Жаңалықтар

«Серпін» бағдарламасына қатысушылардың басым бөлігі Түркістан облысының тұрғындары

«Серпін» бағдарламасына қатысушылардың басым бөлігі Түркістан облысының тұрғындары
Фото: otyrar.kz 03.02.2024 05:18 777

Елімізде «Серпін» бағдарламасына қатысушылардың басым көпшілігі Түркістан облысының тұрғындары. Бұл туралы облыстық «Жастар орталығы» мекемесінің басшысы Ернар Бектаев Өңірлік коммуникациялық қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Спикердің айтуынша, былтыр «Серпін - 2050» мемлекеттік бағдарламасы бойынша республикаға бөлінген 3 653 гранттың 983-іне Түркістан облысының талапкерлері ие болды.

«Жалпы аталған жобаға түркістандық жастардың қызығушылығы жоғары. Айта кететін жайт, серпіндіктердің 70-90 пайызы тұрақты жұмысқа орналасады. Биыл да 1 мыңнан астам маман бітіруші түлектерге бағдарлама аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады. Қазіргі таңда жоспарға сәйкес жұмыстар басталып та кетті,- дейді Ернар Бектаев.

Брифинге қатысқан С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қабылдау комиссиясының басшысы, «Серпін» штабының жетекшісі Лейла Байжұманованың айтуынша, бүгінде Түркістан облысының аудан-қалаларында бағдарлама бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек штаб жетекшісі аталған оқу орнында биыл 700 гранттың бөлінгендігін, оның 200-і «Серпін» бағдарламасы аясында берілетіндігін айтты.

Айта кетсек, аталған жобадағы Түркістан облысы жастарының үлесі – 2018 жылы жалпы берілген 5 000 гранттың 67,3%-ын, 2019 жылы 5 100 гранттың 45%-ын, 2020 жылы 5 100 квотаның 2 100-ын құрады. Сонымен қатар, 2021 жылы 5 600 грантқа 979 студент, ал 2022 жылы 3 600 грантқа 1 мыңға жуық оқушы «Серпін» бағдарламасының қатысушысы атанған.

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға