«Шарапат» орталығында бірлік күніне орай мерекелік шара өтті
«Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл іс-шараға орталықтың қызметкерлері мен қызмет алушылары белсенді қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Орталықта қазіргі таңда 338 адам тұрақты тұрып жатыр. Олардың қатарында бірінші және екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарт адамдар бар.
“Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Сәуле Қайырованың айтуынша, мекеме барлық қажетті жағдайлармен толық қамтамасыз етілген.

©El.kz/Амангүл Тілейқызы
Орталығымызда медициналық, психологиялық және еңбек терапиясы сияқты қызметтер жан-жақты көрсетіледі. Қызмет алушылардың жайлы өмір сүруі үшін материалдық-техникалық база да жоғары деңгейде. Бір бөлмеде екі адамнан тұрады, — деді ол.
Әлеуметтік бейімделу мен белсенді өмір сүруді ынталандыру мақсатында орталықта түрлі үйірмелер мен терапиялық іс-шаралар ұйымдастырылады. Аптасына үш рет өтетін вокалдық үйірмеде қызмет алушылар ән айтып, мерекелік кештерге қатысады. Сонымен қатар, еңбек терапиясы арқылы сурет салу, қолданбалы өнермен айналысу мүмкіндігі қарастырылған.
Бізде медициналық бөлімде терапевт, физиотерапевт, невропатолог және реабилитолог мамандар жұмыс істейді. Физиотерапия, пассивті және белсенді реабилитация, тренажер залдары мен парафинмен емдеу сияқты қызмет түрлері де бар, — деп толықтырды орталық басшысының орынбасары.
Қарттардың күнделікті белсенділігі де назардан тыс қалмаған. Таңертеңгілік дене жаттығуларынан бөлек, скандинавиялық жүріс және концерттік бағдарламалар да ұйымдастырылады. Сондай-ақ, жеке және топтық психологиялық жұмыс жүргізілетін сенсорлық бөлме де қарастырылған. Орталықтағы ең жасы үлкен қарт — 100 жаста. Ұзақ өмірдің иесі атанған қария орталықтың мерекелік шараларына да бейжай қарамай, ұжыммен бірге уақыт өткізеді.

©El.kz/Амангүл Тілейқызы
Мұндағы басты мақсат – қызмет алушылардың қоғамда өз орнын табуға көмектесу, әлеуметтік мәртебесін арттыру және сапалы өмір сүру мүмкіндігін қамтамасыз ету, — деді Сәуле Қайырова.
Мұндай іс-шаралардың өткізілуі аса қажеттілікке ие, себебі олар қоғамның ең нәзік топтарына – егде жастағы адамдарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өздерін толыққанды қоғам мүшесі сезінуге, әлеуметтік оқшауланудан шығуға мүмкіндік береді. Әсіресе, бұл орталық сияқты мекемелерде тұратын адамдар үшін мәдени-әлеуметтік іс-шаралар тек көңіл көтеру құралы ғана емес, сонымен қатар олардың психологиялық жағдайын жақсартудың, өзін-өзі бағалауын арттырудың тиімді әдісі болып табылады. Топтық шараларға қатысу арқылы осы адамдар жаңа қарым-қатынас құрады, өз қабілеттерін ашып, қоғамға қажеттілігін сезінеді. Бұл өз кезегінде олардың рухани-психологиялық жағдайын нығайтып, өмір сапасын айтарлықтай жақсартады. Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар қоғамда осы топтарға деген көзқарасты өзгертуге, олардың мәселелеріне қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.

