Жаңалықтар

Шахтадағы апат: Франция мен Қырғызстан президенттері көңіл айтты

Шахтадағы апат: Франция мен Қырғызстан президенттері көңіл айтты
28.10.2023 21:14 898

Франция президенті Эммануэль Макрон мен Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров Костенко шахтасындағы төтенше жағдайдан қаза тапқан қазақстандық кеншілердің отбасыларына көңіл айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанға ресми сапарыма, қазақ халқына деген достық қарым-қатынасымды көрсетуге бірнеше күн қалғанда ел шахталарының біріндегі қайғылы жағдай туралы хабар келді. Шахтада қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын, – деп жазды Эммануэль Макрон әлеуметтік желіде.

Садыр Жапаров бүтін қырғыз жұрты атынан көңіл айтты. 

Қазақстанның Қарағанды облысы Костенко атындағы шахтада болған апат салдарынан адамдардың көз жұмуына байланысты барлық қырғыз халқының және өз атымнан қайғыра көңіл айтамын.

Орны толмас қазаға ортақпыз, мерт болғандардың отбасылары мен жақындарына төзімділік және берік болуды тілейміз. Зардап шеккендердің барлығына жылдам сауығып кетуге тілектеспін, - деді Қырғызстан президенті.

Сондай-ақ Түркия Сыртқы істер министрлігі Facebook-тегі ресми парақшасы арқылы Қазақстан халқына көңіл айтты.

Қазақстандағы шахтада апат болғанын күйзеліспен қабылдадық. Қаза болғандардың жақындарына көңіл айтамыз және зардап шеккендерге тезірек сауығып кетуді тілейміз.

Түркия дос әрі бауырлас ел – Қазақстан үкіметімен және халқымен әрдайым бірге екенін жеткіземіз, - делінген жазбада.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға орай көңіл айтқан барлық шет мемлекеттер басшылары мен қазақстандықтарға ризашылығын білдірді.

Қаза болған кеншілердің отбасыларына көңіл айтып, осынау қиын сәтте жылы лебіздерін жолдап, қолдау көрсеткен мемлекеттер басшыларына, қоғам қайраткерлеріне, азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деп жазды Мемлекет басшысы Х парақшасында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға