Жаңалықтар

Үш ғасырмен тілдескен термеші

Термеші Әбіш ӘДІЛБЕКОВПЕН сұхбат
06.10.2015 10:26 6239

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша биыл Қазақ хандығының 550 жылдығына орай елімізде бірталай ізгі шаралар жүзеге асырылуда. Тағылымы терең аталмыш мерейлі мерекенің қазақ елі үшін тарихи маңызы айрықша. Бұл тұрғыда түрлі мекемелермен бірге, қарапайым азаматтарымыз да барынша өзіндік үлестерін қосып отыр. Соның бірі – прокуратура саласының маманы, білікті заңгер, ұлттық өнер саласында да өзіндік қолтаңбасы бар өнерпаз, әнші-термешілер конкурстарының бірнеше дүркін  жүлдегері болған Әбіш ӘДІЛБЕКОВПЕН әңгімелескен едік. 

Үш ғасырмен тілдескен термеші

– Әбіш аға, жақында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ғасырлар үні» атты үнтаспаңыз жарық көрді. Алаш азаматы ретінде қосқан бұл үлесіңіз бабалар тарихына тағзым тәрізді?

– Қазақ мемлекетінің тарихы біздің дәуірімізге дейінгі сонау сақ, ғұндардан басталып, Үйсін, Қаңлы мемлекеттерінен, VІ ғасырда Түрік қағанаты, X–XІІ ғасырлардағы Қарахан мемлекеті, XІІІ–XІV ғасырлардағы Алтын Орда, Көк Орда, Ақ Ордадан тамыр жаяды. Қазақ мемлекеті – солардың заңды мұрагері ретінде ғасырлар бойы өмір сүріп келген, атақоныс мекенінде пайда болған мемлекет. Тарих беттеріне үңілсек, XV ғасырда Қазақ хандығы болып жеке шаңырақ көтерген Жәнібек пен Керей хандардан бастап, XІX ғасырдағы Кенесары ханға дейін  қазақ халқын 38 хан басқарған. Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» сияқты әдеп-ғұрыпқа негізделген ел басқарудың заңдары мен ережелері, ғасырлардан жалғасқан сот жүйесін қалыптастырған Билер институты болды. Бүгінгі ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы осы бабалар жолын жемісті жалғастырып отыр.

Бұл айтылған деректер нақты тарихи шындық, балтамен шауып өшіре алмай­сың.  Халқымыз зар замандарда небір аласапыран соғысты басынан өткеріп, мың өліп, мың тіріліп, жойылып кетпей, ұлт ретінде сақталып, тарих көшінен қалмай, бүгінгі күнге жетті. «Қазақ ел болсын!» деп бүгінгі кең-байтақ даланы оған ешкім сыйлыққа бере салған жоқ. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, ақыл-пара­сатымен қазақ халқы сыртқы жаулар­дан қорғап, ұрпағына мұра ретінде қалдырды. Сөйтіп, міне, бүгін әлем таныған, дүние жүзін терең тарихымен таңқалдырған Қазақстан Республикасына айналып отыр. Сондықтан, Қазақ хандығының 550 жылдығы – еліміздің ұлы мерекесі. Осы айтулы мерекеге әрбір Қазақстан азаматы өз үлесін қосары анық. Мен де ұлт перзенті ретінде өз үлесімді қосып отырған жайым бар.

– «Ғасырлар үні» атты жинағыңызға көне ғасырлардың қандай жауһар жырлары енгізілді?

– Негізгі қызметім заңгер болғанымен, жасымнан ән салып, күй шертіп, жыр-терме айтып келемін. Жақында  Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ғасырлар үні» атты екі дискіден тұратын үнтаспам жарық көрді, оған XVІІІ–XX ға­сырларда ғұмыр кешкен ақын-жыраулардың жыр-термелері енді. Жинақтың бір ерекшелігі, мұндағы шығармалар бұрын жарыққа шықпаған тың туындылар болып табылады. Бұлар мұрағаттан, ел аузынан, ертеректегі басылымдардан жинаған менің талай жылғы еңбегімнің жемісі десе де болады.

Бұдан бір жыл бұрын «Ұлт рухы» атты жыр-терме, толғаулардан тұратын үнтаспам жарық көріп, халыққа таратылған еді. Соның заңды жалғасы ретінде жарық көріп отырған осы екінші үнтаспам да тыңдарманға жол тартты.

Бұл үнтаспа Қазақ хандығының 550 жылдығына арналғандықтан, «Абылай хан» дастанынан басталып, Қабанбай, Райымбек, Сұраншы батырлардың ел тәуелсіздігі жолындағы сыртқы жаулармен шайқастары жайлы жырлана келіп, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен кейін қазақ халқының қырғынға ұшырап, ата­мекеннен жыраққа көшуі және 1932 жыл­ғы ел басына түскен нәубет – ашаршылық жайындағы жырмен  аяқталады. Сонымен қатар, Қабан жырау, Бақтыбай, Сүйінбай, Құлмамбет, Бөлтірік, Асан, Кенен, Көдек, Шарғынның інжу-маржан термелері айтылады.

Үнтаспаға пікір жазған Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ермұрат Үсенов менің аталған үнтаспадағы жыр-термелерімді қазақ өнеріне қосылған үлес деп жоғары бағалап, мұндай жыр-жинақтың Жетісу жыр мектебі үлгісінде тұңғыш рет жарыққа шығып отырғанын және оның жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің бірден-бір жолы екенін атап көрсеткен.

Кезінде Жетісу өңірінде жыршылық-термешілік мектептің туын көтерген жыраулар, яғни  «Мың бір түнді» 30 күн жырлаған Құлмамбеттің,  қырғыздың «Манасын» күн-түн жырлаған Бөлтіріктің, шығыстың лиро-эпостық жырларын айлап жырлаған Қабан жыраудың, тағы басқа таланттардың жыршылық дәстүрі үзіліп қалды. Аз да болса, осы олқылықтың  орнын толтыру мақсатында әрі жас ұрпаққа үлгі, жол болсын деген ниетпен  аталған үнтаспаны жарыққа шығардым.

– Көне ғасырлардың күмбірі естілетін жинақтағы жырлардың тарихына тоқтала кетсеңіз.

– Шығыс түркістандық Ә.Нәбиұлының «Абылай хан» дастанында бала Әбілмансұрдың  ел кезіп жүріп Төле биге келіп, Сабалақ атанып түйе бағуы, одан  Бөгенбай батырға еріп, қазақ жасағына қосылуы, жекпе-жекте жоңғар ханзадасы Шарышты өлтіруі, жауды жеңіп, хан Абылай атануы көркем тілмен  жырланады.

Саршауаш жыраудың Қабанбай батырмен арыздасуы халқымыздың бұрыннан келе жатқан дәстүрі, алайда, қазіргі кезде ұмыт болған, яғни Қабанбай батырдың өмірден өтер алдында қатты сырқат екенін естіген үйсіннің игі жақсылары, ішінде батырлардан – Наурызбай, Қойкелді, Райымбек бар, көңіл сұрауға барады. Бұл топта Қабанбайдың тұстасы – албан Саршауаш жырау да болады. Жалайырдан Ескелді би бастаған ел ағалары барады. Үш күн жатып, Қабанбайдың көңілін көтеріп, өткен күндерден әңгіме-дүкен құрады. Саршауаш жырау батырдың ерлік жорықтарын жыр етіп, дәстүр бойынша арыз­дасқан (қоштасқан) екен. Осыдан кейін батыр басын көтеріп, атқа мінуге жарап, жайлауға көшіп барғанда дүние салады.  Бұл арыздасу  3 ғасыр өткен соң халқымен қайта қауышып отыр.

XVІІІ ғасырда өмір сүрген Сабдалы жыраудың «Райымбек батыр» дастанында Райымбек батырдың Көкпекті жазығында болған үлкен ұрыста бір күнде қалмақтың 17 батырын жекпе-жекте өлтіргені, Ағанас ханның басын алғаны, тапқырлық таны­тып, өткел бермес Іле өзенінен қалың жасағын аман алып өткені жайлы ерліктері және шайқаста  бірге жүретін ақ бурасының Хантәңірінің баурайынан батырдың денесін бірнеше күн жол жүріп, еш жерге шөкпей, Алмалы қыстағына (қазіргі Ал­маты қаласы) жеткізгені жайында баяндалады.

Жамбыл бабамыздың дастанында Қарасай батырдың ұрпағы Сұраншы батыр қырғыздың қалың қолымен жалғыз өзі шайқасып, Орман ханды найзамен түйреп өлтіретін ерлігі баяндалады.

XVІІІ ғасырда ғұмыр кешкен Қабан жыраудың термелері философиялық ойдың тереңдігімен, халықтық інжу-маржан сөздерімен ерекшеленеді. Бақтыбай, Сүйінбай, Құлмамбет, Кенен, Асан, Жүсіпбек қожа, т.б. үнтаспадағы ақын-жыраулардың жыр-термелері жайлы да осылай деуге болады. Асан Барманбекұлының «Бодандық қасіреті», «Бодан болдық жат жұртқа» дастандары, аты айтып тұрғандай, патшалық Ресейдің ХІХ ғасырда отарлау саясатынан зардап шеккен қазақ халқының аянышты тағдыры көркем тілмен  суреттеледі.

– Көне ғасырлардың шырайлы шежі­ресін шертетін ғибратты жырларды наси­хаттаудағы көздеген басты мақсатыңыз бүгінгі Батысқа еліктеген жастардың жүрегін туған тамырына жақындату болар? 

– Ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-байтақ даламызда ел басқарған хандар, қол бастаған батырлар мен сөз бастаған би-шешендер аз болған жоқ. Олардың елін, жерін қорғаудағы ерлік істерін дәріптеп, кейінгі ұрпаққа жеткізуші ақын, жыраулар ұлттың рухын асқақтатып отырған. Нақты оқиға желісіне құрылған батырлар жырлары мен қисса, толғауларды бойына сіңіріп өскен ұрпақтың бойында ұлттық намыс, ұлтқа тән мінез қалыптасады. Ұлттың болашағы – ұлт рухында. Рухы мықты халықты ешкім басынбайды. Адамның рухы жоғары болуы үшін рухани азық керек. Рухани азықты ұлттық өнерден аламыз, яғни ән-күй, терме, жыр, шешендік сөздер, айтыс. Адамға ауа қандай қажет болса, рухани азық сондай қажет.

Ұлттық өнер – бабаларымыздан қалған халқымыздың асыл мұрасы. Осы мәдени мұраны дәріптеу – біздің үлкен міндетіміз. «Ғасырлар үні» атты дискісін шығарудағы көздеген мақсатым – ұлттық рухты дәріптеу, яғни бабалардың асыл мұрасы – жыр-термелерді жырлау арқылы ұлт рухын ұлықтау. Сонымен қатар, басты мұратым – бабалар аманатын орындау, олардың асыл сөзін жас ұрпаққа жеткізу, ұлттық тәрбиені насихаттау, жастардың жүрегінде ұлтына деген мақтаныш сезімін ояту, өз елінің өнері мен мәдениетін құрметтеу қасиетін қалыптастыру. Қазақ елінің тарихына рухани сүйіспеншілікпен қарап, оқуға қызығушылығын ояту болып табылады. Ұлттық рухтың негізі – ұлттық намыста болғандықтан, ұлттық намыс пен ұлтқа тән мінез қалыптастыру қажет. Ұлттық тәрбие беру дегеніміз – ұлттық өнерді және ұлттың салт-дәстүрін дәріптеу. Негізі,  қазақ халқы ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен дана халық. Тарихқа зер салсақ, елді басқару жүйесі де ерекше болғанына куә боламыз. Билікке ақыл-парасатымен жеткен, озық ойдың көрінісі деген, міне, осы. Азаматтың абақтыға салмаған, жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған, 12 жасында билік айту қай халықта бар? Жеті атаға толмай қыз алыспайтын қазақ халқы – қаны таза, уәдеге берік, досқа адал ел. Қайыршы деген мүлде атымен болмаған. Қарияларымыз қастерлі болған. Жастар үлкеннің алдын кесіп өтпеген. Жігіттің үйленбей қалуы, қыздың тұрмысқа шықпай қалуы болма­ған. Қарттар үйі, жетімдер үйі деген түсінік мүлде жоқ. Мінеки,  біздің бабалар осындай болған, қалай мақтансақ та жарасады. Мынадай ұланғайыр даланы қорғап қалу да даналық.

Ерекше назар аударатын бір жағдай, қазақ хандары да текті болған. Басқа ұлттардың хандары алтын тақ үшін баласы әкесін, ағасы інісін өлтіре береді, біздің тарихымызда ондай оқиға болмаған.

– Демек, рухани қазынаға айналған жырлар дәуірлердің демін, сан ғасырлардың лебін сездіретін, халықтың өткен өмірін көрсететін айна дейсіз ғой?

– Тарих деген – сол елдің жүріп өткен жолы, әдет-ғұрпы, дәстүрі, өнері. Халқымыздың тарихын білу – біздің асыл парызымыз. Өзінің ата-тегі мен елінің тарихын білу – әрбір адамның міндеті. Әрбір адамның өмірі сияқты әрбір мемлекеттің тарихы бар. Тарихын білмеу ұлтсыздыққа апарып соғады. Тарихын білмеген адам азамат бола алмайды. Шыққан тегіңді білу, ана тіліңді білу – бабалар жүктеген міндет. Біле білсек, ақыл мен парасаттылықтың  және  имандылықтың белгісі – термеде. Терме дегеніміз – мақал-мәтел, өнеге, өсиет сөздерден тұратын философиялық көркем туынды. Оның мақсаты – адамгершілік қасиетті уағыздау, адамгершілікке жат мінез-құлықтан сақтандыру, жас ұрпақты адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Ерлік пен елдіктің белгісі батырлар жырында жатыр. Батырлар жыры дегеніміз – белгілі бір оқиғаның желісіне құрылған поэзиялық көркем шығарма. Онда аты аңызға айналған батырдың елін, жерін жаудан қорғаудағы көрсеткен ерліктері, жекпе-жекте жауды жеңген батырлығы мен отансүйгіштігі баяндалады.

Даналық пен көсемдік – шешендік сөздерде. Бабаларымыздың жүріп өткен жолы ерлікке, даналыққа толы. Қазақ елінің бостандығы үшін бабаларымыз қанын төгіп, жанын берді. Өзін-өзі сақтап қалған халық – нағыз батыр халық. Мен осы халықтың перзенті болғанымды мақтан тұтамын.

Өмірлік басты мақсатым – өнеріммен де, қызметіммен де ұлтқа қызмет ету. Соның бір айғағы, биыл мамыр айында «Нұр Отан» партиясының  қолдауымен Қазақстанның солтүстік облыстары, яғни, Петропавл, Көкшетау, Павлодар, Семей қалаларында Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін дәріптеп, университет студенттері мен музей қызметкерлеріне Абылай хан, Қабанбай, Райымбек батыр дастандарын жырлап, терме-толғауларды айтып, ұлт рухын асқақтатып қайттым. Студенттердің қазақ тарихына деген, жыр-термелерге деген қызығушылықтары ерекше болды, кездесулер өте әсерлі өтті.

«Жастар – біздің болашағымыз» дейміз. Егер жас ұрпақ өз елінің тарихын білмесе, олардан Отанын сүйген патриот шықпайды. Сондықтан елі мен жерінің тағылымды тарихын білу – оларға бірінші міндет. Бұл жолғы мақсатым – жас ұрпаққа Отанды сүюдің, ұлтқа  қызмет етудің үлгісін көсету еді, ол орындалды.  Жастар өте жақсы қарсы алды.

Сонымен қатар, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу мақсатында биыл ақпан-наурыз айларында Алматы облысының Райымбек, Қарасай, Жамбыл, Еңбек­шіқазақ, Талғар ауданы мен Алматының кейбір мектептерінде батыр бабаларымыздың ерен ерліктерін жырлап, інжу-маржан термелерін айтып, жыршылық дәстүрді насихаттадым.

Бұдан басқа, Райымбек ауданының елдімекендерінде Қазақ хандығының 550 жылдығын дәріптеп, көпшілікке тегін концерт қойып қайттым, сөйтіп XVІІІ- XX ғасырларда халқы үшін ғұмыр кешіп, тәуелсіздіктің  жаршылары  болған  ақын-жыраулардың жыр-термелерін туған халқымен табыстырдым.

Ендігі биік мақсат – Қазақ хандығы­ның 550 жылдық мерекесін шет ел жұрт­шылығына дәріптеу.

– Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан Балнұр АХМЕТ

(Материал «Алматы ақшамы» газетінен алынды)

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға