əңгіме: өткенді көксемей, сары уайым сала бермей, сағым қуып сандала бермей, шала жансарланған шаруаны түзеудің шарасын істеу керек.

Жеке кісі түгіл, жалпақ ел – заманның бұйдалап, жетектеген түйесі. Бұдан қазақ елінің тұрмысынан бірсыпыра мысал келтіруге болады:

Бір кезде қазақ бала оқытудан қашты, енді іздеп таба алмай жүр. 2) Бір кезде ырымға жаман деп сүт машинесіне жоламаған қазақ енді қолына түссе босататын емес. 3) Ұлықтыққа жуан атадан басқаны қоймайтын қазақ енді кедейдің, жіңішке атаның билегеніне бойсұнып отыр. 4) Əке-шешемді ренжітпеймін дейтін қазақ қызы сүйгенімен кетіп жатыр. Мұны ерсі көріп отырған ел де жоқ. Осының бəрін істетіп отырған – заман.

Бұрын қазаққа малыңның  тұқымын  асылдандыр,  егінді жаңа ретпен сал, бақша орнат деп айтқандай болсаң, еріккендікпен айтасыңдар, көре-біле бейнетке белшесінен бат дегенің не? Ата жана бабаларымыздың ізімен жүре береміз деп үстірт қарайтын. Енді ол болмас: заманның жетегіне жүрмеген шаруаның мұрны жырылмақшы.

Осы күні тұрмыстың қай саласына болса да шаруашылық көзімен қарау қажет.

Шаруашылықтың заңы: шаруаның қай тарауынан шыққан заттар жақын базарға өтімді, пайдалы болса, сол тараудың өнімді болуына артық күш салу керек. Мəселен: үлкен қаланың айналасындағы жері аз шаруаларға астық салғаннан, топтан мал ұстағаннан бақшашылық жəне сүт шаруасы аса пайдалырақ болады. Темір жолдан қашық жерде бақшашылықтан астық салу пайдалы, темір жолдан 200 шақырымнан əрі жатқан аудандарда астық салғаннан мал өсірген пайдалы.

Шаруашылық көзімен қарағанда қазақ даласында шаруашылықтың өнетін салалары: 1) мал өсіру, астық салу, 3) шөп, жем егу, 4) сүт шаруасы, 5) бақшашылық.

Шаруаның қай саласын болса да түзеу үшін, гүлдендіру үшін білімге қоса шыдамдылық керек. Бақытсыздығымызға қарай, шыдамдылық – қазақ қанына толық сіңбеген сипат. Қазақта əлі жалқаулық, тұрлаусыздық мол, шыдамдылық жоқ: бірі істі бастаса, айағына жеткізбей, тастай береді. Бірақ жалқаулық пен тұрлаусыздық бір жола шегеленген, «қиаметке шейін қалмайды» деп ұғынуға жарамайды. Табанды тəрбиемен, заманның айдауымен шыдамдылық тумақшы.

(«Агроном»)

А.Байтұрсынов / "Ел - шежіре"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға