Сенатор игерілмеген қаржы соңғы 15 жылда ең жоғары көрсеткішке жеткенін айтты
Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев қаржы министріне игерілмеген қаражаттағы олқылық жөнінде депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Оның айтуынша, жоғары аудиторлық палатаның ақпаратында соңғы екі жылда игерілмеген қаражаттың күрт өскені байқалады. Мәселен, есепті кезеңде 81,3 миллиард теңге игерілмеген. Бұл өз кезегінде соңғы 15 жылда ең жоғары көрсеткіш болып отыр.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасынының қазақстандық учаскесінде өткізу пункттерін жаңғырту және техникалық жабдықтау жобасы бойынша 2021 жылы – 19,1, 2022 жылы – 14,4, және сыртқы шекара учаскесіндегі өткізу пункттерін халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкестендіруді ретке келтіру мен жабдықтау шеңберінде 16,2 миллиард теңге игерілмеген, – деді депутат.
Бұдан бөлек төтенше жағдайдың алдын алу, тұрғындарды қорғау мақсатында объектілерді салуға және реконструкция жүргізуге бағытталған 5,5 миллиард теңге пайдаланылмаған. 5,1 миллиард теңге көлеміндегі бюджет қаражаты жұмсалмағандықтан, 28 елді мекенге газ құбырлары жүргізілмеген. 2,2 миллиард теңге көлемінде жоспарланған мектептер салынбаған.
Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Осы олқылықтарды болдырмау мақсатында сіздердің ұсыныстарыңызды қолдадық, экономика, қаржы саласында қажетті заңнамалық базаны жасап бердік. Бұл проблеманы депутаттар бірнеше жыл бойы көтеріп келеді, алайда бюджет қаражатын толық игермеу үрдісі жылдан-жылға жалғасуда. Мұндай жағдайларға жол берген азаматтарға қандай шаралар қолданылды? – деді Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев.