Жаңалықтар

Шахматпен жан бағуға бола ма? Гүлісхан Нахбаева жауап берді

Шахматпен жан бағуға бола ма? Гүлісхан Нахбаева жауап берді
Фото: instagram.com/guliskhan 28.06.2023 21:46 1238

Еліміздің бойжеткендері шахматты жаңа деңгейге көтергені рас. Түрлі турнирлерде топ жарып жүрген қыздарымыздың нәтижелері шынымен де мақтанарлықтай. Ал ерлер шахматы қашан дамиды? Ұлдар арасында мықтылардың жоқтығына не себеп? Жалпы шахматпен күн бағуға бол ма? Осы және өзге де сауалдарға гроссмейстер Гүлісхан Нахбаева «Халық үні» YouTube арнасына берген сұхбатында жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

– ФИДЕ-де ерлер мен әйелдер арасындағы сыйақы мөлшері екі түрлі. Неге ерлер әйелдерге қарағанда көбірек қаржы төленеді?

­– Бұл мәселе әлі де өзектілігін жоймағаны рас. Бірақ бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Шахматтағы әйелдердің рөлін, мәртебесін, жалпы қыздар арасында шахматқа деген қызығушылықты арттыруға бағытталған жұмыстар жүріп жатыр. 2022 жыл ФИДЕ-де Әйелдер жылы болды. Еуропа чемпионатында ерлердің де, әйелдердің де сыйақысы бірдей. Өздеріңіз білесіздер, былтыр блиц пен рапидтен әлем біріншілігі 25-31 желтоқсан аралығында Алматыда өтті. Бұл чемпионатта да сыйақы тең болды. ФИДЕ-нің қолдауымен өтетін турнирлерде біртін-біртін теңдік орнап келеді. Барлығын бірдей бақылау мүмкін емес, себебі олардың арасында жеке демеушілер есебінен ұйымдастырылатындар бар.

ФИДЕ мәліметінше, әлемде жылына 120 мыңдай жарыс өтеді. Шахмат танымал спорт түріне айналды. Дүниежүзінде 6 миллионнан астам адам шахматқа қызығушылық танытады. Тиісінше бұл турнирдің бәрін бақылауда ұстау мүмкін емес. Дегенмен ресми жарыстардағы сыйақылар теңесіп келеді.

– Елімізде қыздар шахматында өзара сабақтастық бар, сіздер бастасаңыздар, сіздерден кейінгі қыздар да ауыз толтырып айтарлық нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Өкінішке қарай, ерлер арасында мұндай үрдіс байқалмайды. Оған не себеп деп ойлайсыз?

– Бұл мектепке байланысты шығар. Өзімнің де Шымкентте шахмат мектебім бар, сонда байқағаным, ата-аналар негізінен қыздарын әкеліп, «Гүлісхан, қызым сіз секілді шахматшы болсын деп әкелдім» дейтін. Сонда «Ұлыңыз ше?» деп сұраймын ғой. «Ұлымды каратеге, боксқа» бердім деген жауап алатынмын.

Менің, Жансая Әбдімәлік, Бибисара Асаубаевалардың жеңісі өзге қыздарға үлгі болып жатыр. Жігіттер арасында нәтиже болмаған соң, көбісі ұлымыз ертеңгі күні отбасын шахматпен қалай асырайды деп қорқады. Сол үшін де ақпараттық насихат керек. Одан қалды мықты бапкерлердің жоқтығы да маңызды рөл ойнайды. Себебі баланың бабын келтіріп, бағын ашатын ­– бапкер.  Көптің арасынан дарынды көре білетін де сол бапкер.

Ата-ана тарапынан да қолдау көрсетілуі керек. Өйткені баласының болашағына сеніп, оған қолдау білдірмесе, нәтиже күту қиын. Қай чемпионның тарихын қарасаңыз да, баласының шахматпен айналысуына  ата-анасының бірі себепкер болғанына көз жеткізесің. Мені де шахматқа анам апарды. Баласының ештеңеге алаңдамай, бар назарын шахматқа аударуына себепкер болған ата-аналар құрметке лайық. Міне, осындай ата-аналарға алғыс айтамын.

Кезінде жарыстарға қатысып жүріп, ешқандай сыйақы алмайтын едік, жол ақысын төлесе, соған қуанушы едік. Тиісінше сол кездерде өнер көрсеткен қыздар тұрмыс құрып, балалы болған соң, шахматты қоятын. Өйткені материалдық қолдау жоқ. Ал қазір жағдай бөлек, тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бірнеше рет арнайы қабылдап, жеңіспен құттықтады. Мемлекет басшысы балаларымыз ақылды, білімді болсын дегенді алға тартады, шахмат арқылы балаларымызды өмірге дайындау керектігін жақсы біледі. Соның арқасында қазір бұл зияткерлік ойынға қызығушылық күрт артты. Меніңше, алдағы бес жылда балалар арасында чемпион ұлдар пайда болады.

­– Шахматпен жан бағуға бола ма?

– Әрине, бәрі сіздің қай деңгейге жеткеніңізге байланысты. Әртүрлі халықаралық жарыстар бар, олардың өз сыйақылары бар. Тапқан табысыңмен отбасыңды қиналмай асырау үшін топ-20-ға кірген жөн.

­– Қазақстандық шахматшыларды бақуатты деп айтуға келе ме?

– Бұл сауалға әр шахматшы өзі жауап бергені жөн. Дегенмен елдің алдында жүрген шахматшыларымыздың тұрмыс деңгейі жақсы деп ойлаймын. Себебі олар түрлі жарыстарда жүлдегер атанып жүр, соған сәйкес сыйақысын да алады. Одан қалды біздің елімізде де спортқа, шахматқа жақсы көңіл бөлінеді, қаржылай марапат ұсынып жатады.

Сонымен қатар Жансая Әбдімәліктің, Динара Сәдуақасованың шахмат академиялары бар.

– Ал қазір қарапайым отбасында дүниеге келген бала танымал шахматшы бола ала ма?

– Біздің мақсатымыз – тұрмыс деңгейіне, басқаға қарамастан, баланың барлығына бірдей мүмкіндік жасау. Ол оңай дүние емес. Кейде ата-аналар балаларының аздап қиналғанын көрсе, «болды, таста, басқа үйірмеге барасың» деп үзілді-кесілді шешім қабылдап жатады. Мұндайда мотивацияның маңызы зор. Себебі бала бай отбасында дүниеге келуі мүмкін, бірақ оның бойында жеңіске деген ұмтылыс болмауы мүмкін. Өздеріңіз білетіндей, біздің әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында топ жарып жүрген саңлақтарымыздың көбісі ауылдық жерден, қарапайым отбасында дүниеге келген. Олар тұрмыс деңгейімді жақсартсам, көбірек ақша тапсам деп талпынады.

Өз басым 14 жасымда Азия чемпионатына қатысу үшін Үндістанға бардым, сол жолы 5-орын алғанмын. Ел, жер көрдім, жаңа адамдармен таныстым. Яғни мемлекеттік қаржыландырудың арқасында да шетел көруге, шахматта мықтылармен ойнауға, солардың тәжірибесін үйренуге болады екен деген ой келді. Менің басты мотивациям осы еді.

Екіншісі ­– анамның маған деген сенімі мен үміті. Ол кісі бала күнімнен: «Гүлісхан, сен қатардағы қыз емессің, ерекшесің, бұл өмірге арнайы миссиямен келдің» деп айтып отыратын.

Шыны керек, бала боп ойнаған да жоқпын, өйткені бапкерім шахматтан бөлек, жүзу, жүгіру секілді спорт түрлерімен айналыссын деп тапсырма берген. Ойнағым-ақ келетін, бірақ анам жарыстан келген соң қайта жарысқа жіберетін. Балалық шағым, жастық шағым оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар арасында өтті.

– Шахматшылардың барлығына бірдей спорт түрлерімен айналысу жайлы талап қойыла ма?

– Шахматта физикалық ауыртпалық жоғары. Себебі шахматтағы бір ойынның өзі 5-6 сағатқа, тіпті 7 сағатқа дейін созылуы мүмкін. Яғни мұндайда кім физикалық тұрғыда мығым болса, соған жеңіл соғады. Сол үшін де шахматшылар жүгірумен, жүзумен және өзге де спорт түрлерімен тұрақты айналысады. Мысалы, менде жарысқа дайындықтың бағдарламасына бір сағат жүгіру мен бір сағат жүзу кіретін.

– Шахмат сізге не берді?

– Шахмат маған бәрін берді. Тіпті күйеуімді де шахматтың арқасында таптым (күліп). Мақсат қоюды, оған жетуді үйрендім. Одан қалды танымал болдым, халық әлі күнге дейін шахматшы қыз деп, ақыл-кеңесін сұрап тұрады.

– Президентпен кездесіп, шахматтың болашағы туралы талқыладыңыздар. Сіз не ұсындыңыз?

– Бұл кездесу Дүниежүзілік олимпиада алдында өткен болатын. Ол кісі бізге сәттілік тіледі. Федерация президенті елімізде шахматты дамыту, әсіресе балалар арасында дамытудың жоспарын таныстырды. Білім басқармасында жұмыс істеп жүргенімде, шахматты мектеп бағдарламасына енгізуді әкімге ұсынғанбыз. Әкім бастамамызды қолдап, шахмат дене шынықтырудың үшінші пәні ретінде өткізіле бастады. Бұл пилоттық жоба болатын. Кейіннен министрлікке айтылып, сол кездегі министр Асхат Аймағамбетов қолдау білдіріп, өңірлерге тапсырма берілді. Яғни әр бала шахматты тегін үйрене алады. Факультатив ретінде емес, кәдімгі толыққанды пән ретінде. Президентпен кездесуде осы мәселе де, халықаралық тәжірибе де айтылды.

Негізі Президентіміз шахмат әлемінде көп жаңалықтан хабардар екен. Дипломат болып жүргенде талай мықты шахматшылармен жеке танысқанын айтты.

– Өзіңіз шахматпен біржола қоштастыңыз ба?

– Ұлттық құрама сапындамын, бірақ айлық алмаймын, себебі мемлекеттік қызметтемін. Құрама көмектесу, еліміздің намысын қорғау мақсатында кейде жарыстарға қатысып тұрамын. Бірақ үш баланың анасымын, кішкентайым небәрі 1,5 жаста. Одан қалды мемлекеттік қызметте болғандықтан, дайындыққа уақыт қалмайды, ал жарысқа даярлықсыз бару дұрыс емес. Себебі жеңілгенді ұнатпаймын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға