Жаңалықтар

Шахмұрат Мүтәліп қазақ боксындағы былықты тазалай ала ма?

Шахмұрат Мүтәліп қазақ боксындағы былықты тазалай ала ма?
Фото: Қазақстан бокс федерациясы 08.02.2024 12:40 1246

Бұл апта біз күтпеген ірі ауыс-түйіспен басталды. Дүйсенбі күні Қазақстан бокс федерациясына жаңа басшы келді.

33 жастағы Шахмұрат Мүтәліп осы ұйымды төрт жыл басқарған Кеңес Рақышевты алмастырды. Олимпиадаға аз қалғанда мұндай қадамды күтпегеніміз анық. Бірақ соңғы кезде басынан бұлт арылмаған отандық бокста әйтеуір бір өзгерістің болары анық еді.

Қазақстан бокс федерациясының президенті қызметіне Шахмұрат Мүтәліп келді. Дереккөздерге сүйенсек, жаңа басшының өзі де кезінде бокспен шұғылданған. 33 жастағы маман Малайзияда білім алып, бүгінге дейін бизнес саласында қызмет етіп келді. Ал жасөспірім шағында былғары қолғабын біржола шешкен ол араға жылдар салып, шаршы алаңға қайта оралып отыр. Енді ол спортшы емес, осы саланың функционері ретінде жұмыс істеп көрмек.

Кәсіби боксшы Жанқош Тұраровтың айтуынша, Мүтәліп те мәрттігімен танымал екен. Ол жуан жұдырықты жігіттерге әрдайым қолдау көрсетіп келіпті. Тек мұнысын көпшілікке жария қылмаған.

Шахмұрат – бокс десе ішкен асын жерге қоятын, әрбір қазақ боксшысы үшін шынайы жанкүйер болатын жан. Оның талай спортшыға дем беріп, қолдау көрсеткенін ешкім біле бермейді. Менің спорттағы даңғылымда да Шахмұрат досымның демеуі көп болды, – деп жазды боксшы әлеуметтік желідегі ресми парағында.

Қазақ жанкүйері үшін нөмірі бірінші спорт түрі саналатын бокстағы мұндай өзгеріс не үшін қажет болды? Біздің болжам бұл ауыс-түйістің артында Токио Олимпиадасы мен Азия ойындарындағы сәтсіздіктің тұрғанына саяды. Осы аралықта әлем чемпионаттарынан жеңіп алған алты алтын да ақшалы һәм тәжірибелі Рақышевты құтқарған жоқ. Неге?

Біріншіден, соңғы кездері қазақ боксына сын жиі айтыла бастады. Оған себеп те жоқ емес. Тәуелсіздік алғалы бері Олимпиададан алтынсыз қайтпайтын боксшылар Токио төрінде екі қоланы қанағат тұтты. Атлантадан кейін биігінен түспеген қазақ боксының нағыз құлдыраған шағы осы болатын. 2020 жылғы жазғы ойындар біздің боксшылардың дәрменсіздігін көрсеткен алғашқы ірі жарыс ретінде тарихта қалды.

Екіншіден, әлем чемпионаттарында жеңіп алған алты алтын медальді (Белград, 2021 – 2 алтын, Теміртас Жүсіпов пен Сәкен Бибосынов; Ташкент, 2023 – 4 алтын, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай) ХОК мойындайтын бәсекелерде қорғау мүмкін болмады.

Естеріңізде болса, Халықаралық Олимпиада комитеті Халық¬аралық бокс қауымдастығын (ІВА) мәртебесінен айырып, аталған ұйым өткізетін турнирлерді мойындамайтынын мәлімдеген. Қазақстан ІВА-ға балама ұйым ресми түрде құрылмағандықтан, ресейлік Умар Кремлев ұйымдастырған екі әлем чемпионатына қатысты. Бірақ мұндағы жетістікті лицензиялық жарыста қайталау тағы да қолымыздан келмеді.

Үшіншіден, Ханчжоудағы Азия ойындарында болған сәтсіздікті еске салайық. Халықаралық Олимпиада комитеті өткізген бокс турнирі төрешілік тұрғысынан көп сұрақ қалдырса да, командадағы бірді-екілі боксшыдан басқасы қарсыласын айқын басымдықпен ұта алмады. Әдетте, Олимпиададан неше алтын аламыз деп бас қатыратын жанкүйерлер енді қанша жолдама бұйырады деп алаңдаулы. Яғни, әлемдік бокс алпауыттарымен бір қатарда тұратын қазақ боксы жүлде түгілі, жолдамаға қуанатындай мүшкіл халге жетті.

Төртіншіден, халықаралық қатынастардың дұрыс жолға қойылмауы себеп. Қазір әлемдік жарыстарда Қазақстан атынан қызмет ететін төреші таппайсыз. Әлемдік ұйымдарда еңбектенетін мамандарымыз да жоқтың қасы. Осының салдарынан тең дәрежеде өткен жекпе-жектерде біздің спортшыларды қарсыласқа жығып беретін сәттер көп. Тіпті, жоғарыда демеу болатын тұлғамыздың жоқтығын білетін бапкерлер де күмәнді кездесулерден соң төрешілерге шағым түсіруге құлықсыз. Қанша жерден әділдікті жақтасаң да, халықаралық федерацияларда бір өкілің болғаны біраз мәселені шешетінін мойындау керек.

Сондай-ақ ұлттық құрамадағы ауызбіршіліктің бұзылуы, қыздар командасындағы бітпейтін дау-дамай мен бапкерлердің өкпе-реніші де федерацияның беделіне біраз нұқсан келтірді. Мәселен, Азия ойындарынан соң командадағы кейбір боксшылардың бірлікте болмағанын бас бапкер Мырзағали Айтжановтың өзі айтты.

Ал қыздар құрамасында бір дау бітсе, екінші даудың шеті шығарына етіміз үйреніп қалды. Бұған дейін Ангелина Лукас үнемі шу шығарып келсе, енді олардың қатарына Надежда Рябец қосылды. Ел чемпионатын екі рет ұтқан Владислава Кухта есімді талантты боксшының құрамадан орын таппай, Венгрия азаматтығын алғаны да федерация жұмысында біраз олқылықтың барын көрсеткендей. Әрине, жаңа басшы мұның бәрін Париж Олимпиадасына дейін шешеді деп ойлауға ерте. Қазіргі міндет – боксшылардың бұған дейінгі дайындығына кедергі келтірмей, олардың алаңсыз жаттығуына мүмкіндік жасау.

Шахмұрат Мүтәліптің жұмысына біз Париж Олимпиадасынан кейінгі циклде баға береміз. Бір анығы, оның алдында тұрған міндет көп. Әсіресе, командадағы атмосфераны реттеп, халықаралық қатынастарды жолға қойып, қазақ боксының жеңісті дәстүрін қайта жалғастыру керек-ақ...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға