Жаңалықтар

Ұшқың келсе, жүзуді үйрен!

Әуедегі қызмет
13.07.2016 10:48 12959

Төмендегі материалда оқырмандарымыздың назарына әуедегі қызмет туралы қызықты мағлұматтарды ұсынбақпыз.

Ұшқың келсе, жүзуді үйрен!

Сонымен, бортсеріктердің сыртқы келбетіне қойылатын талаптар мынадай:

Әрбір әуе компаниясы стюардтар мен стюардессаларды өз шарттары бойынша таңдайды. Үміткердің көрікті, сымбатты, мұнтаздай әрі әрдайым адамдарға қолұшын созуға дайын болғаны абзал. Бұл қызметке бойы кем дегенде 165 см болатын қыздар мен бойы 170 сантиметрден жоғары жігіттер шақырылады. Олардың бойы қалай анықтайды? Әңгімелесу кезінде мамандар үміткерден қабырғадағы сызыққа қолын созып тигізуін сұрайды. Неліктен бортсеріктердің бойына ерекше мән беріледі? Себебі, аспаптар мен дәрі-дәрмектер тұратын үстіңгі сөреге олардың қолы жетуі тиіс. Сонымен қатар, үміткерлердің шынайы күле білетіндігі мен сын сағатта өңінің бозарып кетпеуі де жоғары бағаланады. Жолаушылар әрдайым стюардессаларды мұқият бақылап отырады. Сондықтан, олардың үрейленген, қорыққан жүзін көрсе, бортта бірдеңе болды деп ұғып, алаңдай бастайды. Сондықтан, іріктеу комиссиясының мүшелері үміткерді бастан-аяқ зерттейді.

Денсаулыққа қойылатын талаптар:

Бортсерік болу үшін терең медициналық тексерістен өту керек. Бұл ретте сізді болмашы сырқаттың өзі сүріндіруі мүмкін. Әбден жазылғанша бұл қызметке тұра алмайсыз.

Білім деңгейіне қойылатын талаптар:

Стюардесса не стюард болу үшін арнайы білімнің қажеті жоқ. Бірақ, үміткердің жоғары білімі болуы міндетті. Қызмет көрсету саласындағы білімі мен жұмыс тәжірибесі болса, тіпті керемет! Тағы бір маңызды мәселе – оның тіл білімі. Егер, сіз Жер шарын аралауды армандасаңыз, ағылшын, қазақ және орыс тілдерін міндетті түрде білуге тиіссіз. Әңгімелесу бірден үш тілде өтеді. Сондықтан, қай тілде сұрақ қойылған болса, сол тілде жауап қайтаруыңыз керек. тиіс. Тағы бір талап – үміткердің жүзе білуі. Әуе компанияларының тарихында алып ұшақтардың суға батып, адамдар аман қалған жағдайлар мыңдап саналады. Сондықтан, жүзе алмайтын бортсеріктер бұл жұмысқа жарамайды.

Ұшқың келсе, жүзуді үйрен!

Өзін жоғарыдағы барлық талапқа сай деп есептейтін азаматтар әуе компанияларының сайты арқылы байланысқа шығып, түйіндемелерін тапсыра алады.

Бортсеріктерді қалай оқытады?

Оқудың алғашқы курсы (кәсіптің теориялық негіздері мен қажетті дағдыларды түзу) бір жарым айға созылады. Ол Алматы қаласындағы Азаматтық авиация академиясында өтеді. Одан кейін әуе компаниялары тәжірибе жинақтаушы азаматтарды халықаралық сертификаттау-оқу орталықтарына жібереді. Мысалы, «Air Astana» компаниясы стюарттар мен стюардессаларды Германиядағы «Кондор» әуе компаниясының оқу орталығында оқытады. Ол жерде болашақ бортсеріктер жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдерін меңгереді. Суға құлау, шайқалу, жарылыс сияқты сан түрлі төтенше жағдайларда өздерін қалай ұстауды үйренеді.

Бәрін айттық, енді бұл кәсіптің кемшін тұстарына да тоқталайық. Бортсеріктер зейнетке тым ерте шығады. Сағат белдеулерінің ауысуы, ұшу мен қону жағдайында болатын өзгерістер (ұшақ үлкен болған сайын, теріс ықпалы көбейеді) ағзаға кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ, сапар барысында стюардтар мен стюардессалар жолаушыларға тігінен тік тұрып қызмет етеді. Көбіне қыз балалардың биік өкшелі туфлиден аяғы ісініп кетеді. Ұшақтағы ауа жердегі ауаға қарағанда анағұрлым құрғақ болғандықтан, адамның терісі  мен шашы құрғап, тыныс алу жүйесі де әлсірейді. Сонымен қатар, бортсеріктердің қызметінде күн мен түн ауысып кететіні де белгілі. Осы себептердің әсерінен бұл кәсіп иелері зейнетке «жердегі» өзге мамандық иелеріне қарағанда ерте, яки, 45 жасында шығады. Айтпақшы, оларға 60 күндік еңбек демалысы сияқты жеңілдіктер ұсынылған.

Жұмыстағы ең жақын достарыңызбен өмір бойы бір экипажда жұмыс істеймін десеңіз, қатты қателесесіз. Бортсеріктер аспанда бір-бірімен сирек кездеседі, тіпті жолықпайды деуге болады. Өйткені, олардың әрқайсысының жеке кестесі түзілген. Әр жолы жаңа борт, жаңа экипаж, жаңа бағытқа тап болады.  Әуе компаниялары мұндай қадамды қауіпсіздік үшін істейді. Әдетте, адамдар өздеріне етене таныс адамға көбірек сеніп, бейғамдыққа берілуі мүмкін. Ал аспанда ешқандай қателікке жол беруге болмайды.


Әзірлеген – Жансая ТӨЛЕГЕН

Сурет: airastana.com

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға