Сербия құрамасының бұрынғы футболшысы матч кезінде қайтыс болды
Сербия құрамасының бұрынғы футболшысы Деян Милованович ардагерлер арасындағы матч кезінде қайтыс болды. 41 жастағы спортшы «Црвена Звезда» командасының ардагерлері сапында алаңға шыққан еді, алайда ойын барысында оның жүрек талмасы ұстап қалған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
L'Équipe мәліметінше, Миловановичке «инфаркт» диагнозы қойылған. Ол гол соққан соң арада бірнеше минут өткенде есінен танып қалған. Оқиға орнына жедел жеткен дәрігерлер футболшыны аман алып қала алмады.
Спорттық мансабында Милованович Сербияның «Црвена Звезда» және «Вождовац» клубтарында, Францияның «Ланс» және Грекияның «Паниониос» командаларында өнер көрсетті. Сондай-ақ ол Сербия құрамасы сапында екі матч өткізген. 2006 жылы Деян Сербия чемпионатының ең үздік ойыншысы деп танылған.

