Жаңалықтар

Сенатта Қазақстан мен Түркия арасында жүк тасымалы туралы заң мақұлданды

Сенатта Қазақстан мен Түркия арасында жүк тасымалы туралы заң мақұлданды
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі 18.04.2024 11:45 1024

Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңы мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Түркия – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сәйкес, өткен жылы Қазақстан мен басқа елдер арасындағы ең көп тауар айналымы бойынша Түркия 5-орынға тұрақтаған. Алдыңғы қатарда тұрған Қытай (31,5 млрд доллар), Ресей (26,0 млрд доллар), Италия (16,1 млрд доллар) және Оңтүстік Корея (6 млрд доллар) елдеріне жол берген. Бұл ретте Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 6 млрд доллар, экспорт көлемі 3,6 млрд доллар, ал импортталған түркиялық тауарлар көлемі 2 млрд долларға жеткен, - деп атап өтті Сенат депутаты Әлібек Нәутиев.

Әлібек Нәутиевтің сөзінше, бүгінге дейін Түркияның Қазақстанға салған тікелей инвестициясының көлемі 5 млрд долларға жуықтаған. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті 10 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр.

Заң Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуды көздейді және екі ел арасында авто, темір жол және су көлігімен тасымалданатын жүктерді жеткізу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жүк тасымалдаумен айналысатын компаниялар саны да артады. Транскаспий халықаралық көлік бағытының мүмкіндігі зор. Осы орайда Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы тауар тасымалдап, одан әрі Баку-Тбилиси-Карс теміржол желісімен жүктерді жөнелту бойынша жұмыс жалғасатын болады, - деді ол.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңын Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 4-тармағына сәйкес мақұлдауды ұсынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға