El.kz

Шәкәрім туралы екі актілі музыкалық драма Астанада алғаш рет сахналанды

19.09.2025 23:30

Астанада Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылық мұрасына арналған жаңа қойылымның премьерасы өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл қойылым – ұлы ойшыл, ақын және композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының өмір жолы мен рухани мұрасын терең бейнелейтін сахналық туынды. Музыка мен театр тілі арқылы ойшылдың даналығы мен ұстазы Абаймен рухани сабақтастығы көрермен жүрегіне жол тапты.

Драматург Ермек Аманшаев жазған пьеса ақынның күрделі тағдырын, рухани ізденістерін, адамгершілік, әділет пен махаббат туралы терең пайымын нәзік өрнектейді. Шәкәрім мен Абай арасындағы бауырлық байланыс, ел болашағына деген азаматтық жанашырлық – спектакльдің негізгі өзегі.

Басты рөлді «Абай – Тоғжан» қойылымынан жақсы таныс актер Аян Өтепберген сомдады.

Бұл премьераны ұзақ күттім. Абайдың бауырын бейнелеу – үлкен жауапкершілік. Образға ену үшін мол деректерді зерттеп, көп дайындалдым. Команданың қолдауының арқасында барынша шынайы көрсетуге тырыстым, – дейді ол.

Қойылым көрерменді Шәкәрімнің балалық шағынан бастап кемел шағына дейін жетелейді. Музыка, хор мен би үйлесімі оның бай мұрасын, адамгершілік өсиетін терең сезіндіреді. Авторының айтуынша, бұл – жай ғана өмір жолы емес, «ұлттың мәңгілік сұрақтарына жауап іздейтін рухани айна».

Қойылымды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров сахналаған. 

Өкінішке қарай, бұған дейін Шәкәрім жайлы көлемді екі актілі спектакль қойылған емес. Сондықтан біз тарихи драманы осындай ауқымды форматта алғаш рет ұсынып отырмыз. Әрине, дайындық кезеңі күрделі де ұзақ болды, репетициялар кейде таңғы бес-алтыға дейін жалғасты. Кейіпкердің болмысын терең ашу үшін актерлермен жеке-жеке үздіксіз жұмыс істеуге тура келді,- деді Астана қаласы музыкалық Жас көрермен театрының директоры.

Шәкәрімнің бала кезін сегіз жасар Даниал Нұрлан бейнеледі. Алты жасынан сахнаға шыққан жас актер бастапқыда рөлге кіру қиын болғанын айтады.

Әкесінен айырылған баланың рөлін ойнау оңай болған жоқ. Бір ай дайындалып, көп еңбектендім. Репетициялардан соң образға еніп үйрендім, – дейді.

«Шәкәрім» премьерасы – ұлы ойшылға тағзым ғана емес, ұлт рухына құрмет көрсететін ерекше оқиға. Қойылым Абайдан бастау алған гуманизм, әділет пен елге деген шынайы сүйіспеншілік сияқты асыл қасиеттерді бүгінгі ұрпаққа көркемдікпен жеткізіп, рухани сабақтастықтың жарқын үлгісін көрсетті.