Жаңалықтар

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына қатысушы елдердің әйелдер форумы өтті

Форум қорытындысы бойынша Ташкент Коммюникесі қабылданды
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына қатысушы елдердің әйелдер форумы өтті
Фото: gov.kz 19.08.2022 21:03 1816

Ташкент қаласында (Өзбекстан) Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына қатысушы елдердің әйелдер форумы өтті, деп хабарлайды El.kz  Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Форумның негізгі мақсаты – гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ орнықты даму басымдықтарына қол жеткізуге байланысты Форумға мүше елдердің өзара іс-қимылын нығайту бойынша ШЫҰ мемлекеттерінің өзара іс-қимылын одан әрі дамыту.

Форумды ел Үкіметі, ШЫҰ халық дипломатиясы орталығы және Өзбекстан Республикасының Отбасы және әйелдер істері жөніндегі мемлекеттік комитеті ұйымдастырды.

Қазақстандық делегация құрамына ҚР Парламенті, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өкілдері кірді.

Форумның ашылуында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева құттықтау сөз сөйледі.

Өз сөзінде А.Балаева бүгінде ШЫҰ кеңістігіндегі елдердің табысты дамуы әйелдердің көп жағдайда мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің түрлі салаларына қосқан жасампаз үлесіне байланысты екенін атап өтті.

«Бұл ШЫҰ-ға мүше елдердің БҰҰ-ның Орнықты даму, пәрменді гендерлік теңдікті қамтамасыз ету саласындағы мақсаттарына бейілділігін және олардың экономика мен биліктегі, шешімдер қабылдау үдерістеріндегі әйелдердің рөлін арттыруға ұмтылысын айқын көрсетеді», - деп атап өтті Ұлттық комиссия басшысы.

Қазақстандық делегацияның басшысы АСЕАН, ЭЫДҰ сияқты серіктес ұйымдардың алаңдарында әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін ілгерілету мәселелері бойынша ШЫҰ елдерінің үкіметтік, іскерлік және ғылыми топтарының бірлескен іс-қимылдарын дамытуды ұсынды.

Сондай-ақ, ШЫҰ Хатшылығының назары ШЫҰ-ның осы бағыттағы ынтымақтастық жөніндегі қосалқы құрылымының іргетасын қалау мақсатында БҰҰ-ның Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссиясы жұмысының әдістерін зерттеудің маңыздылығына аударылды.

Сөз соңында А.Балаева форум қорытындысы ШЫҰ елдеріне әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, әйелдер бастамаларын ілгерілету және ұйымның қызметіне әйелдердің қатысуын кеңейту бойынша табысты тәжірибемен және үздік тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Қазақстандық делегация мүшелері форумның пленарлық және секциялық алаңдарына белсенді қатысты.

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның орынбасары, Парламент Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен «Әйелдердің қоғамдық-саяси өмірде маңызды рөл атқаратын шешімдер қабылдауға қатысуы» тақырыбында баяндама жасап, «Пандемия сын-тегеуріндерін еңсерудегі гендерлік үлес» сессиясын модерациялады.

Сонымен қатар, Форумға қазақстандық QazVac вакцинасын әзірлеуші, «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» РМК бас директоры Күнсұлу Закария қатысты.

Ол халықаралық алаңға қатысушыларға Қазақстанның QazVac вакцинасын әзірлеу тәжірибесі және осы саладағы ғылыми қызметтің басым бағыттары туралы айтып берді.

Форумға ШЫҰ-ға мүше елдердің гендерлік мәселелер жөніндегі мемлекеттік органдарының басшылары (ресми делегациялардың басшылары), депутаттар, саяси және қоғам қайраткерлері, халықаралық азаматтық қоғам институттарының өкілдері, сарапшылар, ғалымдар, БАҚ өкілдері қатысты.

Форум қорытындысы бойынша Ташкент Коммюникесі қабылданды.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға