Жаңалықтар

Үшарал мен Үржар әуежайларындағы жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?

Мердігер ұйымдар жұмысты уақтылы орындамай, әуежайды ашу мерзімі кейінге шегерілген болатын
Үшарал мен Үржар әуежайларындағы жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?
Фото: gov.kz 14.07.2022 14:32 2762

Жергілікті атқарушы органдарға Үшарал және Үржар әуежайларындағы жөндеу жұмыстарын тез арада аяқтау тапсырылды, деп хабарлайды El.kz Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жобаға сәйкес, аталған әуежайларға ұшу-қону және бағдарлау жолақтарын салу, жарық-сигналдық жабдықтармен қамтамасыз ету қарастырылған. Бұл бағыттағы жұмыстарды Жетісу және Абай облыстарының әкімдіктері жүргізіп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар реконструкциялау жөніндегі барлық жұмыстарды туристік маусымның басталуына қарай аяқтауды жоспарлаған. Алайда, мердігер ұйымдар жұмысты уақтылы орындамай, әуежайды ашу мерзімі кейінге шегерілді.

«Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үшарал және Үржар әуежайларында құрылыс жұмыстарын дереу аяқтауды тапсырды», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Ал, Үшарал және Үржар әуежайларына субсидияланған рейстерді ұйымдастыру жұмыстары болса, мерзімінен бұрын аяқталды. Ол үшін қажетті қаржы бөлініп, рейстерді орындайтын авиакомпаниялар анықталған.

Үшарал-Алматы және Үшарал-Нұр-Сұлтан бағытында жолаушыларды «SCAT» авиакомпаниясы тасымалдайды. Рейстер жазғы маусымда аптасына 14 рет, ал қалған мезгілдерде аптасына 7 рет орындалады. Билет құны – 15-16 мың теңге болады.

Сондай-ақ, Үшарал-Талдықорған бағыты бойынша жолаушыларды «Жетісу» авиакомпаниясы тасымалдайды. Ол жазда аптасына 28, ал қалған мезгілдерде 14 рейс орындайды. Бұл бағытқа «L-410» ұшақтары ұшады. Билет құны – 8 мың теңге.

Үржар-Алматы және Үржар-Нұр-Сұлтан бағытында «Южное небо» авиакомпаниясы қызмет көрсететін болады. Аталған бағыттарға рейстерді «Ан-24» ұшағы орындайды. Рейстер жазғы маусымда аптасына 10 рет, ал қалған мезгілдерде аптасына 5 рет жасалады. Билет құны – 14-16 мың теңге болады.

Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша, Үшарал әуежайын 20 шілдеде, ал Үржар әуежайын тамыз айының бас кезеңінде ашу жоспарланып отыр.

Үшарал және Үржар әуежайларын жөндеуге уақытша жабу кезеңінде Алакөл жағалауына жету жолы ретінде қосымша пойыздар қарастырылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға