Жаңалықтар

Сенімсіз қорлар арқылы қайырымдылық жасамаймын – Аймағамбетов

Сенімсіз қорлар арқылы қайырымдылық жасамаймын – Аймағамбетов
Фото: ©El.kz 20.11.2024 13:41 347

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қайырымдылық қорларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл жерде тәуекелдер бар екенін баяғыдан айтып жүрміз. Жалпы мемлекеттік қаражат есебінен де тиісті қорлар бар. Тіпті Самұрық-Қазынаның арнайы қайырымдылық қоры бар. Менің ойымша, бірінші кезекте квазимемлекеттік ұйымдардың қайырымдылыққа жұмсайтын қаражатын жақсылап тұрып қарауымыз қажет. Менің ұстанымым – бюджеттен шығатын қаражат толығымен бақылауда болуы керек. Квазимемлекеттік ұйымдар егер қайырымдылықпен айналысамын десе, ол да жақсы, бірақ бірінші кезекте ашықтық қамтамасыз етілуі қажет, - деді мәжілісмен. 

Депутат соңғы кездері елімізде бюджеттен тыс әртүрлі қорлардың пайда болғанын атап өтті. 

Мен Бюджет кодексінің талқылауына осыған қатысты түзетуді бердім. Меніңше, бірінші кезекте мемлекеттің және квазимемлекеттің түрлі қорларын есепке алып, олардың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Әрине, тәуекелдер бар. Оны саралап, дұрыс шешім қабылдауға тиіспіз. Халықтан жиналатын ақша бойынша да нақты ережелер болғаны дұрыс. Қазақстандықтар көмек беруге әрқашан дайын тұрады. Оны жауып тастап, тек бір қордан ғана жұмыс істете алмаймыз. Бірақ бұл мәселені реттеу маңызды. Жалпы өзім «жауып тастайық», «тыйым салайық» деген шешімдерге сенбеймін. Өйткені тыйыммен көп мәселені шешу мүмкін емес. Сол себепті реттеу керек. Оны қалай реттеу керегін талқылап, оған ғылыми тұрғыдан қарауымыз қажет, - деп түсіндірді ол. 

Аймағамбетов ең алдымен қоғам тарапынан бақылау болуы керегін атап өтті. Оның ойынша, ашықтықты қамтамасыз ететін ережелер болуы қажет. 

Мен өзім білетін қорларға қайырымдылық жасаймын. Себебі мен олардың сайттарына кіріп, есептерін көріп отырмын. Әр тиынның қайда жұмсағанын көріп отырмын. Сондықтан мен оларға сеніп, өз көмегімді көрсетемін. Кейбір қорларға сенбеймін. Сол себепті ондай қорлар арқылы қайырымдылық жасамаймын. Бұл қордың бар екені туралы шын мәнінде менде ақпарат болған жоқ. Баяғыдан келе жатқан тарихы бар, мысалы Аружан Саинның және тағы басқа қорларды білемін, ал бұл қор туралы менде мағлұмат болған жоқ, - деді Аймағамбетов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға