Жаңалықтар

ШҚО ардагерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды

ШҚО ардагерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды
06.05.2015 11:01 5096

Өскеменде облыс әкімі Даниал Ахметов ҰОС ардагерлерін және оларға теңестірілген тұлғаларды, майданда мерт болғандардың рухын жаңғырту жұмыстарына қосқан қомақты үлесі үшін ардагерлік ұйымдардың мүшелерін, белсенді азаматтарды салтанатты түрде мемлекеттік наградалармен марапаттады. 

ШҚО ардагерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қаулысына сәйкес, мемлекетке сіңірген еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі үшін және 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай шығысқазақстандық ардагерлер мен белсенді азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Аймақ басшысы Даниал Ахметов «Құрмет» орденін Георгий Гудков, Константин Гуслев, Салих  Сабилянов,  Григорий Северушенков, Токтағазы Тлеубаев, Анатолий Коротковқа табыс етті. Орденге ие болғандардың бесеуі Ленинградты, Белоруссияны, Курск доғасын және Жапонияны азат етуге қатысқан соғыс ардагерлері болса, Анатолий Коротков Лениногорск комбинатында 38 жыл еңбек еткен тыл ардагері.

ШҚО ардагерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды

Сондай-ақ, Жапонияны азат ету ұрыстарына қатысқан соғыс ардагері Елеусіз Қинбаев және тыл ардагерлері Клавдия Гаврилко мен Мария Колмакова «Ерен еңбегі үшін» медальдарімен марапатталды. Ал Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы тыл ардагерлері Майра Бағдатова мен Бұлқанов Төкенге, мемлекеттік қызметке ширек ғасыр ғұмырын арнаған Төлеухан Әбілқасымовқа табысталды.

ШҚО ардагерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды

– Ардагерлер – еліміздің мақтанышы. Бүгінгі басымыздағы бейбіт заман сіздердің арқаларыңызда орнады. Ерліктеріңіз бен ел үшін еткен еңбектеріңіз – болашаққа қадам басқан жас ұрпаққа шамшырақ іспетті қызмет етері сөзсіз.  Баршаңызға зор денсаулық тілеймін. – деді Д.Ахметов.

Ұлы Отан соғысы жылдары Шығыс Қазақстаннан майдан даласына 170 мың адам аттанып, оның 96 мыңы оралмаған. 109 ардагер Кеңес одағының батыры атағына ие болса, 22 шығысқазақстандық ең жоғарғы сарбаз наградасы – Құрмет орденінің толық Кавалері атағына ие болған. Сондай-ақ, облыстың 9 мың тыл ардагері «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медальдарімен марапатталған.

Бүгінгі күні ШҚО-да 579 ҰОС ардагері мен 27 468 тыл ардагері бар. Шығысқазақстандық ҰОС ардагерлеріне барлық бюджет көздерінен 500 мың теңге көлемінде бір мезеттік ақшалай төлем табыс етілді. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен ҰОС ардагерлеріне шипажайлар мен демалыс орындарына тегін жолдама беріледі.


ШҚО Ақпараттық орталығы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға