Жаңалықтар

Сенатта «Масс-медиа туралы» заң мақұлданды

Сенатта «Масс-медиа туралы» заң мақұлданды
Фото: Коллаж El.kz 06.06.2024 10:42 716

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Масс-медиа туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сенатор Айгүл Қапбарова «Масс-медиа туралы» Заңға «Бұқаралық ақпарат туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» ҚР қолданыстағы заңдардың нормалармен бірге келесідей жаңалықтарды енгізу көзделгенін айтты.

Бірінші, мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына отандық контентті дамыту, Қазақстан Республикасының ақпараттық егемендігін нығайту және қорғау үшін гранттық қаржыландыру берілетін болды;

Екінші, бұқаралық ақпарат құралында жарияланған ақпараттар бойынша жеке немесе заңды тұлғалардың талап қою мерзімі бір жыл болып белгіленді;

Үшінші, БАҚ сұрауларын қарау мерзімі 7 жұмыс күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды;
Төртінші, БАҚ қызметіне өзін-өзі реттеуге, медиа саланы дамытуға мүмкіндік беру мақсатында ерікті негізде қоғамдық-кәсіптік кеңес құруға және журналистердің әдеп кодексін әзірлеуге мүмкіндік берілді;

Бесінші, Мемлекеттік тілдегі теле-радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемін 50%- дан 60%-ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту белгіленді (2025 жылдан бастап 55%, 2027 жылдан бастап 60%);

Алтыншы, отандық теле-, радио бағдарламалардың және қазақстандық авторлардың/орындаушылардың музыкалық шығармаларының отандық теле-, радиоарналардағы көлемін 50% - дан 60% - ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту (2025 жылдан бастап 55%, 2027 жылдан бастап 60%) көзделді;

Жетінші, отандық теле-, радиоарналардағы шетелдік бағдарламалардың ретрансляциясын 20% - дан 10% - ға дейін азайту% белгіленді;

Сегізінші, журналистің кәсіби қызметінің құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету жөнінде нормалар енгізілді.
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы арқылы 6 кодекске және 22 заңға «бұқаралық ақпарат құралдары» сөзін негізгі заңға сәйкес «масс-медиа» сөзімен ауыстыру мәніндегі түзетулер енгізілген.

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» ҚР заңымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде «Бұқаралық ақпарат туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» ҚР заңдардың бір заңның аясына біріктірулуіне байланысты оларға қатысты нормалар да бір баптың аясына біріктіріліп, «бұқаралық ақпарат құралдары» сөзі «масс-медиа» сөзімен ауыстырылды, - деп атап өтті Айгүл Қапбарова.

Баяндалғандардың негізінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңдары бірінші оқылымда мақұлданды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға