Жаңалықтар

«Шағымдарды елемейді». Депутат Қазақстандағы жолдың сапасына тексеру жүргізілмейтінін сынға алды

«Шағымдарды елемейді». Депутат Қазақстандағы жолдың сапасына тексеру жүргізілмейтінін сынға алды
Фото: parlam.kz 12.06.2024 12:10 557

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы өңірлердегі жолдардың сапасына қатысты көлік министріне ескерту жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Халықтың «трассалар тас талқан болып жатыр, жол шұрық тесік, жүру мүмкін емес» деген арыздарын үнемі жеткіземіз, айтамыз. Бірақ сол ескертпелерге құлақ асып жатқаны шамалы. Осы тұрғыда жолдардың жай-күйін бақылау үшін жол активтерін басқарудың ақпараттық жүйесі іске қосылады деген еді. Жалпы бұл жүйе жоспар бойынша 2019 жылы іске асуы керек болатын. Бірақ кейінге шегіріліп, қазір дедлайн 2025 жылы деп көрсетіп тұр. Ал осы жүйе уақытылы жүзеге асқанда, жолдардың сапасын екі рет тексеруге мүмкіндік болатын еді. Ең қызығы ақпараттық жүйе әлі жүзеге аспағанмен саладағы инвестициялар мен қарыздар бір минутқа болсын тоқтаған емес. Осы тұрғыда нақты сұрақ туады, «Дәл осы жүйені енгізуді кешіктірудің себептері қандай? Нақты қай уақытта енгізіледі?» Өйткені 5 жылдан бері әлі кешіктіріліп келе жатқан жүйе 2025 жылы жүзеге аса қояды дегенге ешкім сене қоймас! Жалпы бүгінге дейін елдегі жолдарды толық тексеру, зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр ма?, - деді мәжілісмен.

Депутаттың сөзінше, елімізде жолдардың сапасын тексеретін «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» бар. Жоғары аудиторлық палатасының есебінше, бұл орталықтың көрсеткен кемшіліктерін тапсырыс беруші де, мердігер де уақытылы жоймайды, елемейді, тіпті ескермейді.

Бұл орталық бір алған сынаманы өздері зерттейді және мердігерлерге де қосымша зертханалық қызметкер ретінде береді екен. Яғни бір сынама үшін бюджеттен 2 есе ақы алады деген сөз. Сонда бұл елдегі жолды сапасы қалай жүзеге асып жатқанын кімге сенеміз және қалай зерттейміз?, - деп атап өтті депутат.

Нартай Аралбайұлының көтерген мәселесіне көлік министрі Марат Қарабаев жауап берді.

Жол активтері сапасының ұлттық орталығы жұмыс істеп тұр, бірақ жартылай ғана жұмыс істейді. Оның мақсаты қалай? Мысалы, бізде 25 мың шақырым республикалық жол болса, олар әр жолға диагностика жасайды. Жыл сайын өзінің қолындағы құралдармен 16 мың жолға диагностика жасап отырады. Оның барлығы ақпарат жүйеге қосылып жатыр. Басты мақсаты - 16 мың шақырымды толығымен диагностика жасаған соң, өзі есептеп шығаруы керек. Мысалы, қай жолды орташа жөндеуден өткізу керек, қайсы күрделі немесе қай жолды биыл жөндеу керегін дайындап шығаруы керек еді. Дегенмен ондағы диагностикалардың барлығы жүйеге салынып жатыр, - деп түсіндірді министр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға