Жаңалықтар

Сенатор сапалы ауыз сумен қамтылмай отырған ауылдарды атады

Сенатор сапалы ауыз сумен қамтылмай отырған ауылдарды атады
Фото: Әкімдіктің баспасөз қызметі 19.10.2023 11:55 804

Сенатор Әлішер Сатвалдиев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына Түркістан облысының Сайрам ауданындағы инфрақұрылымның өзекті мәселелерін көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Сенатордың айтуынша, халықты сапалы ауыз су және электрмен қамтамасыз ету үшін инженерлік инфрақұрылымды шұғыл дамыту қажет.

Мәселен, Қарабұлақ ауыл округіндегі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. 59 мыңға жуық халқы бар ауыл округі тұрғындарының 60 пайызы ғана ауыз су құбырларына қол жеткізеді. Ауыл халқының 30-35 пайызы құдық және өздері қазып алған су ұңғымаларын пайдалануға мәжбүр. Тұрғындар арасында ішек ауруларына шалдыққандар бар. Ауыл көшелерінің жағдайы мәз емес, 70 пайызы жөндеуді қажет етеді, - деді сенатор.

Депутат сонымен қатар аудандағы халық санының өсуіне байланысты жаңа тұрғын үйлер салу қажеттігіне Үкіметтің назарын аударды. Ол сондай-ақ Сайрам ауданында жерге кезекте 56 мыңнан астам азамат тіркелгенін, яғни ауданның әрбір төртінші тұрғыны кезекте екенін хабарлады.

Осы мәселені шешу үшін Сайрам ауданының жер учаскелерінде инженерлік коммуникациялар салу жоспарланып отыр. Құны 891 миллион теңгеге жобалық құжаттама дайындалды. Сонымен қатар аудан тұрғындарын тұрақты электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында Ақсукент ауылынан қосалқы электр станциясын салу үшін құны 1,7 миллиард теңгені құрайтын жобалық сметалық құжаттар әзірленген. Жоғарыда аталған мәселелер бойынша барлық тиісті құжат рәсімделіп, республикалық бюджеттен қаржыландыру бойынша өтінімдер жолданған, - деді депутат.

Сенатор осыған байланысты Әлихан Смайыловтан «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында айтылған мәселелерді республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесін қарауды сұрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға