Жаңалықтар

Сейсмикалық өңірлердегі құрылыс қауіпсіздігі талқыланды

Бұл туралы ИИДМ мәлім етті
Сейсмикалық өңірлердегі құрылыс қауіпсіздігі талқыланды
Фото: gov.kz 10.02.2023 16:13 811

Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтында сейсмикалық белсенді өңірлерде индустриялық құрылыстың қауіпсіздігін арттыру мәселелері жөнінде халықаралық кездесу өткізіліп, оған қазақстандық ғалымдармен қатар Германия, Қырғызстан, Ресей Федерациясы және Өзбекстаннан келген мамандар да қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Аталған жиында сарапшылар индустриялық құрылыс технологияларын қолдана отырып, салынған ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикаға төзімділігін нығайту жолдарын пысықтады.

«ТошуйжойЛИТИ» АҚ-ның (Өзбекстан) сейсмикаға төзімді құрылыс бөлімінің меңгерушісі Шамиль Хакимовтың айтуынша, сейсмикаға төзімді құрылысқа қатысты мәселелер құрылыс ғылымындағы ең күрделі сала саналады.

«Ғылыми қызметкерлер жер сілкінісіне төзімді құрылыс жобаларын жүзеге асыруды міндетті түрде сүйемелдеуі тиіс», - деді Шамиль Хакимов.

Бұл ретте өзбекстандық маман «ҚазҚСҒЗИ» АҚ зертханалық-сынау базасының маңыздылығын ерекше атап, оның бірізді сынақтардың торабынан натуралық сынақтардың моделін іске асыруға мүмкіндік беретінін жеткізді. Қазір «ҚазҚСҒЗИ» АҚ ғылыми қуат көздері отандық ModeX зауытында өндірілетін дайын құрылыс модульдерін сынақтан өткізіп, пайдаланылып келеді.

Құрылыс саласына цифрлы шешімдерді ұсынатын германиялық Allbau Software GmbH компаниясының директоры Владимир Шкатов айтқандай, үлгілік жобаларды сараптаудан бөлек жекелеген жобаларды да іске асырудың жолдарын қарастырған жөн.

Орталық Азияның нарығына деген қызығушылықты Vollert компаниясының ТМД/Ресей елдеріндегі сату жөніндегі атқарушы директоры Игорь Чуков та растады.

Бұл ретте «ҚазҚСҒЗИ» АҚ бас директоры Бегман Құлбаев халықаралық құрылыс компанияларының Қазақстан мен ТМД-ның нарығына шығуын құптайтынын, сондай-ақ олардың қызметін ҚР заңнамасының талаптары мен нормаларына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында құрылыс өнімдерінің жаңа өндірушілеріне қажетті ғылыми-техникалық сүйемелдеуді ұсынуға дайын екенін айтты.

«Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, сейсмикалық тәуекел карталарын өзектендіру бойынша Орталық Азияның басқа мемлекеттерімен әріптестік байланыс орнатқанын айта кетейік. Осы жұмыстың нәтижесінде Орталық Азия өңіріне арналған сейсмикаға төзімді құрылыстың үйлестірілген нормалары және сейсмикалық тәуекелдердің бірыңғай картасы дайын болатынына сенеміз. Сейсмикаға төзімді құрылыстың бірыңғай стандарттарын енгізу халықаралық ынтымақтастықты дамытуға айтарлықтай үлес тигізеді деп ойлаймын», - деді Бегман Құлбаев.

Бұдан бөлек қатысушылар Сейсмикаға төзімді құрылыс жөніндегі халықаралық сарапшылар қауымдастығының (Қырғызстан) ТМД елдеріндегі құрылыс қауіпсіздігін арттыруға байланысты халықаралық әріптестіктің қозғаушы тетігі ретіндегі басымдығын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға