Жаңалықтар

Шамалы сабыр сақтаңыздар. Министр Маралдыдағы алтын қазушыларды күте тұруға шақырды

Шамалы сабыр сақтаңыздар. Министр Маралдыдағы алтын қазушыларды күте тұруға шақырды
Фото: t.me/KZgovernment 02.05.2023 13:32 910

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Маралды ауылындағы алтын өндіру фабрикасының мәселесі 15 мамырға дейін шешілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін Үкімет отырысынан кейін тілшілер министрден Шығыс Қазақстан Күршім ауданы Маралды ауылының мәселесі жөнінде пікірін сұраған еді.

Жалпы алтын зауыты бойынша осы апта емес, келесі аптада әкімдіктің өкілін, сонымен қатар, жергілікті халықпен қосымша кездесу өткіземіз. Содан соң ғана жауап береміз. Өйткені, бірнеше мәселе бар. Айтып жатқандарыңыз дұрыс, екі тарап бір-бірімен келісімге келіп тұрған жоқ, - деді Марат Қарабаев.

Ол «нақты шешім қабылданды» деп айта алмайтынын, келесі аптада әр тарапты тыңдағаннан кейін жауап бере алатынын айтты.

 Шамалы сабыр сақтаңыздар. 15-не дейін (мамырдың) бәрінің басын қосып, содан кейін қосымша айтамыз, - деді министр.

Айта кетейік, ШҚО Күршім ауданы Маралды ауылының халқы алтын өндіру фабрикасының құрылысына қарсы шығып жатыр. Халық тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға