Жаңалықтар

Шағын несие беру ұйымдарының 99 пайызы заңсыз жұмыс жасайды – заңгер

Соның салдарынан халық көп зардап шегіп жүр.
Шағын несие беру  ұйымдарының  99 пайызы заңсыз жұмыс жасайды –  заңгер
Фото: bugin.kz 25.08.2022 15:43 3976

Елде шағын несие беру ұйымдарының қызметіне жүгінетіндердің саны аз емес. Содан да болар қаржылық ұйымдардың да қарасы қаптап кетті. Жоғары пайызбен несие беретін бұл мекемелер халықты алдап отырған жоқ па? Біз бүгін заңгер, адвокат Қабанбай Қуанышевпен шағын несиелік ұйымдардың ұйығына батқандар мен одан құтылудың жолдары жайлы сөйлестік.

– Жақында «Банкте берешегі бар адамдарға несие берілмейді» деген заң қабылданды. Осы туралы толығырақ айтып беріңізші.

– Несиелік жүктеме деген түсінік бар. Ол сіздің несие төлеу мүмкіндігіңіз деген сөз. Мәселен, жалақыңыз екі жүз мың болса сіз жүз мыңға дейінгі несиені төлей аласыз. Ал қалған жүз мың теңге сіздің жеке шығындарыңыз деп саналады. Егер несиге төлейтін сомаңыз осы жүз мың теңгеден, яғни табысыңыздың 50 пайызынан асып кеткен болса, сізге екінші несие берілмейді. Яғни сіз ол несиені төлей алмайсыз деген сөз.

– Несиенің негізгі пайызына қарағанда сыйақы мөлшері көп болады. Бұл заңмен бекітілген бе, әлде әр банктің қалауы бойынша қойылады ма?

– Негізі пайыз бен сыйақы екеуі бір ұғым. Ұлттық банк бекіткен заң бойынша жылдық мөлшер 100 пайыздан, күндік мөлшер 0,19 пайыздан аспау керек. Егер осы мөлшерден асқан жағдайда заң талаптары бұзылады. Бұрын банктер қызмет көрсеткені үшін де несиенің үстіне қосымша қаржы қосатын. Қазір бұл тоқтатылды. Өйткені ол заңсыз жасалған. Біз сол кездері бірнеше кісінің банкке артық төлеген қаржысын қайтарып алуына көмектескен де болатынбыз.

– Несие тарихы бұзылған жағдайда не істеуге болады?

– Оны қалпына келтіруге болады. Бірақ ол несие тарихының қандай жағдайда бұзылғанына байланысты. Егер шағын неси беру ұйымдарынан бұзылған болса оны несие тарихыңыздан алып тастауға болады. Мұндай жағдайда сот арқылы несие берген ұйыммен тұтынушы арасындағы келісім шарттың заңсыз екенін дәлелдеу керек. Себебі ондай ұйымдарда заңсыздықтар көп орын алады. Ал егер екінші деңгейлі банктерден алған несиеңіз төленбай қалып, несие тарихыңыз бұзылған болса несиеңізді толық төлеп болғаннан кейін банк өзі белгілі бір уақыта базаны жаңартып отырады. Ол енді әр банкте әртүрлі. Бірақ олар барлығын заң талаптарына сай жасайды.

– Несие тарихын қалай тексеруге болады?

– Қазір бұл халыққа өте қолжетімді. Кез келген Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан немесе электронды үкімен арқылы ЖСН номеріңізді теріп, өзіңіздің несиеңізге қатысты барлық ақпаратты алуға мүмкіндік бар.

Мәселен дамыған мемлекеттерде несие тарихы туралы түсінік басқаша. Оларда пәтер ақысы, судың, жылудың ақысы секілді төлемдердің барлығы несие тарихына түседі. Егер сіз пәтер жалдап алғыңыз келсе міндетті түрде несие тарихыңызға қарайды. Әзірге біз ондай деңгейге жете қойған жоқпыз. Дегенмен несие трихына аса мұқият қарау керек.

– Көбейіп кеткен несие пайызын төмендету мүмкін бе?

– Бұл екі жағдайда мүмкін. Біріншісі банкке немесе шағын несие беру ұйымына өтініш жазу арқылы, екіншісі сот арқылы. Егер сіздің несиеңіздің үстіне заңсыз пайыз немесе айыппұл қосылған болса сот сіздің тарапқа тиімді шешім шығарып береді.

– Несие алған кездегі сақтандыруға ұсталған қаржы қайтарыла ма?

– Оның да екі жағдайы бар. Егер сіз бір жылға деп несие алып, оны үш айдан кейін толық жауып тастасаңыз, сізге қалған жеті айдың сақтандыру қаржысы қайтарылады. Ал толық бір жылдан кейін жабатын болсаңыз қайтарылмайды. Кейде банктер өздері автоматты түрде есептеп «егер несиеңізді уақытынан бұрын жапсаңыз осынша қаржы үнемдейсіз» деп айтады. Яғни, сіздің несиеңіздің белгілі бір бөлігін сақтандырудағы ақшаңыз жапты деген сөз.

– Кейде сот орындаушылары ескертусіз кредиттік шотты бұғаттап жатады. Бұл заңды ма?

– Иә, заңды. Сот орындаушы шотты бұғаттау үшін ешкімге ескертпейді. Себебі ол аты айтып тұрғандай орындаушы ғана. Ал шешімді сот шығарады. Сондықтан ескертуді сотқа берген мекеме мен сот жасау керек. Негізі сот адамдардың тіркелген мекенжайына ескерту парағын почта арқылы жібереді. Алайда көп адамның тіркелген мекенжайы мен тұрғылықты мекенжайы бөлек болғандықтан білмей қалып жатады.

– Көп жағдайда шағын несие беретін ұйымдардың келісім шарты заңсыз болады деген қаншалықты рас?

– Рас, шағын несие беру ұйымдарының 99 пайызы заңсыз жұмыс жасайды деп айтуға болады. Кезінде елге пайызға ақша беріп жүргендер қазір заңға өзгертулер енгізілгеннен кейін жеке ЖШС ашып, шағын несие беретін ұйым болып алған. Басым бөлігі көбірек ақша табу үшін заңсыздықтарға барады. Бұлар ешкімнің несие тарихына, төлем қабілетіне қарамай қаржы таратумен айналысады. Және пайыздары да Ұлттық банк белгілеп берген мөлшеден әлдеқайда жоғары болып жатады. Соның салдарынан халық көп зардап шегіп жүр. Менен көмек сұрап келетіндердің көбі осы шағын несие ұйымдарының ұйығына батып кеткендер. Бірін жабу үшін екіншісін алып аяғында он несиеге дейін алғандар бар. Біз ұйымды сотқа беріп, пайздың, келісім шарттың заңсыз екенін дәлелдеп, артық төлеген қаржысын сот шешімімен заң шеңберінде қайтарып береміз. Тіпті бұл ұйымдардан алған несиесін пайызымен төлеп тастаған адамдар болса біле жүрсін, кезінде төлеген артық ақшасын бүгін де қайтарып алуына толық құқы бар.

– Оларды ешкім қадағаламайды ма?

– Қадағалайды. Жақында Ұлттық банк сондай шағын несие беру ұйымының лицензиясын қайтарып алды. Бірақ біздің заңда бастапқы қаржысы бар адамның барлығы ЖШС ашып несие берумен айналыса алатындай жағдай жасалған. Менің ойымша бұл салада үлкен жемқорлықтың бары байқалады.

– Өзгенің атынан несие рәсімдейтін алаяқтардан сақтанудың жолы бар ма?

– Бұл өте сирек кездеседі. Себебі біреудің атынан несие алу өте қиын. Жолдан жеке куәлік тауып алып соның атынан несиеге онлайн тапсырыс берген күнің өзінде біреудің банк картасына ақша аударылмайды. Егер жеке куәлігімен банк картасын бірге жоғалтып алған жағдайда оның атынан несие рәсімдеуі мүмкін.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға